9 Қараша 09:00

Байден және Дәленов. НЕГЕ біздің экономика «Дядя Джо» факторына тәуелді болып отыр?

Фото:

Джо Байден Америка Құрама Штаттарының 46-шы президенті атанды. Бұл құбылыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Nege.kz экономистер мен сарапшыларға дереу қоңырау шалды.

Байден демократ және осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Негізі демократтар Қазақстанға еш жамандығын көрсеткен жоқ. Бірақ статистиканы ашып қарасаңыз, Қазақстан экономикасының өсуі АҚШта республикандықтар билікте отырған кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Бұл кездейсоқтық па? Мысалы, біз бен мұнай бағасы үшін ең жайлы кездер кіші Джордж Буштың президенттік мерзімінде орын алды. Одан кейінгі Барак Обаманың 8 жыл Ақ үйде отырған уақытында дағдарыстан көз ашпадық. Коронавирус араласпағанда, Трамптың кезінде біздің экономика ақырындап көтеріліп келе жатқан болатын. Енді "президент Байден" дәуірінде жағдай қалай өзгереді?

«Біріншіден, АҚШ-тағы экономикалық бағытты күрт өзгерту өте қиын. Трампты кім қалай ұрысса да, ол жұмыссыздықтың соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейіне қол жеткізе білді», - дейді, Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Ал Қытайға қысым жасау және өндірісті қайтадан Америкаға қайтару үрдісі жалғасады. Менің ойымша, элиталар бұл мәселе бойынша ортақ пікірге келді».

«Екіншісі - көмірсутегі мәселесі. Бұрынғыдай сланц мұнайына қолдау болмайды. Естеріңізде болса, бұған дейін Трамп мұнай саласын барынша қолдап келді. Оның Ресей президенті мен Сауд Арабиясының ханзадасын қалай татуластырғаны есімізде, бұл мұнай бағасын бір барреліне 40-45 доллар деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Енді мұндай қолдау болмайды. Сондықтан, мұнай мен газ бағасына сыртқы факторлар қысым көрсетеді. Біз үшін бұл әрине, өте жағымсыз фактор»

«Әдетте республикандықтар партиясының өкілі болып табылатын президент АҚШ үшін сырттан ақша табуға тырысады. Ол себепті ол түрлі сауда соғыстарын жүргізеді», - дейді, тәуелсіз сарапшы Талғат Байдосов. «Демократтар керісінше ақшаны сыртқа шашуға құмар. Олар сауда емес, демократияны енгіземіз деген желеумен жергілікті соғыстар, көтерілістер ұйымдастырады».

«Сондықтан, мен үшін Трамптың қалғаны жақсы болар еді. Бірақ енді Байден кезінде АҚШ баяғыдай демократияны экспорттауға кіріседі»

Ал GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың ойынша, Байденнен Қытайға үлкен плюс бар. «Байден Трамптың Қытаймен бастаған сауда соғысын тоқтатуы мүмкін. Демек АҚШ пен Қытайдың арасы жылуы ғажап емес. Ол Қытай экономикасының дамуына қолайлы жағдай туғызады» - деп түсіндіреді, Мақсат Халық. Оның айтуынша, мұның бізге де тиімділігі бар. Қытай экономикасы өрлесе, біздің шикізат сұранысқа ие болады. «Бірақ Байден жасыл экономикаға көп көңіл бөлетінін білдіріп отыр. Оның ішінде "энергияның балама көздері, жер энергетикасын дамытуға үлес қосамыз, соған 2 триллион доллар бөлемін" деп айтқан болатын. Бұл қадам орын алатын болса, ол АҚШтың энергетикалық бағытын өзгертері анық. Сланцылық мұнай ошақтарының бәрі жабылуы мүмкін.

«Ол әрине алғашқы уақытта мұнай өндіру көлемінің қысқаруына қатысты, нарықтардағы мұнай бағасының өсуіне әсер етеді. Бірақ бұл қысқа мерзімге созылатын эффект. Ал ұзақ мерзімде мұнай саласы дағдарысқа ұшырайды. Мемлекеттер балама энергия көздеріне көшіп, шикізат бұрынғы сұраныстан айрылады. Ол әрине, Қазақстанды қазіргі көріп отырған табысынан қағары сөзсіз»

Nege.kz есебінше, АҚШтың экономикалық бағыты президент емес, Конргесс құрамына көбірек байланысты болады. Әзірге өкілдер палатасының басым дауысы демократтар жағында. Бірақ республикандық партия өкілдері Конгрессте шешімдерге тосқауыл қоя алатын дауысқа ие болса, Байден ештеңе шеше алмайды. Демек АҚШ өзінің бұрынғы саясатынан айнымауы да ғажап емес.

Тегтер: