1 Желтоқсан 09:07
...

Екібастұз эксцесінің ерекшеліктері

Фото:

Бұл күндері Екібастұздағы аса қиын жағдай жайында екінің бірі жазып жатыр. Жұртшылық наразылығы әбден орынды, айтылып жатқан негізгі ойлар дұрыс. Оқырманның уақытын алып, оларды қайталамай-ақ қояйын. Тек қана Екібастұз эксцесінің ерекшіліктері, оның саяси себептері мен салдары туралы сөз қозғайын.

Алдымен себептер хақында.

Біріншіден, басты себеп Клебановта емес, клебановтар секілді олигархтарды дүниеге келтіріп, оларды алшаңдатып қойған саяси жүйеде, кезінде бір күнде жабайы капитализмге аттап, халық байлығын ат төбеліндей топқа өз қалауынша үлестіріп бере салған билікте.

Екіншіден, ашығын айтайықшы, қоғамның да бұл себепке қатысы бар: жұртшылық кезінде сол жаппай жекешелендіруге қарсы шыққан саяси күштер мен тұлғаларға тиісті қолдау көрсете алмады.

Үшіншіден, осы жөнсіздіктер үшін жауапкершілік 30 жыл бойы басқарған Назарбаевта ғана емес. Осы жылдар бойы оның командасында болған, жекешелендіруге тікелей жауап берген және халық меншігін талан-таражға салған ықпалды тұлғалар да жауапты. Осыны айтпасақ, олар бар кінәні кешегі өз жарылқаушысына арта салып, сүттен ақ, судан таза боп шыға келмек.

Төртіншіден, мәселе тек қана жекенің қолына көшкен жылу орталықтарында ғана емес, осы күнге дейін мемлекет меншігіндегі ондай құрылымдар баршылық. Олардың бәрінің төрт құбыласы тең деп ешкім де айта алмайды. ЭКСПО өткізу мен өз банктерін құтқаруға қыруар қаржы бөлген бұл билік қазандықтар мен жылу жүйелерін жаңалауда жомарттық танытады дейсіз бе (айтпақшы, осы уақыт ішінде бюджеттен бөлінген сол ақшаның көлемі мен қайда жұмсалғаны туралы ақпарат таратылса, нұр үстіне нұр болар еді)?!

Енді салдарына келейік.

Біріншіден, жоғарыда айтылған асығыс, мемлекеттік мүддеге сай болмаған жекешелендірудің нәтижелерін зерделеп, ең алдымен, сол кезде тиісті шешім қабылдап, құжаттарға қол қойған (не қойғызған) нақты тұлғаларды жауапқа тарту керек! Олар әлі де арамызда жүр. Ертең кеш болады.

Екіншіден, Клебанов секілділерді жерден алып, жерге салайық. Бәзбіреулер жазып жатқандай, энергетикалық нысандарын тартып алайық. Одан мүйіз шыға ма? Керісінше, осындай проблемалық меншіктен құтылғанына олар қуанбаса, ренжи қоймас: осы жылдар бойына қыруар пайда тапты, соның өзі олардың үрім-бұтағына жетеді. Ал ол нысандар мемлекет меншігіне бүгін өтсе, оларды жаңғырту үкімет міндетіне айналады, яғни қаржы бюджеттен бөлінеді.

Сол себепті қызулыққа салынбай, алдымен сол нысандарды жөндеп, жаңартуды қазіргі қожайындарының мойнына артайық. Қалғанын сосын көре жатармыз.

Үшіншіден, жаман айтпай жақсы жоқ, бірақ Екібастұздағы апат ертеңгі күні қайталанбасына кім кепіл? Жылу орталықтарын айтпағанда, совет дәуірінде салынған коммуналдық жүйе, электр желілерінің тозығы шыққаны шындық. Сондықтан бізге «екінші коммуналдық» реформа керек! Әйтпесе, кеш болады. Және де ол реформаны қалай өтуі тиіс екенін қоғамның өзі шешуі тиіс. Олай болмаса, барлық іс коммуналдық тарифтерді жоғарылатумен ғана шектелуі әбден мүмкін, өйткені біздің шенділер кез келген реформаны «халықтан қосымша қаржы алу» деп қана түсінеді емес пе?!

Төртіншіден, бізге 90-жылдарының ортасында жүзеге асқан түбегейлі экономикалық реформа керек! Шынын айтайықшы, кейінгі кезде билік экономикалық популизмге салынып барады: бір жерде әлеуметтік-экономикалық дағдарыс туындаса, президент дереу жауап беріп, үкімет не әкім шешуге тиіс мәселеге араласып, тиісті қаржы бөлу керек деп жатады. Өз басым оны дұрыс деп санамаймын: әркім өз құзырындағы шаруамен айналысуы тиіс! Және де жер-жерде бұрқ етіп жатқан өрттерді сөндіруге бюджет қаржысы да жетпейтіні хақ. Сол себепті жауапкершілікті өз мойнына ала алатын, нақты экономикалық бағдарламасы бар үкімет пен әкімдер жүйесін құратын уақыт пісіп-жетті.

Бесіншіден, осындай оқыс оқиғалар қоғам санасында нарықтық, бәсекелі экономика, соның ішінде, жеке меншік деген тұғырлы түсініктерге қарсы тұтас қозғалыс туғызып жатқандай боп көрінеді маған. Идеологиялық жағынан, бұл – мүлдем қате әрі қауіпті тенденция. Қайдағы бір клебановтарға ренжіп, нарықтық тонды өртеуге болмайды!

Алтыншыдан, «экономика бірінші кезекте» деп, тағы да саяси реформаны кейінге қалдырып жүрмесек. Меніңше, қос реформа қатар жүрсе ғана, табысты болады.

Жетіншіден, осы күндері барша жұрт тек осы тақырыпты талқылауда деп жоғарыда жаздым. Бірақ, бізде орынды уәждерге хайп пен хейт араласып кететіні тағы бар: әмбебап сарапшылар енді «жылу қазандықтарының маманы» боп шыға кеп, әлеуметтік желіні жарып, елді таң қалдыруда. Бұл – қазіргі ақпарат жағдайының заңдылығы, оны жоққа шығара алмайсың. Қоғамдық пікірде «анадай да бар, мынадай да бар».

Ең өкініштісі сол: бір аптадан соң, Екібастұз үйлеріндегі жылу батареялары іске қосылмай жатып, осының бәрін ұмытып кетеміз...

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.

Тегтер: