Ержан Бекмаханбетұлы: От пен судың ортасында арпалыспен өміріміз өтіп жатыр

Қазір мектеп бітіруші түлектер «қандай мамандық таңдасам екен» деп түн ұйқысын төрт бөледі. Әкесі «заңгер», шешесі «мұғалім» бол деп баланы қыспаққа алады. Жалпы, жас түлектердің дені төтенше жағдайлар қызметі жайлы, ондай мамандықты таңдау үшін не істеу керегін жіті біле бермейді. Әсіресе, аталған саланың мамандары халық алдына жиі шықпайды.
Nege.kz тілшісі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің автокөлік жүргізушісі Ибрагимов Ержан Бекмаханбетұлымен тілдесіп, аталған мамандықтың жай-жапсарын сұрады.
– Ержан, алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қайда тудыңыз, ата-анаңыз қандай қызмет атқарады?
– Толық аты-жөнім – Ержан Ибрагимов. Әкемнің аты – Бекмаханбет. Өзім 1995 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болып қызмет атқарып жүрмін. Әскери дәрежем – кіші сержант.
– Қайда оқыдыңыз? Бұл қызметке келуіңізге не түрткі болды?
– Бұл қызметке келуіме түрткі болған бірден-бір жайт әскерде қызмет етуім деуге болады. Мектепті тәмамдағаннан кейін Төтенше жағдайлар министрлігіне әскер қатарына шақыру алдым. Қызмет уақытын аяқтап тағы үш жыл әскер қатарында еңбек еттім. Төтенше жағдайлар қызметі жаныма жақын болған соң, қайта айналып осы салаға келдім. Қанша дегенмен әскер қатарында жүргенде аталған мамандықтың қыр-сырын меңгеруге барымызды салдық қой.
Жоғарыда айтып өткен бөлімшеге өткен жылдың желтоқсан айында жұмысқа кірдім. Содан бері от пен судың ортасында арпалыспен өміріміз өтіп жатыр.
– «Бұл мамандық жаныма жақын» деп қалдыңыз. Жаныңызға несімен жақын?
– Жаңа айтқанымдай, мектеп бітіргеннен кейін жедел қызмет көрсету үшін әскерге шақырылдым. Яғни, 2013-2014 жылдар аралығында Алматы облысы, Ұзынағаш аумағындағы № 28237 әскери бөлімінде жүргізуші лауазымында Отан алдындағы міндетімді атқардым. Сол жерде жүргенде құтқару жұмыстарына жиі шығатын едік. Осы салаға келуіме түрткі болған тағы бір себеп бар, адамдарға көмектескім келіп тұрады.
– Жұмыс барысы қалай? Тәулік ішінде қанша шақырту аласыздар?
– Кешегі күн бүгінгіге ұқсамайды. Бұл мамандықтың қызығы да сол шығар. Әр күні әр түрлі шақырту аламыз. Мен көлік жүргізушісі болғасын, діттеген жерге уақытында алып бару міндетім. Жалпы, төтенше жағдайлар оның ішінде өрт сөндіру қызметі жайлы айтар болсам, шақырту түскеннен кейін бір минут ішінде толық құраммен бөлімшеден шығып кетуіміз керек.
– Мамандық жайлы тарқатып айтсаңыз. Қиындық туғызған кездер болды ма?
– Өзім осы саланы қалап, ұнатып келген соң ешқандай да қиындық туғызған жоқ. Мамандық жайлы айтар болсам, көлік жүргізушілердің міндеті бір шақырым жерді бір минут, бір жарым минутта жүріп өтуі керек. Бір жағы сол уақытты есептеп отыру керек, бір жағы өзге де көлік құралдарына кедергі келтірмеу маңызды.
Өрт сөндіруге бара жатқаннан кейін көлікпен екі тоннандан астам су тасимыз. Ол бұрылыстар кезінде шайқалады. Су қатты шайқалғанда көлікті аударып жіберуі де ғажап емес. Заң бойынша өрт сөндіру көлігінің жылдамдығы 40 шақырымнан аспау керек.
Жылдам бару үшін қауіпсіз жерлерде жылдамдықты сәл арттырамыз. Өрт сөндіру бөлімшесі орналасқан мекенді радиуспен есептегенде көп өңірлерге жетем дегенше сағаттап уақыт кетеді. Бәлкім, қиындық туғызатын кезеңдер осы шығар.
Өрт сөндіру бөлімшелері аз. Мәселен, Тараз қаласында төрт, Жамбыл облысында 19 өрт сөндіру бөлімшесі. Соның әрқайсысын алып қарасақ, кей бөлімшелерге 200 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдардан шақырту түседі. Шақырту түскесін 2-3 сағат жол жүріп сол өңірлерге әріптестеріміз барады. Кейде жарты жолға жеткенде қайтарып жіберетін кездер болады.
– Төтенше жағдайлар қызметі жайында жас түлектерге айтар кеңесіңіз бар ма?
– Бұл мамандықты таңдағандар еш өкінбесі сөзсіз. Бастысы, өзіне ұнаса болғаны. Жалақысы жақсы, қызмет тұрақты. Басшылық та қол астындағы қызметкерлерді қолдап-қолпаштап отырады. Жалпы, аталған сала жайындағы пайым-түсінігімнің бәрі жақсы бағытта екен.
– Болашаққа қандай арман-мақсаттарыңыз бар? Осы саламен өміріңізді байланыстарысыз ба?
– Жан аман болса, төтенше жағдайлар қызметіне өмірімді арнасам деймін. Зейнет жасына жеткенге дейін осы салада еңбек ету ойда бар. Қазір қызмет етіп жүрген Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жүріп тәжірибемді шыңдау үстіндемін. Осы қызмет алға қойған мақсаттарымның баспалдағы болатыны сөзсіз.