Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты: «Қоғамдық бақылау туралы» заңның әлеуетін қоғам пайдалануы керек
Қоғамда мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ана тіліне» берген сұхбаты талқыға түсуде. NEGE тілшісі өткенді саралап, келешекке бағдар салған мазмұнды әңгіме жайында Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың да пікірін білген еді.
– Ерлан Бияхметұлы, президенттің сұхбатын оқыған шығарсыз. Мұнда айтылған мәселелердің қайсысы ойыңызды дөп басты?
– Президент Қазақстандағы саяси процестерге назар аударды. Оның ішінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси багажы және саяси тағдыры туралы сөз етті. Яғни, 2019 жылы Қазақстанда қос билік пайда болып, бұл мемлекеттілікті жоғалтып алуға әкеле жаздағанын айтты.
Екінші, Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа ел басшыларымен кездесуге әуестігін, яғни сол арқылы әлі де ішкі және сыртқы саясатқа әсер еткісі келетінін, сонымен бірге қос билік саясатын әрі қарай да жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл да саяси процестерге жаңа серпін береді.
Меніңше, зейнетке шыққан адам ешкімге кедергі келтірмей, ел мен жұртының тілеуін тілеп үйінде отыруы керек. Сондай-ақ, Тоқаев елімізде ең негізгі мәселе – ел бірлігі екенін тілге тиек етті. Мынандай алмағайып заманда мемлекеттілікті сақтап қалу үшін мемлекет құрылымы аясына шоғырлануға берік болуымыз керек. Әрине, әрқайсымыздың саяси көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен мемлекеттілік құндылыққа келгенде бірігу процесін жалғастыра беруіміз қажет.
– Мемлекет басшысы өткен жылды қорытындылап, әр саладағы жетістік пен кемшін тұсты шолып шықты. Сол арқылы министрлер кабинетінің жұмысына да баға берді. Бектенов өзін көрсете алды ма? Сіздіңше, былтыр қай сала ілгеріледі немесе құлдырады?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сұхбатында 30 жыл ішінде тозып кеткен инженерлік-коммуникациялық құрылғының барлығы жаңартылғанын айтты. Бұған дейін бүкіл республика қалаларындағы инженерлік құрылғылардың ескіргені жыл сайын мәселе туындататын. Қазіргі кезде бәрі толығымен модернизацияланды деуге болады. Бүгінде бірде бір қалада жылу беруде түйткіл жоқ.
Екінші жетістік – 18 млн шаршы метр үй салынды. Бұл да халықтың баспаналы болуына мүмкіндік сыйлады. Үшінші – 7 мың шақырым жолға асфальт төселді. Десек те, Қазақстан экономикасында үлкен мәселе бар, ол – бюджетті қалыптастыру. 25 трлн бюджеттің 10 трлн-ы – сырттан келген қаржыдан құралады. Яғни, 5 трлн теңгені Ұлттық қордан және 4 трлн теңгені қарызға алып отырмыз. Үкіметке алдымен осыны шешу керек. Өйткені, сырттан және іштен қарыз алуға әуестеніп алды. Ішкі қарыз да бәрібір қарыздың табиғатын өзгертпейді. Оның барлығы ертең бюджетке ауыр салмақ болады. Сондықтан ең негізгі жайт – бюджетті қалыптастырудағы жаңа стратегияны жасау.
Бектенов үкіметі бір жыл ішінде президент жүктеген бірқатар тапсырманы орындағанмен, бірақ «2029 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) екі есеге өсіріп, 460 млрд долларға жеткізу керек» деген президенттің тапсырмасы бар. Ол үшін экономика жыл сайын 6 пайызға өсіп отыру керек. Биыл өсім 4 пайыз болды. Сондықтан Бектенов әлі талай еңбек етуі тиіс.
– Қоғамда уақыт белдеуіне байланысты қарама-қайшы пікір көп. Президент те «Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін» деді. Егер 1 наурызда шығуы тиіс зерттеу нәтижесі шын мәнінде халықтың пікірімен үйлессе, бұрынғы уақытты қайтару мүмкін бе?
