22 Сәуір 15:40
...

Ерболат Сатыбалдин: Заң жобасы елді мекендерде инженерлік және коммуналдық желілер салуға мүмкіндік береді 

Орман шаруашылығы
Фото: Парламент мәжілісі

Парламент депутаттары бастамашы болған орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 2023 жылғы 2 маусымда Парламент Мәжілісіне енгізілген еді. Бұл заң жобасы ертең жалпы отырыста бірінші оқылымда қаралмақшы. Заң жобасы аясында Жер кодексіне, Орман кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілетін болады. 

NEGE тілшісі заң жобасы бұл салаға қандай жаңашыл өзгерістер әкелетіні жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдиннен сұрады.  

  – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындауға не себеп болды? Жобаны дайындау барысында орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тұратын халықтың ұсыныстары ескерілді ме?

  – Заң жобасына бастамашылықты Парламент Сенатының депутаттары көтерген. Негізгі себеп – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман қоры жерлерін ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық қажеттіліктеріне икемді пайдалану қажеттілігі. Мысалы, емдеу, білім беру, инженерлік желілер сынды маңызды әлеуметтік нысандарды қамтамасыз етуге рұқсат беру қарастырылған. Яғни, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мәселесі де реттелуі тиіс.

Сонымен қатар Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың шөп шабу мәселесі де ескеріліп, бұл ұсыныстар заң жобасына енгізілген. Бұл халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған нақты қадам деуге болады.

     Айта кету керек, заң жобасы барысында Қазақстан Республикасының Жер және Орман кодекстеріне гидроэлектр станцияларын салу үшін жер учаскелерін беруге; орман қоры жерлерінде көміртегі офсеттерін іске асыруға, орманда өрт қаупі болған жағдайда қажетті жанар-жағармаймен және орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерінің авиаотынын резервтерін жасақтауға, сонымен бірге орман қорғау қызметкерлерінің қоғамдық қорғау және материалдық көмек көрсетуге және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауылдық елді мекендердің жұмыс істеуі үшін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру жөніндегі нормаларды алып тастау тұрғысындағы нормалар бойынша Үкімет оң қорытындысын берді.

     Заң жобасы бойынша таныстырылым өткізілді. Бұдан басқа, жұмыс тобына 60-тан астам түзету келіп түсті. Бұлар жұмыс тобының он бір отырысында және заң жобасының бастамашылары мен Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Энергетика, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар және Әділет министрліктері өкілдерінің қатысуымен Бас комитеттің кеңейтілген отырысында қаралды.

  Соңғы кездері елімізде орман өрті жиі тіркелетін болды. Мұның алдын алатын нормалар қарастырылған ба?

  – Иә, қарастырылған. Бұл мәселе өте өзекті. Кейде айтып келмейтін алапат өрт орман алқабын шарпыған кезде уақыт жоғалтып алу мен жеделдік жетіспейді. Соған байланысты заң жобасында орманда өрт қаупі туындаған жағдайда қажетті жанар-жағармай қорын және орман өрттерін сөндіру үшін авиаотын резервін жасақтау жөніндегі нормаларды енгіздік. Бұл орман өртінің алдын алу және оған дер кезінде әрекет ету тетіктерін күшейтуге бағытталған.

 – Яғни, заң жобасы табиғи апаттардың алдын ала ма?

 – Әу баста заң жобасын дайындау барысында басты басымдықты осы мәселеге бердік. Атап айтқанда, орман өрттері сияқты табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған нақты нормалар қамтылған. Жанармай мен авиаотын резервтерін құру, орман қорғау қызметіне қоғамдық қолдау мен материалдық көмек көрсету секілді шаралар осы мақсатқа қызмет етеді.

  – Ал ауылшаруашылығы нысандарына қандай игілігі бар?

 – Заң жобасы ауылшаруашылығы саласына да оң әсер етеді. Біріншіден, орман қоры жерлерінде инженерлік және коммуналдық желілерді салуға мүмкіндік беру – ауылдық елді мекендерге инфрақұрылым тартуға жол ашады. Өзіңіз білесіз, қазір орман шаруашылығы бар кей елді мекендерде қарым-қатынас жасау, жол, инфрақұрылым салу жағы кешеуілдеген немесе тозығы жеткен. Заң жобасы қабылданса, инженерлік және коммуналдық желілер тартылады деп білеміз. Екіншіден, ерекше қорғалатын аумақтардағы жерлерді ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін пайдалануға қатысты (мысалы, шөп шабуға рұқсат) мүмкіндіктер енгізілген. Бұл ауылдық халықтың тіршілігіне тікелей әсер етеді. Расында, қазір малын жаятын жер таппайтын шаруалар бар. Осыған орай ерекше қорғалатын аумақтағы жердегі шөпті шабуға рұқсат берсе, несі айып? Сондықтан біз екшеп-елеп, зерделеп жасақтаған заң жобасы халық игілігі үшін. Мұны депутаттар да құптап, мақұлдайды деп сенемін.