10 Қыркүйек 09:53

Көтерме бағамен 48% жеңілдіктер! Қазақстан инвестициялық қорының сатылуы НЕГЕ ыңғайсыз сұрақтар туғыза бастады?

Фото:

Мемлекеттің экономикадан кетіп, жекешелендіруді үдеткенін қолдаймыз. Бірақ жекешелендіру мемлекетті майшелпекке айналдырмауы керек еді. Қазір Қазақстан инвестициялық қорының бағалануы мен сатылуына қатысты үлкен сұрақтар туындап отыр.

«Бәйтерек» холдингінің өткенде жекешендіру аясында Қазақстан инвестициялық қорын 10,6 миллиард теңгеге сатқанын жазған болатынбыз. «Время» газетінің тілшісі Михаил Козачковтың дерегінше, проблемалық активтерді жинақтап, оларды оңалтумен айналысатын компанияның шоттарында, бағалы қағаздары мен активтерінде 30 миллиард теңгеден астам сома шоғырланған.

Бірақ дәл осы компанияны сатуда мемлекеттің аяқ астынан жомарттық таныта қалғаны қызық. Қызылордадағы әйнек зауытына қатысты Инвестициялық қор Қазақстанның даму банкіне берген 17 миллиард теңгеге кепілдемесі бар. Былайша айтқанда, қарыз қайтады деген жазбаша уәде. Осы кезде Инвестициялық қордың нақты бағасын анықтау ісі «Balance Consulting Company» деп аталатын тәуелсіз фирмаға жүктеледі. Бағалаушылар қордың барлық мүлкі, ақшасы мен міндеттемелері қанша тұратынын анықтауы тиіс болған. Нәтижесінде олар «компанияның құны 10 миллиард 549 миллион теңгеге» деген қорытынды жасайды және Қор дәл осы бағамен аукционға шығып, сатылып кетеді.

«Қазақстанның инвестиялық қоры» АҚ 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

Бір қызығы, бағалаушы компания Инвестицялық қордың барлық активінің баланстық құнын 11,7 миллиард теңгеге бағалап, Қордың Қазақстанның даму банкі алдындағы 17 миллиард теңгеге міндеттемелерін ескерген. Оған қоса, тәркіленген мүлікті сату ережелерін қолданып, шекті 48 пайыздық жеңілдіктер берген. Бұл жерде 17 миллиард қарыз деп осы соманы Қор құнынан шегеріп тастағанын айттық. Бірақ ондай қарыз жоқ болып шыққан. Шыны зауытын сатып алған Қытайлық компания қарыздың бәрін төлеуге ниет білдірген. Іс жүзінде Инвестициялық қордың нарықта өзі сатылып кеткен 10,6 миллиард теңгеден әлдеқайда қымбат екенін байқауға болады.

Ал оны осындай қаржыға кім сатып алды? «Время» газетінің жазуынша, квазимемлекеттік алпауытты сатып алған «D-Personnel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шамамен жеті жыл бұрын Түркістанда тіркелген. Басшысы – Ильмурат Ахметов деген азамат. Бірақ төлеген салығына қарап отырып, оның жылдық айналымы тым қарапайым екенін көруге болады. Биыл компания қазынаға салық түрінде 136 мың теңге ғана төлеген. Әупірімдеп жүрген фирма кенеттен қалайша 10,6 миллиард теңге жұмсап, ірі қорды сатып алады?

Онда «Байтерек» холдингіне акция мен жеңілдіктер туралы жарнама кампаниясын өткізу керек. Былтыр холдингтің өзі Қазақстанның инвестициялық қорын 20 миллиард теңгеге бағалағанын ұмыту қиын. Ондай бағаны forbes.kz сайтына берген сұхбатында Инвестициялық қордың басқарма төрағасы Ермек Сәкішевтің өзі айтып еді. Араға бір жыл салып жарты бағасына сатылып кетті.

Негізі, түркістандық кәсіпкерге тағы бір жыл күту керек еді. Сонда Инвестициялық қорды тіпті тегін алар ма еді, кім білсін...

Тегтер: