Экс-президент пен олигархтарсыз экономика. Биыл бізді НЕГЕ қызық сценарий күтіп тұр?
Олигархтар экономикалық жүйеден аластатылса да, жүйелік проблемалар ешқайда кете қоймады. 2021 жылы 4 пайызға өскен Қазақстан экономикасын биыл не күтіп тұр? Nege.kz экономистермен тілдесіп көрді.
Былтырғы жылдың экономикалық картинасын Үкімет отырысында қорытқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібінің 5,5 пайызға, ал құрылыс индустриясының 7,6 пайызға артқанын мәлімдеді. Шикізат секторынан тыс осы екі сала экономиканың өсуіне қолдау білдірген.
«Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды», – деді Президент.
«Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны төмендету – басты міндеттердің бірі. Ең бастысы, біз азаматтардың табысын арттыруымыз керек. Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Дүниежүзін жайлаған індеттің беті қайтпай тұр. Соның салдарынан елдегі іскерлік белсенділік төмендеп кетті»
«Биыл экономикамыздан ешқандай ерекше нәрсе күтпеймін. Неліктен? Біздің экономикамызда екі негізгі сегмент бар – шикізат және шикізаттық емес секторлар. Егер шикізат секторын алатын болсақ, мұнда трансұлттық компаниялар мен олигархтар ықпалы басым. Олигархтар шикізат бағасының жоғары болуына қарамастан, қазір инвестициясын тоқтата тұруы мүмкін. Өйткені олар үшін саяси тәуекелдер күшейе түсті. Нәтижесінде, шикізат секторындағы өсім күтілмейді», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.
Оның айтынша, шикізаттық емес секторды саралайтын болсақ (сауда, құрылыс және т.б.), мұнда олигархтар факторынан басқа, жалпы халықтың нақты кірістерінің төмендеуін атап өтуге болады. Ал инфляция өз кезегінде нақты кірістерді жеп қоюда.
«Иә, бюджет қызметкерлерінің, шикізат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы аздап өсті, бірақ бұл экономикалық белсенді халықтың 25 пайызы ғана. Экономикалық белсенді халықтың 75 пайызы үшін табыс өскен жоқ. Ал бағалар керісінше барынша өсуде»
«Биыл экономикалық өсім тіпті былтырғыға қарағанда төмен шығуы мүмкін», – деп топшылайды экономист Айдархан Құсайынов. Бізді алдымызда инфляция мен теңге бағамы сынды ауыр сынақ күтіп тұр.
Фото: sputnik.kz
«Бәлендей кесіп болжам айту қиын. Ұлттық Банктің өзі қойып отырған инфляция коридорына 2022 жылды былай қойғанда, 2023-2024 жылдары оралуымыз екіталай»
«Қазір Президент жариялаған реформалардың қаншалықты жүзеге асатынын айта алмаймын. Мысалы, облыс әкімдерінің сайлауы өңірлер экономикасының өсуінің драйвері бола алар еді. Әкім болып сайланған адам, облыс экономикасының өркендеуіне аянбай күш салады деп күтуге болады», – деп жалғастырады Марат Қайырленов.
«Қазір әкімдер тағайындалып алады да, сол өңірді қашанға дейін басқаратынын өздері де білмейді. Сондықтан олар өз өңірін керемет дамытады деп үміттенудің өзі қиын»
Президент Үкіметке халықтың жағдайын көтеруді ең басты шаруа ретінде тапсырып отыр. Бірақ халықтың әл-ауқатының артуы – экономика өседі дегенді білдірмейді. Керісінше, 2000-2019 жылдардағы олигархат заманында экономика өссе де, халық кедейленген тенденцияны байқадық.
-
Тақырыпқа орай: Бюджеттің көз жасы. НЕГЕ бізде реформаларға да ақша керек?
Қазіргі Ақорданың жүрісі түсінікті – олар түскен табыстың Назарбаевқа жақын адамдардың қалтасына кетуін емес, бюджетке бағытталуын қамтамасыз етпек. Ол Ұлттық қорды мейлінше сақтай отырып, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Экономика бұл жағдайда қайтпек? Тағы да мұнай бағасына үміттене ме? Әлде импорт алмастыру арманына ұмтылуын жалғастыра ма? Осы сұрақтың жауабын біз наурыздағы Президент үндеуін тыңдап, бірінші жартыжылдықтың экономикалық қортындысын алғанда барып топшылайтын боламыз.