Бюджеттік наркоман. Қарағанды облысы НЕГЕ қарызға батып барады?
Қарағанды облысының республикалық бюджет алдындағы қарызы 111 миллиард теңгеден асты. 30 мың тұрғыны жұмыссыз жүр. Облысты басқару сапасының соңғы 2 жылда тым нашарлап кеткені байқалады. Соған қарамастан, бүгін өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде облыстың «жетістіктері» туралы есеп бермек.
«Себебі, мекемелер арасында өзара түсіністік жоқ. Қажетті басқармаларда кадрлардың тұрақтамауы, ортақ мақсат пен міндеттің жоқтығы потенциалы зор өңірді құлдыратып отыр» деген қорытындыға келеді бюджеттің орындалуын саралаған тексеру комиссиясы.
- Тақырыпқа орай: Көп жейді, аз табады. Қызылорда облысын НЕГЕ «банкрот» деп жариялайтын уақыт келді?
Бұл ретте өндірістік әлеуеті зор, көмір, металл, басқа да пайдалы қазбаларға бай Қарағанды облысы әлі күнге дейін республикадан дотация алуын жалғастырып отырғанын ескеруіміз керек. Донор болмаса да, өзін-өзі ақтай алатын мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады. Былтыр пандемия қырсығынан көмір, марганец кенін өндіру көлемі төмендеді. Басқа да салалары тығырыққа ұшырады.
Десек те, облыстық бюджет түсімдерінің көлемі 418,3 миллиард теңге болған. Бірақ, облыс оның тек 82,2 миллиард теңгесін ғана өз күшімен тапты. Қалған 263 миллиард теңгені трансферт ретінде республикалық бюджеттен алды. Сонымен бірге 68,3 миллиард теңгеге қарызға кірді.
Дереккөз: Облыстық бюджеттің 2020 жылғы атқарылуы туралы Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының есебі.
Қарағанды облысының 2020 жылғы бюджеттік дефициті 66,6 миллиард теңге болып отыр. Дефицит 2019 жылмен салыстырғанда 13 есе өсіп кеткен. «Бюджет шығыстарын қалыптастыру кезінде, алдыңғы жылдардағыдай, әкімшілердің уәкілетті органмен сындарлы өзара іс-қимылы жоқ, бюджеттік бағдарламаларды әзірлеудің, олардың өлшемшарттарын айқындаудың тиісті сапасы қамтамасыз етілмеген», – деп жазады тексеру комиссиясының аудиторлары.
Дереккөз: Облыстық бюджеттің 2020 жылғы атқарылуы туралы Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының есебі.
Қарағанды облысының бюджетін моноқалалар көбірек жеп отырғаны байқалады. Жылдан жылға облыстық бюджет шығыстарының құрамында аудандар мен қалалар бюджеттеріне берілетін трансферттер мен бюджеттік кредиттердің үлесі мен көлемі өсуде. Және облыстық бюджет қаражатын пайдалану кезінде 47 нысанның 22-сінде заң бұзушылықтар анықталған.
Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар – облыс экономикасын әртараптандырып, жекеменшік инвестиция тарту қажет. Бұл жағынан алғанда Қарағанды облысы көзге түсе алмай келеді. Облдыс әкімдігінің күші әзірге тек бюджет қаражатын тартуға ғана жетіп отыр...