– Бүгіннен бастап біз Мәжіліс депутаттары халықпен кездесуді бастадық. Шығысқазақстандықтар осы уақыт мәселесін көтеріп, өз өтініштерін жеткізуді сұрап отыр. Әр өңірдің тұрғындары өзінің табиғи уақытымен бейімделіп өмір сүруге дағдыланғаны белгілі. Сондықтан бұл мәселе олардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы орайда Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы осы мәселені екі рет Үкімет мүшелерімен бірге талқыладық. Әлі де бұл жағдайды егжей-тегжейлі қарауымыз керек. Сондықтан жауапты министрліктер қысқа мерзімде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тағы да мұқият пысықтағаны жөн.
Біз бұл жұмысты 3 жыл емес, 3 айда бітіріп, наурыз айына дейін зерттеудің қорытындысын шығаруды талап еттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақыт мәселесіне байланысты сұхбатында өзінің пікірін білдірді. «Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін», – деді Президент.
Осыған байланысты депутаттар халықтың талап-тілектерін назарға алып, бұл мәселені жан-жақты талдап, тиімді шешім табуға бар күшін салмақ. Мәселені шешу барысында уақыт белдеуін қайта қарау немесе әр аймақтың ерекшеліктеріне сай шешімдер қабылдау мүмкіндігі қарастырылуы тиіс. Сондықтан біз халықтың талабын орындауға барынша атсалысатын боламыз.
– «Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Алайда, посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын», – деді мемлекет басшысы. Депутат ретінде сіздің ойыңыз қандай?
– Қазақстан республикасының Парламентінен елімізде әрекет ететін бүкіл партия өкілі мен қоғам белсенділері орын алды. Мұны нағыз плюралистік парламент деп айтуға толық негіз бар. Олар елдегі көкейкесті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, шешу жолын да көрсетіп отыр. Әрине, бұл бізге қажет тенденция. Ал Қазақстанның саяси формасына келсек, бүгінгі аумалы-төкпелі уақытта бізге міндетті түрде президенттік басқару жүйесі қажет. Өйткені, Қазақстанның географиясы да күрделі. География – біздің басымызға жазып қойған тағдыр. Екі жағымызда екі алып мемлекет бар. Сондықтан Қазақстанның саяси жүйесі орталықтандырылған болуы тиіс. Яғни, президенттік басқару формасы керек. Әрине, соған қарамастан үкіметті қалыптастырып, министрлерді тағайындауда немесе квазимемлекеттік секторды бақылауда парламенттің рөлін күшейту қажет.
– Әділетті, жаңа Қазақстан құрамыз деп қанша жерден тыраштансақ та, бола алмай жатырмыз. Сыбайлас жемқорлық әлі тоқтамай тұр. Президент айтқандай, шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсете ме?
– Бізде «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Заңның міндетіне бірыңғай ұғымдық аппаратты қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру қағидаттарының бірыңғай жүйесін белгілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық күш-жігерді біріктірудің құқықтық тетіктерін жасау, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің функцияларын, өкілеттіктері мен жауапкершілігін айқындау кіреді. Бұл заң Қазақстан халқының мемлекетті басқаруды тікелей іс жүзінде асырудағы үлкен қару немесе әдіс. Өйткені, Қазақстанның әрбір азаматы облыстық, аудандық бюджеттің іс жүзінде қалай асып жатқанын білгісі келеді. Яғни, бюджетті атқарудағы ашықтық қандай? Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға салынып жатқан мектеп, аурухананың сапасы сын көтере ме? Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Халық осының бәрін іс жүзінде тексеруге құқы бар. Мұны қоғамдық процестегі ілгерілеушілік деуге болады. Меніңше, дәл осындай заңдардың әлеуетін қоғам пайдалануы керек. Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа да жол берілмейді.
Біз бюджет халықтың ресурсы екенін және бюджеттің іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын тексеруді өзімізге міндет деп санасақ, сыбайлас жемқорлықты түбінде жеңуге болады. Ал мемлекеттік қызметкерлер үшін өзара жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру маңызды.