20 Ақпан 12:41

Жекеменшік ЖОО басшылары Президентке НЕГЕ үндеу жолдады?

Фото:

Кеше интернет сайттары «Kozachkov offside» Телеграм каналында жарық көрген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Ғылыми кеңесінің хатын жарыса жариялады. Хат авторлары Білім және ғылым министрлігінің барлық әкімшілік ресурсы отандық ірі университеттерге зиян келтіруге бағытталғанын жазған. Себебі, университеттерде жиі тексеріс болып, қысым жасалады екен. 

Оған бірқатар жекеменшік оқу орындарының ректорлары үн қосты. Себебі, олар министр Аймағамбетовтің тексерісінен зәрезап болған-мыс. Атап айтқанда, Орталық Азия университетінің ректоры Марат Надыров, Астана университетінің ректоры Айгүл Усерова, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институттың ректоры Абзал Шегенбаев, Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры Серік Әлиев, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры Ақмалдин Ажидинов, «Болашақ» Қызылорда университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков, «Сырдария» университетінің ректоры Серік Мамраимов үндеуге қол қойған. 

Президенттің атына жолданған үндеуінің мазмұнына үңілсек, жемқорлық фактілері тек қана жекеменшік оқу орындарында ғана емес, мемлекеттік оқу орындарында ғана өршіп тұр дегенге саяды. Сондай-ақ, тексерістің 90 пайызы да жекеменшік жоғары оқу орындарында жүргізіліп жатқанына наразы екенін жеткізген.

«Кейбір 3000 студенті бар мемлекеттік оқу орындарында ешқандай тексеру жүрмеген. Бұл қаншалықты әділ? Бұл білім сапасының төмендеуіне әсер етпей ме? Статистика бойынша Қазақстанда 2018-2019 жылдары 600 мыңнан астам студент білім алған. Сәйкесінше, мұндай студентке профессорлық құрам ретінде білім беретін 60 мың педагогтың кемінде 30 мыңының ғылыми дәрежесі болуы тиіс. БҒМ мәліметінше, еліміздегі 38 мың професорлық-оқытушы құрамның 19 мыңында ғана ғылыми дәреже бар. Бұл барлық өңірдегі оқу орындарына тән жағдай. Бұдан нені аңғаруға болады? Қазір бізде педагогтер тапшы. Олардың 80 пайызы ЖОО штатында тіркелуі тиіс. Егер тіркелмесе, министрліктің бұйрығы бойынша ол оқу орны талапты ескермегені болып саналады. Нәтижесінде тәжірибесі мол кәсіби білікті маман бір ғана университетке тәуелді болып қалады. Біздегі мамандардың біліктілігін арттыру нормасын да қайта қарауды талап етеміз. Соның салдарынан қаншама жекеменшік оқу орнының лицензиясы қайтарып алынды», – деген.

Қысқасы,  жекеменшік ЖОО ректорларының пікірінше, министрлік тексеруді заңнамаға сай жүргізбейтінге ұқсайды. Тіпті, президенттен араша сұраған олар министрліктің жоғары білім жүйесіне қатысты саясаты мен талабын қайта қарауын және педагогтердің біліктілігін арттыруға күш салуын талап еткен. Үндеудің тоқетерінде үздік білім бағдарламасын барлық ЖОО-на енгізіп, оқу орнын «жақсы» және «жаман» деп бөлуді доғарсын депті.  

Жекеменшік ЖОО басшылары Президент Қ.Тоқаевқа үндеу жолдауға не мәмжбүрледі? Әлде, олар да өздеріне тықыр таянғанын сезді ме? Министрлік нені көздейді?

Университеттер мен колледждерді лицензиясынан айыру туралы пікір білдірген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Студент 1-курста келіп, құжаттарын тапсырып, кейін 4-курста бір келіп, дипломын алып кетеді. Бұл кімге керек? Бұл не береді? Бізде бір топта үш-төрт адам оқитын университет көп, оның басым бөлігі – жеке ЖОО. Бұл экономикалық тұрғыда да тиімсіз. Бұдан кім зардап шегеді? Бұдан сіз, мен және қоғам зардап шегеді. Себебі, ол жақтан сауатсыз заңгерлер, судьялар, прокурорлар, мемқызметкерлер, мұғалімлер мен дәрігерлер шығады», – деген мәселенің ашығын айтып.  

«Жыл сайын 40-70 мың түлек білімсіз-ақ диплом алуына жол бере алмаймыз. Енді не істеу керек? Нарық өзі реттелуін күтіп отыруымыз керек пе? Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Университетті жабу, лицензиядан айыру оңай процесс емес. Алдын ала ескертеміз, тексерісті арнайы органдарға тіркейміз. Олар бұл туралы біледі, содан кейін оларға барамыз. Тексерістің өз ережесі бар. Тексерген соң, бұл жағдайды түзету үшін алты айға дейін уақыт береміз. Екінші, кейін үшінші рет тағы тексереміз. Университеттердің жағдайды түзетуге мүмкіндігі бар. Бірақ олар бір жыл, бір жарым жыл ішінде ешқандай шара қолданбаса, жағдайды түзете алмаса, уәкілетті орган сотқа шағымдануға және лицензияны қайтарып алуға құқылы ма? Менің ойымша, жауап айқын. Иә, біздің қоғамда басқа көзқарасты ұстанушылар өте көп. «Оларға тиіспейік, күте тұрайық» дейді. Кейін «Оларға лицензияны кім берді? Соны шешіп алайын» дейді. Яғни, олар мәселені әдейі басқа жаққа бұрады. Жақсы. Сапа бар ма? Жоқ. Онда лицензияны қайтып алайық. Яғни, біз университеттерді жауып жатырмыз», – деп түсіндірді министр.

2019 жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке дипломды «басып шығаратын» университеттерге қатысты шара қабылдауды тапсырғаны есте. Осы тұрғыдан келгенде министрліктің қолға алған шарасын бұрыс деуге келе ме? 

Тегтер: