«Донердің бағасымен бірдей болар» – Билет құнының қымбаттауы көрерменге қаншалықты әсер етеді?

Қазақстанда концерт, театр, мұражай және басқа да мәдени іс-шаралардың билеттері қымбаттайды. Бұл ақпарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, сондай-ақ мәдениет саласындағы білім беру ұйымдары жұмыстарының бағасына да өзгерістер енбек. Бұйрық 2020 жылы қабылданғанын ескере отырып, қазір бағаны өзгерту мәселесі қарастырылып жатып екен.
«Іс-шараның түріне және билет санатына байланысты өсім бірқалыпты болады», – деп мәлімдеді министрлік. Аталған ақпар бойынша біз де мәдениет саласының мамандарына хабарласып, талдау жасап көрдік.
Ерлік ЖУАСБЕК, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры:
Өнер бағалануы керек

– Мәселен, Ресейден түрлі театрлар сапарлатып келеді. Билеттерінің бағасы 25 000 теңгеден болса, біздің жергілікті театрлардың кіру ақысы бар болғаны 1000 теңге. Ал әр қойылымның декорациясы, режиссерді шақыру ақысы, актерлердің киім-кешегі, басқасы бар, кететін шығыны шаш етектен. Осы тұрғыдан алғанда өнердің бағаланғаны дұрыс.
Спектакль бір шыққаннан шығынын ақтай алмайды. Көрермен көп келетін тұщымды туынды болса ғана, жылдың соңына дейін кеткен ақысын ақтауы мүмкін.
Театрды шын сүйетін көрермен бағасына қарамайды. Кинотеатрлардағы билет театрдан бірнеше есе қымбат. Ал театр өнері – руханияттың биігінде тұрған дүние. Осы тұрғыдан алғанда оның бағасын көтеру ешқандай қиындық тудырмайды деп олаймын.
Әділ АХМЕТОВ, театр және кино актері:
Қалтаға ауыр тиеді деп санамаймын

– Театр билеттерінің бағасы айтарлықтай қымбат емес. Егер орташа үстеме қосылса, бұл ондағы актерлердің, қызметкерлердің еңбегінің бағалануы деп білемін. Сондай-ақ оқушылар, зейнеткерлер, студенттер жеңілдіктен қағылмай, жарты бағасына алады.
Сол себепті билет бағасы қалтаға ауыр тиеді деп санамаймын, әрі кетсе, бір донердің бағасымен бірдей түсер.
Баға өскенімен оның мөлшері театр да, көрермен де ренжімейтін болуы керек. Бір қызығы, кейбір спектакльдердің бағасы арзан болса, көрермен күдіктеніп, келгісі келмей қалатын кездер болады. Ал қымбаттау қойылымға «осы бір ерекше дүние шығар» деп қалмауға тырысатын әдет те бар.
Жанна ОРЫНБАСАРОВА, әнші:
Осыдан-ақ инфляция бағамын аңғаруға болады

– Әрине, азық-түліктен бастап соңғы екі жылда бәрінің бағасы өсіп жатыр. Соңынан коммуналдық төлем, залдарды жалға алу ақысы да көтерілді. Мұның соңы билет бағасына әсер етпей қоймайды. Мәселен, бұрын Республика сарайында өтетін концерттердің билет бағасы он мың теңгемен аяқталса, қазір керісінше, он мың теңгеден басталады. Осыдан-ақ инфляция бағамын аңғаруға болады. Бірақ халық соған қарамастан ұнаған әншілерінің кешіне барып жатыр. Сұраныс болса, ұсыныс та болады.
Назерке ЖАРТЫН, продюсер:
Кеткен шығынының 30 пайызын жапса, рақмет айтамыз

– Продюсер болғанға дейін, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Ол кезде мұражайға кіру ақысы үлкендерге – 50 теңге, балаларға – 20 теңге еді. Қателеспесем, бұл 2021 жылдары. Қарап отырсам, қазір бұл сомаға нан да келмейді.
Бұдан кейінгі мәселе – біздің елде ең төменгі жалақы алатындар да мәдениет саласының қызметкерлері. Оның ішіне кітапхана, музей, архив, қорық тіпті саябақтар да кіреді. Бұл санаттағы адамдар қосымша табыс табу мақсатында тойға да шыға алмайды. Егер билет құны өссе, мұндай мекемелердің өзін-өзі қаржыландыруға жол ашылар еді деп ойлаймын.
Мәселен, Ұланғасырдың жас ерекшелігін ескеріп, билет бағасының максималды мөлшерін он мың теңгеге бағаладық. Ал ата-анасымен еріп келетін балалар мен жасөспірімдерге одан анағұрлым арзанырақ. Өйткені халыққа қолжетімді болсын дедік. Дегенмен, концерт кеткен шығынының 30 пайызын жапса, рақмет айтамыз. Себебі, көп ойлағандай әншілер берген концерттен табыс таппайды. Керісінше, той-томалақтан тапқан-таянғанын концерт өткізуге салады.
***
Алда бірқатар әншілер ел алдында есеп бермек. Мәселен, мамыр айының соңында Димаш Құдайбергеннің концертіне билет бағасы 15000 теңгеден басталады екен. Онда Сәкен Майғазиев, Зарина Алтынбаева, Дастан Оразбеков, Әміре, Садраддин, Ақбота-Нұр, «Кешью» тобы қонақ болмақ. Ал 50 жастарын атап өтпек Әділ мен Дананың концертінің бағасы 5000, күйші Темірлан мен Ернаттың кеші 3500, Қанат пен Қайраттың әзіл кеші 4000, Ерден Жақсыбектің кеші 5000, Дастан Оразбектің кеші 7000 теңгеден басталады.
Алматыға ат басын тіремек ресейлік әншілер де аз емес. Атап айтар болсақ, Бьянканың кеші 10 000, Серей Лазаревтың кеші 12 000, Макс Корждың кеші 18 000-нан жоғарылай түседі. Қарап отырсақ, отандық өнерпаздардың кеші сырттан келетіндердің бағасымен теңесіп қалған екен. Өзіңді өгейсітпеу тұрғысынан алсақ, бұл – орынды қадам. Дегенмен, қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда Мақпал мен Розаның, «Шаншар» мен Тұрсынбектің өнері десе ішкен асын жерге қоятын қарапайым қазақтың қалтасына салмақ түспей ме? Бізді ойландыратын сұрақ осы