28 Қыркүйек 07:53

Кім популист? Қаржыгерлер мен экономистер НЕГЕ дүрдараз?

Фото:

Тәжірибелі банкир Үміт Шаяхметова зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтарға беруді «популистік шара» деп атады. Оған танымал экономист Олжас Құдайбергенов фейсбукте жауап берді. Келесі жылы президенттің осы бастамасы экономистер мен банкирлер арасын біржолата суытуы мүмкін.

Елдегі ең ірі банк – «Халық банкі» төрайымы Үміт Шаяхметова Kazakhstan Growth Forumға қатысты да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана, білім алу мен емделуге жұмсауға рұқсат беру туралы тапсырмасын популистік шара деді. Шаяхметованың айтуынша, бұл – бір реттік спекулятивті көрініс және ол ақыр аяғында инфляцияның өсуіне алып келеді.

«Өкінішке қарай, бұл бастаманы салымшылардың тек 6 пайызы ғана пайдалана алады. Бұл – халықтың жақсы жалақы алатын бөлігі және олар зейнетақының бір бөлігін алуға мұқтаж емес жандар. Яғни, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бастаманың қызығын көрмейді. Бұл инфляцияға қысым жасайды және жылжымайтын мүлік пен құрылыс материалдарындағы алыпсатарлықты күшейтеді. Жинақтың алынатын бөлігіне салық салуға келетін болсақ, бұл – әділ шешім. Өйткені ережелерде жазылған»

Идея архитекторларының бірі, елдегі ең танымал қоғамдық экономисттердің бірі Олжас Құдайбергенов оған жауап ретінде 1240 сөзден тұратын пост жазды. Және бұқаралық ақпарат құралдарына егер осыған қатысты мақала жариялағысы келсе, сөзін бұзбай толық жеткізу қажеттілігін ескертті. Nege.kz автордың талабына сай, оның жазғанын толықтай жариялайды.

Фото: inbusiness.kz

«Популизм туралы. Жақында Үміт Шаяхметова зейнетақы ақшасын пайдалану – популизм, алыпсатарлыққа, инфляцияға және тағы басқа құбылыстарға алып келеді деді. Мұндай қате мәлімдемелер қазірдің өзінде осындай жоғары деңгейде айтылып жатқандықтан, кеңінен түсініктеме беру керек. Акционері Жоғарғы Президент кеңесінің мүшесі, елдегі ең ірі банк басшысының Президент шешімінің дұрыстығына күмән келтіретініне таңым бар. Қазір саяси, экономикалық қиын уақыт екенін ескерсек, мұндай мәлімдемелер оны жасаған адамның жағдайды толық түсініп отырмағанын аңғартады.

Қазіргі уақытта популизм өте көп. Мысалы, бензин, басқа тауарлар мен қызметтер тегін болады деп уәде берушілер, кредитті жаппай кешіруді сұрап жүргендер бар. Ал зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы идея тегін дегенді білдірмейді. Көптеген дамыған мемлекеттерде, адамдарға тұрғын үй мәселелерін шешу немесе емделу үшін жинақтың белгілі бір бөлігін алуға рұқсат бар. Бұл жерде зейнетақы жинақтары шын мәнінде кедейлерге емес, орта тапқа беріліп отыр. Естеріңізде болар, жағдайы төмен жандарға түрлі жеңілдіктер жарияланғанда, салық төлеп жүрген орта тап өкілдері өз ренішін білдіріп жатады.

Жалпы, популистік идеялардан айырмашылығы, мұнда, керісінше, орта таптың мінез-құлық моделі ынталандырылады – жұмыс істеңіз, заңға бағыныңыз, салық төлеңіз, сонда сіз зейнетақы жинағыңызды пайдалана аласыз.

Орта тап, өкінішке қарай, біздің елде аз болып шықты. Салымшылардың тек 7%-ы ғана. Халық табысының жоғары стратификациясын ескере отырып, осы 7% -ның көп бөлігі өз мәселелерін ішінара шешті деп болжауға болады. Олардың көпшілігі ипотекаға алынған баспанада өмір сүреді. Бірақ алдарында осы баспанасын кеңейту мәселесі туып тұр.

Тұрғын үй мәселесін толығымен тек 1% -ы ғана шешті деуге болады. Ал зейнетақы жинақтарын алайын деп отырған жандардың бәрінде үй бар деген тезис жалған.

Енді алыпсатарлық пен инфляцияға көшейік. 1,4-1,7 триллион теңгенің шамамен 60-70% -ы бұдан бұрын алынған ипотеканы өтеуге кететін сияқты. Демек бұл инфляция немесе алыпсатарлықты тудырмайды. Ипотеканың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілгендіктен, осы өтелген қаржы қайтадан тұрғын үй заемдарына бағытталуы керек. Сонда тұрғын үй қоры ұлғайып, құрылыс пен жұмыспен қамтылуда мультипликативті әсер болмақ. Сонымен қатар, қосымша бюджеттік қаражат жұмсалмайды.

Банкирлер алаңдап отырған бір түйткіл бар. Бұл қаражатты төлеу үшін Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ең алдымен өзі ұстап отырған Ұлттық банктің ноталарын сатады. Бұл – шамамен 150 миллиард теңге. Одан кейін қор банктерге орналастырылған салымдарды ішінара қайтара бастайды. Бұл кезде зейнетақы жинақтарын өзіне депозит қылып ұстап отырған банктерден ол қаржы алынады. Оның көп бөлігі банктерге қайта оралатыны анық, тек орналастыру енді БЖЗҚ-дан емес, нарықтан және басқа пропорцияда болады. Бірақ мұнда клиенттердің көңілінен шығатын банктер жеңіске жетеді. Ал кейбір банктер онымен мақтана алмайды».

Nege.kz сарапшылары ескерткендей, зейнетақы жинақтарын айтылған мақсаттарға жұмсау бойынша тәртіп 2021 жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Оған дейін құзырлы мемлекеттік органдар заңнамаға өзгеріс енгізіп үлгеруі қажет. Бастама шамамен 720 мың адамды қамтиды.  

Тегтер: