7 Ақпан 10:30

Ой патшасы Сүлеймен. Тимур Сүлейменовтың жаңа қызметі туралы кім не деді?

Фото:

Президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ашылған Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау-мониторинг орталығына басшы болып Тимур Сүлейменов тағайындалған еді. Бұған дейін президенттің экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі болған экс-министрдің орталыққа келуін көптеген сарапшылар жылы қарсы алды. 

Негізі Тимур Сүлейменовтың имиджі жақсы. Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясында еліміздің мүддесін бір адамдай қорғады. Кейін Ұлттық экономика министрі болғанда да өз жұмысын орнықты атқарды. "Теңге біздің тәуелсіздігіміздің нышаны" деп, одақ аймағында ортақ валюта енгізгісі келген кремльшілдерді сабасына түсірді. Бастысы, ешкіммен сөзге келмей, түрлі даулардан басын бөлек ұстады. Ипотекасын төлеп біткеннен кейін, министр креслосын босатып, президент әкімшілігіне қызметке кетті. 

Осының алдында мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, президент әкімшілігі жанында әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау-мониторинг орталығын құруды тапсырған еді. Оған бюджет қаржысын жұмсауға тиым салынды. Бірақ орталық қызметкерлерінің жалақыны қайдан алатыны бізге беймәлім. 

"Үкімет реформаларды әзірлеп, оларды жүзеге асырады, кейіннен өз жұмысының сапасын бағалайды. Президент әкімшілігі жанында әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау-мониторинг орталығын құруды тапсырамын. Оның құрамына президент әкімшілігі қызметшілерінен бөлек, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері енеді. Осы институтты дамыту деңгейіне қарай ол президент жанындағы реформалар бойынша агенттікке өзгеруі мүмкін. Әзірге ешбір бюджеттік шығындарсыз әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығын құрып көрейік".

"Сүлейменовтың талдау және мониторинг орталығына басшы болуы логикалық тұрғыдан өзінен-өзі сұранып тұрған шешім", – дейді экономист Айдархан Құсайынов.

"Себебі, орталық президент әкімшілігінің жанынан құрылып отыр, ал Сүлейменов президент әкімшілігінде экономикалық даму бойынша мәселелермен айналысады. Сондықтан оның тағайындалуын күтпеген шешім деп айта алмас едім".  

Nege.kz сұрау салған басқа сарапшылар, "Бізге Сүлейменовтың тағайындалғаны емес, оның орталық жұмысын қалай ұйымдастыратыны, президентке елдегі экономикалық жағдайды қалай жеткізетіні мен одан қандай нәтиже шығатыны қызық" дейді. Сондықтан экономика білгірлері орталық жұмысының алғашқы нәтижелерін күтіп отыр.  

Тегтер: