Мұнай-газдың дәуірі өтті. Тимур Құлыбаев енді НЕГЕ криптаға ауысуы мүмкін?

NEGE порталы болжағандай, биылдан бастап олигарх Тимур Құлыбаев мұнай-газ секторынан шыға бастады. Себебі ол өткен жылы мұнай-газ активтерін тиімді ететін монополиялық логистикалық тетіктен айрылып қалған болатын. Ол тетік жоқ кезде шикізаттық компаниялары бірден шығынға батты.
Олигархтың қаржылық кеңесшілері «Joint Resourсed» холдингінің компаниялары сатылып біткеннен кейін, жаңа заман рухына сай цифрлі активтер, оның ішінде крипта технологияларға ауысуды қарастырып отыр. NEGE дереккөзі осындай жобалар туралы ұсыныс пайда болғанын жеткізді.
Атап айтқанда, әңгіме ең ауқымды ЦОД-тар, майнинг пен дата орталықтар, «жасыл майнинг» бағыты аясында күн мен жел электрстанцияларын тұрғызу турасында болып отыр. Бір сөзбен әспеттесек, болашақта Тимур Құлыбаев экологиялық жел мен күн энергиясынан келген электр тоғын криптавалюталар майнингіне бағыттауы мүмкін.

Бұл Тимур Құлыбаевтың жауапты, экологиялық таза және ешқандай монополия құрмай адал жұмыс істеп жатқан прогрессивті, технологиялық кәсіпкер ретіндегі жаңа имиджін құрар еді. Мұнайгаз, жанар-жағармайлық бизнестен шығу барысында олигарх жақын арада «Qazaq Oil» станциялары желісіндегі өз үлесін сақтап қалу не сату бойынша бір шешім қабылдайтынын болжап отырмыз.
- Тақырыпқа орай: 0,2%. Тимур Құлыбаевтың Халық банктегі үлесі НЕГЕ қысқарды?
Кезінде мұнай-газ саласының сұр кардиналы атанған Тимур Асқарұлы ең майлы деген бизнестерді «Joint Resourced» акционерлік қоғамына біріктіріп, холдинг жасаған болатын. Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін демонополизацияға ілінді де, осы холдингтен береке кеткен еді. Былтыр олигарх бөліп төлеу әдісі арқылы өзіне тиесілі «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамын сатып жіберді. Өткен аптада екі жыл қатарынан шығын көрсетіп жатқан «Каспий нефть» компаниясын батыс инвесторына өткізіп, бір проблемадан құтылды.

Енді Құлыбаев «Алмэкс Плюс», «Кристалл менеджмент» сияқты компанияларын не сатады, не жабады. Одан кейін Qazaq Oil бойынша түпкілікті шешім қабылдауы қажет. Бірақ Құлыбаев бастысы «Halyk» тобымен қатар «Viled» премиум әшекей фирмасын, «Бахус» арақ-шарап зауытын және бизнес-орталықтардағы коммерциялық мүліктерді басқаратын бизнестерінен бас тартпайды. Себебі оларға сұраныс төмендеген жоқ.
Тимур Асқарұлының өзіне ұсынылған «жасыл майнинг» бағытына инвестор болу туралы ұзақ ойланатыны анық. Олигархтың ешқашан асығыс, түпкілікті зерттелмеген шешім қабылдамайтынын байқадық. Бірақ, бұл ұсыныс оған қызық болып жатса, біраз уақыттан кейін нарықта жаңа сигналдар пайда бола бастауы мүмкін.