8 Ақпан 20:05
...

Айдархан Құсайынов: Доллар 600 теңге болғанынан қорықпау керек

Фото:

Апта қызық басталды. Экономист Айдархан Құсайыновтың Ұлттық қордан келетін валютаны биржаға шығарып сатуды тоқтату туралы ұсынысын әріптестері сынай бастады. Nege.kz экономистке хабарласып, ол өзін сынағандарға жауап берді.

Айдархан Құсайынов экономист әріптесі Қасымхан Қаппаровқа сұхбат берген болатын. Онда өте батыл ойлар, шешімдер мен ұсыныстар айтылған. Сұхбат жарыққа шыққаннан кейін, оған қатысты пікірлер жауынша құйылды. Тіпті оны «экономикалық терроризм» деп бағалағандар да болды.

«Бұл бізді теңгенің долларға шаққандағы 600 деген бағамына апарады. Шикізат ақша айырбас бағамын төмендетеді, экономиканың шикізаттық емес бөлігінің бәсекелестігін бұрмалайды. @FINANCEkaz мұны экономикалық терроризм, яғни қарапайым адамдардың өмірін нашарлатуға бағытталған ұсыныс немесе жай ғана біліксіз склероз деп санайды», - деп жазады, EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Ұлттық Банкте жұмыс істеп жүргенде Айдархан Құсайынов ешқашан мұндай ұсыныстар айтпаған болатын. Биржада Ұлттық қордың 2018 жылы 2,6 трлн, ал 2017 жылы 4,4 трлн теңге шаққандағы валютасы айырбасталғанын білеміз»

«Теңгенің қасақана, негізсіз девальвациясы түріндегі мұндай «реформа» шикізаттық емес экономикаға ешқандай пайда әкелмейді», - деп жазады, Tengenomika. Ол каналдың авторы Бауыржан Айтқазиннің пікірінше, Құсайыновтың ұсынысы іске асса, экономика зардап шегеді. «Қазақстанда өңдеуші секторда өндірілген өнімнің өзіндік құнындағы үлестің басым бөлігі импорттық жабдықтар, шикізат, жартылай фабрикаттар мен шетелдік мамандардың қызметтері. Сондықтан теңгенің құлдырауы импорттың құнын өсіреді және бұл бізде өндірілген тауарлардың түпкілікті өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі.

«Нәтижесінде тауарлардың бағалары көтеріледі. Ішкі нарықтағы жергілікті кәсіпорындардың өніміне сұраныс аз болады. Шикізаттық емес компаниялардың жағдайы күрт нашарлайды. Мұндай шаралармен Қазақстан экономикасындағы голланд ауруы тек ушығып, өндіріс саласындағы жұмыс орындары қысқарып, жұмыс күші шикізат секторына ағыла бастайды»

Өзінің ұсынысына қатысты айтылған сыни пікірлерге экономист Айдархан Құсайынов Nege.kz шолушысымен тілдескен кезде жауап берді. «Менің ұсынысымды талқылап отырғандар қазіргі жағдайдың 2015 жылғы 15 қазанда сол кездегі Ұлттық Банк басшысы Қайрат Келімбетовтің қолымен жасалғанын білмейтін сияқты. Ал ол уақытқа дейін биржада Ұлттық қордың долларлары сатылған емес», - деп түсіндірді, Айдархан Құсайынов.

«Конвертация туралы мұндай шешім Ұлттық банк айырбас бағамын қолдан ұстап отыр және резервтерді жағып жатыр деген әңгімелерден кейін қабылданды. Мен революциялық ештеңе ұсынып отырған жоқпын. Бұл бізде баяғыдан болған»

Экономист өзі туралы «Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі болып тұрғанда, неге мұндай ұсыныстар білдірмеді» деген айыптауларға да жауап берді.

«Неге мен Ақышевтің кезінде мұны ұсынбадым? Оның кезінде басқа саясат жұмыс істеді. Ұлттық қордың валюта түсімдері қор биржасына шығарылса да, оны БЖЗҚ алып отырды. Ал қазір Досаевтың кезінде сұраныс азайды, бірақ Ұлттық қордан келетін валюта ағыны жалғасуда», - дейді, экономист.

«Доллардың 600 теңгеге өсуінен қорықпау керек. Мен бұл туралы өз кітабымда жаздым. Девальвацияның шамамен 14% -ы инфляцияға кететінін болжағанмын. Ұлттық Банк макроэкономикалық шолуында осыған ұқсас статистика жариялады. Ал мұндай инфляция аясында девальвация байқалмауы мүмкін. Жақсы девальвациядан кейін, бір жыл салыстырмалы түрде нашар болады. Бірақ содан кейін он жыл бойы жағдайымыз қалыпты болмақ»

«Естеріңізде болса, мен 2002 жылы доллар 155 теңге болып тұрған кезде оның 2009 жылға қарай 120-ға айналуына жол бермегенде, 2009 жылға қарай біз жылжымайтын мүлік дағдарысына ұшырамас едік, өндірісті сақтап қалар едік деп бірнеше рет айтқан болатынмын. Ал егер біз 2009 жылы долларды 190 теңге бағамына дейін девальвация жасаған болсақ, теңге кейін 360 бағамына дейін құлдырамас еді», - дейді, Айдархан Құсайынов.

Коронакризистен кейін экономикалық даму мен реформаларға қатысты отандық сарапшылардың бірнеше лагерьге бөлінгенін байқауға болады. Әсіресе Ұлттық Банктің ақша-кредиттік саясаты мен макроэкономикалық қадамдарын қорғайтын экономистер тобы белсенді жұмыс істей бастады.

Тегтер: