12 Сәуір 11:12
...

Джей Лоның Астанадағы концерті Қазақстанға қаншалықты пайдалы?

Әнші
Фото: ғаламтордан

Американың поп жұлдызы Дженнифер Лопестің «Астана Аренада» өтетін Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу-концерті тіпті Үкімет қабырғасында да талқыланды.

Шенеуніктер алдында сөз алған «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов әлемдік жұлдыздың концерті ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түсетінін айтты.

«Сатып алушыларды делдалдардан қорғау үшін еуропалық тәжірибені зерттей отырып, орташа бағаны белгіледік», – деген ол билеттер бағасының 40 мың мен 150 мың теңге арасында болатынын жеткізді. Айтуынша, биелеттер Қазақстаннан өзге Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда сатылмақ. Оның пайымынша, бұл елге туристерді тарту үшін тиімді. Осы ретте біз біраз сала мамандарына хабарласып, шетелдік әншінің шуы көп шоуы жайлы сұрадық.

Азамат Шуинов, Sold Out concerts ұйымдастырушысы:

Ұтпасақ, ұтылмаймыз

Джей Ло
жеке мұрағатынан

Шетелдік әншілер Қазақстанда концерт бергенде алып келер ең бірінші пайдасы – туризм. Себебі әлемдік әртістің концерті ТМД және Орталық Азияның халқын елімізге жинайды. Яғни, келген көрермендер қалтасындағы ақшаны Қазақстанға салады. Мәселен, туристер алдымен Астанадағы мәдени орталықтарға табан тірейді. Қонақ үйлерге тоқтап, мейрамханалардан ас ішеді. Осы ретте интертейменттар жоғары деңгейде жұмыс істеп, өздерін көрсетіп қалуы керек.

Екіншіден, бір әлемдік әртістің келуі өзге әлемдік жұлдыздардың келуіне жол ашады. Мысалы, Дженнифер бүгін 30 мың кісілік стадионға концерт берсе, оның арты елімізде 40-50 мың кісілік орталықтар ашуға алып келуі ықтимал. Бұл әлем бойынша аяғы жерге тимей тұрған Бруно Марс, Эминем және Оңтүстік Кореялық жұлдыздардың Қазақстанда концерт беруіне мүмкіндік тудырады.

Өйткені олар шетелде концерт беру үшін алдымен стадионыңа қанша адам сыйатынына қарайды. Мысалы, Бакудегі үлкен Динамо стадионын концерттер өткізуге пайдаланды, соның арқасында Бруно Марс, Уандер, Maroon5 сынды әншілер мен топтарды өздеріне шақыра білді. Сол сияқты Араб Әмірліктері Дубайдан өзге Абу Дабиын көтеру мақсатында алып стадион салды. Сол арқылы туризмін 2-3 есе ұлғайтып алды. Бұл ел экономикасын дамытуда ұтымды болмақ. Сондықтан алда өтер поп-жұлдыздың кешінен ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Жеңіс Ысқақова, әнші:

Сақ болуымыз керек

Дженнифер Лопес
ғаламтордан

Өнер шекарасыз. Сондықтан мен шетелдік әншілердің келгеніне қарсы емеспін. Тіпті, өзім де Джей Лоның концертіне барар едім. Бүкіл әлемді аралап жүрген әншінің кешін біздің Қазақстанның көрермені де көргені жөн. Бағалап, жаманы мен жақсысын айырсын.

Біз де өнер адамы болғандықтан олардың кеш ұйымдастыруынан, өздерін қалай ұстап, қалай ән айтып, билеу шеберлігінен, қойылым, дыбыстық қойылым, жарық қою жағынан біраз дүние үйренуге мүмкіндік аламыз. Бірақ «бұл бізге не үшін керек?» дейтін басқа бағыттағы топтар тарапынан айқай-шу шығып кетпес үшін қауіпсіздікті күйшейту қажет деп ойлаймын.

 Өйткені іріткі салушылар да болуы мүмкін. Сосын шетелдің әншілері сахнаға көйлексіз-көншексіз ашық-шашық шыға береді. Тіпті, кейбір әрекеттері біздің менталитетіміз бен мәдениетімізге кереғар келіп жатады. Осы жағына сақ болуымыз керек.

Ж.Ысқақованың ойға қонымды қорқынышын шетелдік әрі отандық әншілердің концерттерін ұйымдастыруда тәжірибе жинап үлгерген Азамат Шүйіновке қайыра қойғанымызда ол былай деп жауап қатты: «Шетелде өткен концерттерді тамашалаған адам ретінде айтар болсам, әр әнші табан тіреген елдің мәдениетіне қарай музыкасын өңдейді, киімін де түзейді, репертуарын да өзгертеді. Біріккен Араб елдеріндегі бір кеште болдым, сонда жергілікті халықтың діни тұрғыда қатаң заңға бағынатынын ескеріп, табан тіреген батыстық топ ашық-шашық киіммен сахнаға шыққан жоқ. Бұл әртістің сол елге деген құрметін білдіреді. Әрі әр әншіге концертті ұйымдастырушылар жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениеті жайлы ақпарат береді. Бұл, әсіресеғ отандық ұйымдастырушылардың тарапынан орындалатын қарекет. Сондықтан еш қорқудың қажеті жоқ».

Бауыржан Ысқақ, экономист:

Бір реттік акция

Джей Ло
ғаламтордан

– Әрине шетелдік поп жұлдыздардың елімізге келуі туризмді дамытудан өзге салықтық түсімдер әкеледі. Мұның барлығы экономикалық айналымға үлес қосады. Сондай-ақ Қазақстанның иммиджіне де әсер етеді.

Дегенмен, бұл бір реттік шара болғандықтан, ұзақ мерзімді пайда әкелмейді. Мұны «бір реттік акция» десе болады. Егер елімізге жүйелі түрде ақша түсіру қажет болса, онда Қазақстанның тарихи, мәдени мұраларын тиімді пайдалануымыз керек. Түркістан, Алтай, Баянауыл, Көлсай сынды тамаша табиғатымызды паш ету арқылы экотуризмді қолға алу қажет. 

Сол сияқты Димаштан бастап өзіміздің тума таланттарымызды халықаралық нарыққа шығару арқылы да үлкен қаражат түсіруге болады. Айталық, ауыл шаруашылығын дамытсақ та жүйелі түрде түсетін табыстың қайнар көзі табылар еді. Осы жағын ойластырғанымыз жөн.