19 Мамыр 15:00
...

Еңбек адамы: Бала тілін тапқан ұстаз

С
Фото: Ұ.Сабыржанқызының жеке мұрағатынан

Қоғамда қажырлы еңбегімен ерекшеленген жандар аз емес. Мұндайды халқымыз «Еңбек еткен – мұратқа жеткен» деп бірауыз сөзбен түйіндесе керек. Солардың бірі Астана қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы 83 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Ұлтуған Есен Сабыржанқызы.

Балаға үйретуден жалықпаған ұстаз 2001 жылы Еуразия Ұлттық университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» факультеті бойынша тәмамдаған. Әкесі жүргізуші болып қызмет атқарса, анасы үйдегі қос қызының тәрбиесі мен айналысқан. Алғашында экономист болсам деген Ұлтуған Сабыржанқызы мұғалім мамандығын таңдауда әке кеңесіне құлақ түрсе керек. Әке сеніміне селкеу түсірмеу мақсатында оқуды бар ынтасын салып оқығандығының арқасында қызыл дипломға қол жеткізеді. Ал қазір өзін басқа салада мүлде елестете алмайтынын айтады.

«Ол кезде экономика, құқық және туризм саласына сұраныс көп болды ғой. Сондықтан мен түспек болған Еуразия университетіндегі экономистер даярлайтын факультетте бір орынға 20 адам таласты. Сонда әкем тұрмысқа шығып, ұрпақ өрбітетін әйел адам үшін мұғалімдік таптырмайтын мамандық екенін айтты. «Ұстаз атаулыға қалада да, ауылда да есік ашық» деді. Кейін ойласам, айтқаны дұрыс екен. Өйткені мұғалім болған әйел өз баласына да тұщымды тәрбие бере алады. Яғни, өзге маман иелеріне қарағанда, балаларының қасында болуға мүмкіндігі мол. Ал саналы ұрпақ – сапалы болашақ кепілі», – дейді ол.

Оқуда алғырлығымен көзге түскен болашақ ұстаз университет қабырғасымен қоштаса сала бірден Астана қаласындағы №29 мектепке қызметке орналасты. Аталған білім ордасында тапжылмай 20 жыл жұмыс істеген уақыт аралығында алдына келген талай бүлдіршінге әліппені танытып, білім нәрімен сусындатты. Өзіндік тәжірибесімен еленген ұстаз кейін Ыбырай атамыздың атын иеленген мектептен арнайы шақырту алады. «Ел тарихындағы алғашқы ұстаздың есімі берілген мектепте еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе болды» дейді өзі бұл турасында.

М
Ұ.Сабыржанқызының жеке мұрағатынан

«Негізі мен он жылдықты орыс мектебінде бітірген едім. Ал жоғары оқу орынын қазақ тілінде тәмамдадым. Сондықтан екі тілде сауатты сөйлейтінімді ескеріп, осы білім ордасына шақырды. Қазір инклюзивті қос сыныпқа жетекшімін», – дейді.

Осы ретте әдетегі оқушыларды тәртіпке жұмылдырудың жүгі жеңіл болмай жатқанда, ерекше күтімді қажет ететін баланың тілін табудың оңайға түспейтінін айта кекен жөн болар.

«Абай атамыз: «Өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» деп текке айтпаса керек-ті. Мен өзгені қойып, өзімнің балаларымды да таяқпен, ұрыспен жөнге салған емеспін. Ақылмен айтып жеткізуге тырысамын. Міне, кезекті оқу жылының аяғында тағы бір сыныпты бастауышпен қоштастырып жатырмын. Апай, сізді қимаймыз дегенді айтып, күніге біреуі құшақтайды. Мен де өз кезегімде алдағы сыныптарда жақсы оқып, ақын атамыз айтқан тетігін тапқан кірпіштей, өмірде өз сара жолдарын салуға кеңес беремін», – дейді Ұлтуған Есен.

«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті» дегендей, білікті ұстаз кейін Кенен Әзірбаев көшесінен мемлекеттік бағдарлама аясында үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген екен.

Тағдыр тезімен өмірлік серігінен айырылған жалғызбасты ана бүгінгі таңда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Стандарттау және сертификаттау» мамандығы бойынша екінші курсты тәмамдаса, ал қызы оныншы сыныпта оқиды. Анасының тұщымды тәрбиесімен сусындаған ұстаздың қызы да мұғалім болуды армандайды екен. «Ұрпақтар сабақтастығы» деген осы болса керек.