Көктемнің әр күні жылға азық
Қазақстан – аграрлы ел. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі. Мұнай саласын айтпағанда. Көктем шығып, жер көгере, дихан кәсібіне кіріседі. Биылғы егіс науқанына дайындығымыз қалай? Жыл сайын жер емген дихандарды қинайтын нәрсе – тыңайтқыштар мен техниканың қымбаттауы. Мұның алдын алу үшін қандай нақты шаралар жасалып жатыр?
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сауалға жауап беруден жалтармады. Айтуынша, науқанға тас түйін дайын. Қаражат та жеткілікті.
«Былтыр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы 140 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ерте қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қаңтар айынан бастап бюджет қаражатын бөлу қамтамасыз етілді», – дейді министрлік.
Министрліктің есебінше, шаруа биыл қаржыдан қысылмайды. Өйткені, биыл оларға 140 млрд теңге бюджеттен несие қарастырылып отыр. Осы уақытқа дейін 3200 адам қарыз алып үлгеріпті. Бұл ақша шамамен 2 млн га алқапта егіс пен егін жинауға жетіп артылады.
Әдетте, әр науқан сайын фермерлер жоқ дегенде 1,5 трлн теңгеге зәру болып шығады. Жыл сайынғы сұраныс осыны көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Үкіметтің 2024 жылғы 7 ақпандағы кеңейтілген отырысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге осы көлемде ауқымды қаражат бөлу қажет екені айтылды.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Жобада жыл сайын кемінде 1,5 трлн теңге көлемінде тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, жанар-жағар май сатып алуға қаржы қарастырылған.
Бұл тұжырымдама жобасы жақында қолға алынбақ. Жаңа редакциясы мемлекеттік органдармен келісілген. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің аппаратында қарастырылу үстінде.
Әрине, жаңа науқан кезінде өткен науқандардың тәжірибесін басшылыққа алады. Былтыр 2023 жылдың шілдесінде бюджет қаражаты толық игеріліпті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып жатқан 3796 шаруашылық қаржыдан ешбір қыспақ көрмеген.
2023 жылғы табиғи-климаттық ахуал қолайлы болды деп айта алмаймыз. Осындай төтенше жайттарды ескерген жөн. Қаншама фермерлердің жоспары орындалмады. Шығынға ұшырағандар да бар. Несие алып, өтей алмағандарға мемлекет жеңілдік жасап отыр.
Сондықтан кредитті ұзарту іс-шаралары жүргізілді. 20 млрд теңге көлеміндегі негізгі борышты төлеу мерзімі 2024 жылдың 30 қарашасына ауыстырылды. Бұл зардап шеккен қарыз алушылар үшін үлкен көмек. «Кең дала» бағдарламасы бойынша төлем мерзімін ұзартуға мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл шаруашылық техникаларының жаңарту мәселесі өте өзекті. Бұл мәселе қалай шешімін табады? Билік қандай шара қолдануды ұйғарып отыр? Енді осы мәселеге аз-кем тоқталып өтейік.
«Ауыл шаруашылығы техникасының техникалық паркі соншалықты тез жаңартылмайды. Машина паркінің тозуы – 76%. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын жалпы жинаудан, жөндеу мен жанар-жағармайдан бөлек қосымша шығындарға әкеп соғады», – дейді министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайтын мемлекеттік қолдау шаралары өзінің тиімділігін көрсетіп отыр деп біледі. Сол шаралардың ішінде, инвестициялық шығындарды субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бар. Бұл машина-трактор паркін жаңартуға мұрындық болып отыр.
«2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі бар болғаны 1,9% болды. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 4,5% -ға дейін ұлғайды», – дейді аталған министрліктің баспасөз қызметі.
Десе де, Қазақстан секілді аграрлық елге бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екені анық байқалады. Бұл мәселе биік мінберлерден де сан мәрте көтерілді. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8-10% -ға дейін көтеруге тапсыруы осыны көрсетсе керек.
Фермерлер тарапынан ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныс аз емес. Инвестициялық шығындарды субсидиялау және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламаларының бюджеттері 72 млрд. теңгеден 124,4 млрд. теңгеге дейін (72% -ға) және тиісінше 43,2 млрд. теңгеден 85,2 млрд. теңгеге дейін (97% -ға) ұлғайды.
«Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру көлемін арттыру мәселесі пысықталатын болады. Осылайша, 2023 жылы 20,0 млрд. теңге сомасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жем-шөп жинау техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру бағдарламасы іске асырылды», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ қорынан 20,0 млрд. теңге бөлінді. Аталған бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы техникасы 7-10 жыл мерзімге жылдық 6% -бен лизингке сатылады.
Десе де, мұның да жағымсыз жағы бар көрінеді. Әйтеуір, ауыл шарушылығы мамандарының осыған саяды.
«Отыз жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келеміз. Техникамыздың бәрі жаңа. Комбайн, тракторларымыз, тіркемелер мен пресстерді де жаңалап алдық. Біразын лизинг бойынша, біразын өз қалтамыздан сатып алдық. Беларусь техникалары. Жақсы жұмыс істеп тұр. Бірақ қазір сатылып жатқан техника Қытайдан және басқа да елдерден әкелініп жатыр. Көңілім толмайтыны, біздің мүмкіндіктерімізді де ескерген жөн. Бізде қазір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін бірде-бір станса жоқ», – дейді «Бәйелі болыс» шаруа қожалығының иесі Жұмасейіт Нұрбаев.
Қазір шаруалар қолындағы техникасын қолынан келгенше өздері жөндеп алып жүр. Шетелден келіп жатқан техниканы жөндеу оңай емес. Өте күрделі.
«Егіс алқабында бұзылып қалса, тракторшымыз екі сағаттың ішінде жөндеп алатындай техника керек. Олар бізге сервис ұсынып отыр. «Барамыз, жөндеп береміз» дегендей. Көктемнің әр күні емес, әр сағаты бағалады. «Көктемнің әр күні жылға азық». Оларды келгенін күтіп, кезекке тұру – уақыт жоғалту», – дейді шаруа.
Ауыл шаруашылығы мамандарын баға саясаты мен үйлестіру мәселелері де қанағаттандырмай отыр. «Техника сатудың артында бір мүдделі топ тұр ма?» деген күдігін де жасырмайды.
«Өйткені, кім көрінген техника әкеп, сата алмайды. Кез келген техникаға субсидия жасалады. 30 пайызға дейін. Соның кесірінен баға қымбат. Шарықтап кеткен. Қытайдағы, Қырғызстандағы баға әлдеқайда төмен. Оларға керегі тек өткізу, жөндегенін көрген емеспін. Өзім сынақтан өткен техникаға ұмтыламын. Қытайдан келген техникалардың бөлшектері жоқ. Сондықтан техниканы орталықтандырылған мемлекеттік мекеме үйлесімді, стандартты техниканы әкелуі қажет. Әйтпесе, бір бөлшегін іздеп, Алматыға сабылып жүргенде көктем өтіп кетеді немесе күзде орақ мерзімі өтіп кетеді», – дейді Жұмасейіт Нұрбаев.