Доллар дүрбелеңі: Теңге қашан тұрақталмақ?
Қаржы министрі: Доллар құнының шектік бағамы 460 теңге болуы мүмкін
Үкімет валюталық интервенцияны ұстап тұру үшін ұлттық қордан 960 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде доллардың бағасы түскендей болды. Мың құбылатын теңгенің құны қашан тұрақталатынын білмек болып қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сұрау салдық. Министр өз сөзінде: «Валюта 1 долларға 500 теңгеге дейін шарықтағаны естеріңізде шығар. Ешқандай «катастрофа» болған жоқ қой, керісінше, теңге өз бағамын қайтарды. Ол нарықтағы сұраныспен ұсынысқа байланысты. Доллар құнының шектік бағамы 460 теңге болуы ықтимал», – деді ол.
Бірақ министр экономикамыздың өте сезімталдығын алға тартып, алдағы уақытқа болжам жасау күрделі екенін айтты.
«Біз бюджетке болжамды бағам емес, есептік бағамды енгіземіз. Валюта ағынын, индексацияны, бағам айырмасын бәрібір де есептеу керек. Сол себепті біз бір долларды 460 теңге деп алдық. Халыққа айтарым, теңгелерін долларға жаппай ауыстыру қажет емес. Біз солай ғана теңгемізді тәуелсіз ете аламыз», – деп түйіндеді министр өз сөзін.
Теңгені тұрақтандырудың жолдары қандай?
Экономист Бауыржан Ысқақов «Қазақстан ішкі импорттық тауарлаға тәуелділіктен бас тартпай жатып, экономика алға баспайды» деген пікірде. Оның сөзінше, халыққа қажет тауарлардың кемінде 35-40 пайызын отандық кәсіпорындар қамтамасыз еткен жағдайда ғана ортақ бағаға әсер етуге болады. Экономист елге сырттан келетін тауарлардың үлес салмағы 75-80 пайызға дейін жеткенін айтады.
«Қазақстан халықтың ішкі сұранысын тек импортпен ғана қамтамасыз етіп отырғандықтан, өзге елдің валютасына тәуелділіктен жақын арада құтыла алмайды. Қазір Батыс елдері Ресейден мұнай тасымалдауды шегерді. Бұл әлемдік экономиканың негізгі валютасы – доллардың позициясына да кері әсерін тигізе бастады. Көптеген өндірушілердің қызметтері Ресей мұнайына белгілі бір деңгейде тәуелді. Осы қатарға Қазақстанды да қосуға болады. Мұнай тасымалдайтын әлемдегі негізгі бес мемлекеттің қатарындамыз. Тасымалдың тежелуі доллардың арзандауына ықпал етіп отыр», – дейді ол.
Фото: ғаламтордан
Сонымен қатар, валютаны сату, сатып алу кезінде болатын ажиотаждың инфляцияға ұрындырғаны белгілі. Қазақстанда бір ай бұрын доллар құнының шамадан тыс көтеріліп кетуі нарықтағы дүрбелеңге тікелей байланысты. Яғни нарықта бей-берекетсіздік болған уақытта доллардың бағамын алыпсатарлар тиімді пайдаланды.
Базардағы ахуал: Азық-түлік бағасы түсті ме?
Наурыз айында қантқа халық арасында сұраныс артты. Қанттың 40% -ын Ресейден алатын Қазақстан абдырап қалды. Украинаға соғыс ашқан Ресейді Батыс елдері санкция құрсауына алды. Салдарынан Ресей рублімен бірге Қазақстанның ұлттық валютасы да күрт құнсызданды. Нәтижесінде базардағы баға шарықтады. Ал қазіргі баға қандай? Базардағы тауар бағамын білмек болып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «BIG Шанхай» базарын араладық.
Өткен айда тікелей шетелден тасымалданатын тұрмыстық химиялық заттарды таппай дал болған едік. Алайда бүгін сол олқылықтардың орны толғандай, базарда барлығы самсап тұр. Тек бағалары тым қымбат, дегенмен өткен аймен салыстырғанда баға тұрақтанған. Ұсақ тауарларға 50 теңге ірі заттарға 100 теңге қосылыпты.
Тұрмыстық заттардан бөлек, құрылысқа қажет құралдардың да бағасы біршама төмендеген. Мәселен, Қытайда өндірілген түс қағаздың бір орамы өткен айда 10000 теңгеге сатылса, ал бүгін 9700 теңгеге дейін түсіпті.
Наурыз айында ірі сауда орындарынан ғана табылған азық-түліктің бағасын да салыстырып көрдік. Көтерме бағада 1050 теңгеге сатылған бананның бір келісі 860 теңгеге түсіпті, 600-700 теңгеге сатылған бір келі қанттың көтерме бағасы – 450 теңгеге.
Шанхайдың кіреберісінде нан мен шай сатып отырған Нұргүл апайды сөзге тартып көрдік. Алғашында жауап беруден бас тартқан ол: «Баға ақырындап түсіп жатыр. Бірақ бізге өте тиімсіз, шайға тек 30 теңге ғана қосып сатып отырмыз. Халық көп тұтынатын кейбір тағамдар тіпті Ресейден келмей жатыр. Печенье, прянник, кәмпит сынды тағамдарды шамадан тыс алуға мәжбүрміз. Себебі «оптовиктер» аз алсақ, көтерме бағамен бермейді. Сондықтан мардымсыз пайда көріп отырмыз. Әр аптада қала билігі келіп, бағаларды бақылап кетеді. Мына жерде отырған бәріміз бір бағаны ұстап отырмыз. Сәл тиын қоссақ, халық алмайды», – дейді ол.
Демек, үкімет бағаны қадағалауға әрекет жасап жатыр. Бірақ экономикаға тың қаражат, тың күш беретін өзге де секторларды нығайтудың амалын қарастырған жөн. Қаржы министрінің сөзіне сенсек, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Дегенмен де халық әлі де алаңкөңіл.