31 Мамыр 11:44
...

Ермековтің ерлігі

Фото:

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Қарағанды облысында Алаш арыстарын еске алуға арналған шара өтіп жатыр. Nege.kz тілшісі Арқа жеріне арнайы барды.

Қарағанды, NEGE. Осыған орай, Қарағанды облысында Алаш арыстарын еске алуға арналған шара өтіп жатыр. Nege.kz тілшісі Арқа жеріне арнайы барды.

Шара Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың зиратына барып, құран бағыштаудан басталды. Көп ішінен сөз алған өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан Ермековтің зираты қараусыз қалғанын айтып, бір мәселенің шетін шығарды. Өзге дін өкілдері жерленген жерде жатқан қайраткерді жай күні іздеп барсаң, табу қиын-ақ. Тұңғышбай қария одан өзге Әлімхан Ермеков жайлы естеліктер мен тың деректер айтты.

«Әлімхан Ермековтың ғылымға, білімге, ел мен жер, ұлт үшін атқарған істері шаш етектен. Тіпті, ол жайлы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Сосын, бұл кісі бертінге, яғни, 1970 жылға дейін өмір сүрді. Сондықтан мен Әлімхан Ермековты «Алаш қайраткерлерінің соңғы тұяғы» деп білемін», – дейді өлкетанушы.

Әлімхан Ермеков Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Қазақ ұлты үшін талай нәтижелі істі жүзеге асырған.

«1912-1916 жылдары Томскіде технология университетінің тау-кен факультетінде оқыды. 1917 жылы Патша тақтан құлаған шақта Әлихан Бөкейханов Ермековті «Семейге жет, революция басталады» деп шақыртады.

1919 жылдан бастап қазақ даласын басқарудағы революциялық әскери комитет құрылды. Бөкейханов Ермековты сол ревкомға кіргізеді. Ол сонда жүріп бүкілодақтық атқару комитетінің жанындағы арнайы комитеттің төрағасы болады. 1920 жылы мамыр айында бұл кісіге мандат беріп, Мәскеуге жібереді. Үш ай бойы «Қазақ өлкесінің жағдайы және шекарасы» деген баяндамаға дайындалады. Сөйтіп, 1920 жылдың 17 тамыз күні Халық комиссариаты кеңесінде сол баяндаманы оқиды.

Әлихан Бөкейхан бастап барған топта Ахмет Байтұрсынұлы, тағы басқа Алаш қайраткерлері болса да, ішке Әлімхан Ермековті кіргізген.

«Каспий теңізінің солтүстік жағалауы мен шығанақ-бұғаздардың бәрі Қазақстанға берілуі керек» деген тақырып 4 сағат талқыланады. Оған қарсы топ барынша бергізбеудің амалын жасайды. Сонда Ленин »ол жердегі жергілікті халықтың басым бөлігі қай ұлт өкілдері» деп сұрапты. Қазақтар қоныстанған жер болғасын, Астраханға дейінгі аймақтың бәрін бізге беріпті», – дейді Тұңғышбай Мұқан.

Әлімхан Ермековтің қазақ елінің территориялық тұтастығын нығайтып, тағы басқа өңірлерді алып қалғанын бірі білсе, бірі білмес.

«Лениннің алдында баяндама оқыған Ермеков Астраханға дейінгі аумақты қайтарып алғасын, тағы бір мәселе көтереді. Сол кезеңде сенаттың қаулысымен Ертіс өзенінің бойындағы ондаған шақырым жер казак орыстарына берілген екен. Ең сорақысы, сол жерлерде жергілікті қазақтардың ата-бабасы жерленген зират болған. Казактар 18-20 сом ақша алып қазақтарды қорлап келген. Соны дәлелдеп, қазақ территориясына тағы да жер қосқан», – дейді өлкетанушы.

Ә.Ермеков отбасымен

Әлімхан Ермеков өмірінің 15 жылын абақтыда, тағы біраз жылын қуғын-сүргінде өткізген. Оның саяси белсенділігі сол кездегі билікке ұнамай, 1930 жылдан бастап тергеуге алады. 1939 жылы 48 және 58-статьямен, оның 8-тармағымен айыптайды. Түрмеден шыққаннан кейін оған 8-нөмірлі пәтерді берген, телефон нөмірі де 8 болыпты. Денсаулық жағдайы нашар болғасын пәтері бірінші қабатта болса да нөмірі 1 емес 8. Ондағы ойы үнемі 58-статьяның 8-тармағын есіне алып жүрсін деп, сол кездегі билік рухын жаншығысы келген екен.

Тегтер: