9 Қаңтар 19:56

ҚИҚ! Қор сатылып кетсе де, қызуы НЕГЕ басылмай тұр?

Фото:

Қаңтар оқиғасынан кейін жеке компанияға сатылып кеткен Қазақстанның инвестициялық қорына (ҚИҚ) мемлекет өз назарын қайта тігетінін кезінде NEGE жазған болатын. Қаржы сарапшысы Расул РЫСМАМБЕТОВТІҢ сөзінше, осы жекешелендіру фактісі бойынша тексеру басталған.

«Қазақстанның инвестициялық қоры» өткен жылы 10,6 миллиард теңгеге сатылды. Сонда Қордың шоттарында 9 миллиард теңге жатты, ал бағалы қағаздарының құны 4 миллиард теңге болды», – деп жазады Расул РЫСМАМБЕТОВ.

«Қордың жалпы құны 13+ миллиард теңге. Бірақ ол 10 миллиардқа сатылады. Қазақстан инвестициялық қорының нарықтық құны 100 миллион доллардан артық бағаланған»

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Инвестқорды сатып алу барысында жеке инвестор төлеген 10,6 миллиард теңге Ұлттық қорға аударылған. Енді ол ақшаны Ұлттық қордан кері қайтару мүмкін емес. Себебі, оған заңдық негіз жоқ. Ал мемлекет инвестициялық қорды өзіне қайтарғысы келсе, жекеменшік компанияның төлеген қаржысын орнына қоюы тиіс. Осындай қиындықтар бар.

Қаржы сарапшысының пікірінше, егер Қазақстанның инвестициялық қорының барлық активтерін сараласақ, оның балансынан құны 50 миллиард теңгеден асатын активтерді де табуға болады.

Семей тері-былғары комбинаты.

«Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында электронды сауда платформасында 2021 жылы сатылған болатын. Бұл операция «Қаңтар оқиғасына» бір жыл қалғанда жүзеге асты.

Стрессті, проблемалық активтерді балансында ұстап отырған, «Бәйтерек» холдингіне, яғни мемлекетке қарасты осы қорды НДС төлемейтін, ақша айналымы да тым қарапайым түркістандық «D-Personnel» фирмасы 10,6 миллиард теңгеге сатып алды. Сарапшылар, сол кездің өзінде бір шикіліктің бар екенін аңғарған.

2021 жылғы ақпарат бойынша, «D-Personnel» фирмасына Ильмурат АХМЕТОВ атты кәсіпкер жетекшілік еетін. Компания 2017 жылы 11,8 млн теңге, 2018 жылы 10,7 миллион теңге, 2019 жылы 10 миллион теңге, 2020 жылы 5 миллион теңге, ал Инвестициялық қорды бәленбай миллиард теңгеге сатып алған 2021 жылы бар-жоғы 344 мың теңге салық төлеген.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі.

Әңгіме ҚИҚ-тің кімге өткенінде емес. Кім алса да өзі біледі. Әңгіме, мемлекет меншігінің тым арзанға сатылғанында болып тұр. Қазақстан инвестициялық қорының құны ресми түрде 19 миллиард теңгеге бағаланды. Тәуелсіз бағалаушы 48% дисконт, яғни ҚИҚ-ті жарты бағасына сату туралы шешім шығарып, оны «Бәйтерек» холдингінің басшылығы қолдаған. Неге мұндай шешім қабылданды? Оның астарында әлдекімдердің бизнес мүддесі жоқ па деген сұрақтар туындайды.

NEGE ақпаратынша, көктемге дейін Бас прокуратура осы мәселе бойынша өз бағасын беруі мүмкін. Бір жағынан, ол жекешелендіру барысына да өз кесірін тигізбеуі керек. Инвесторларды үркітіп алмау өте маңызды. Сондықтан, мемлекетке қыл көпірдің үстінен өтуге тура келеді.

Тегтер: