Ескі Қазақстанда шетел асқан қаржы Жаңа Қазақстанда қайтарыла ма?
Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға Бас прокурор Берік Асылов жетекшілік етеді.
Бүгін Үкіметтің жалпы отырысынынан кейін Nege.kz тілшісі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа: «Қаңтар бүлігінен бұрын шетелге заңсыз асқан қаражатты елге қайтару мүмкін бе?», – деген сұрақты қойды.
– Бұл мәселемен негізі ведомствоаралық коммиссия айналысады. Негізінен шетелге заңсыз шығатын қаржы жымқырушылардың емес, өзге қарапайым адамдардың атына есепшот ашып, сол арқылы жіберіледі. Бұрын солай болған. Енді Президент мәлімдемесінен кейін, әр кеткен тиын есептелетін болады.
Қазігі таңда құқық қорғау органдары жабық түрде зерттеулер жүргізіп жатыр. Біз министрлік тарапынан салықтық әкімшіліктендіру немесе кедендік әкімшілітендіруге ақпарат алмасуға қатысты министрлік тарапынан қажет ақпарат болса біз толығымен береміз.
Өздеріңіз білетіндей, ақшаны офшордан қарағанда қолма-қол астыртын шетелге шығаратын адамдар көбейді. Ол енді кеден қызметкерлері құзырында, – деді Е. Жамаубаев.
Кеден арқылы заңсыз жолмен қомақты қаржы алып кетпекші болған Қ.Сатыбалды ұсталғанннан кейін Ұлттық банк те халыққа ашық есеп бере бастады. Жалпы заңсыз кеткен қаржыны есептеу өте қиын деседі.
Өткен айда Ұлттық банк ақша аударатын жүйелер арқылы елден заңды жолмен кеткен және келген қаражат бойынша деректер ұсынған болатын. Сонымен аударылған қаражаттың жалпы көлемі 103,6 миллиард теңге болған. Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
Биылғы сәуірде наурыз айымен салыстырғанда, сыртқа жөнелтілген қаражат көлемі 27,7 пайызға, яғни 22,4 миллиард теңгеге артты. 2021 жылғы сәуір айымен салыстырсақ, шетелге кеткен ақша көлемі 21,9 пайызға немесе 18,6 миллиард теңгеге өсті.