4 Қазан 12:58

АЭС: Үміт пен күдік

құрылыс
Фото: petrocouncil.kz

Қоғамда АЭС салу-салмау мәселесі қызу талқылануда. Желідегі пікірлер легіне көз жүгіртсек, бірі референдумға қатысып, өз көзқарасын білдіретінін жеткізсе, енді біреулер «біздің дауысымыз ештеңе шешпейді» деп қайыруда. Тіпті кейбіреулер биліктің бұған не үшін құмартып отырғанын да білмейді. Ендеше, әңгімені осыдан бастайық.

Атом электр станциясы (АЭС) – бұл атом энергиясын электр энергиясына айналдыратын өндірістік кешен. Оның жұмысының негізі ядролық реакцияларда жатыр, бұл кезде ауыр атом ядролары мысалы, уран немесе плутоний ауыр атом ядролары бөлшектеніп, үлкен мөлшерде энергия бөлінеді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуы бойынша, атом электр станциясы – елдің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырудың технологиялық, экономикалық және экологиялық тізбегінің құрамдас бөлігі. Бұған біздің қажеттілігіміз артып келе жатқанын алға тартқан министр: «Біз электр энергиясын көрші елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Халықтың, мемлекеттік сектордың және өнеркәсіптің қажеттіліктерін электрмен қамтамасыз ету үшін жаңа, жоғары тиімді, тұрақты энергия көздерін салуға міндеттіміз», – деп түсіндірді. Яғни, жоба Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру және жаңартылатын энергия көздерімен үйлестіру мақсатында қарастырылуда.

Әрине, негізінен Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің бірі болғандықтан, АЭС салу бір қарағанда логикалық қадам болып көрінеді. Бұған дейін құрылыс нысанын салу үшін Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен ауылы таңдалған.

Сәтқалиев
ашық дереккөзден

Ал энергетика министрі жуырда берген сұхбатының бірінде бұл жорамалды бекітіп бергендей болды. Алайда халықтың пікірі мен экологтардың алаңдаушылығы  жобаны іске асыру немесе асырмаудың маңызды факторы саналады. Ендеше, елді екіұшты ойға қалдырып отырған атышулы АЭС-тің артықшылығы мен кемшілігіне аз-кем тоқталып өтейік.

Егер бұл жоба іске асатын болса, оның мынадай артықшылықтарын көреміз:

1. Жоғары тиімділік: Ядролық реакция кезінде бөлінетін энергияның мөлшері өте жоғары. Мысалы, 1 келі уранды бөлген кезде көп мөлшерде энергия алуға болады, бұл көмір немесе газбен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.

2. Төмен көмірқышқыл газ шығарындылары: АЭС парниктік газдарды мүлдем бөлмейді. Сондықтан ол климаттың өзгеруімен күресуде маңызды рөл атқарады. Басқа электр станцияларымен салыстырғанда, АЭС атмосфераға зиянды заттарды аз шығарады.

3. Тұрақты және үздіксіз энергия көзі: Жел немесе күн энергиясынан айырмашылығы, АЭС ауа райына тәуелді емес және тәулік бойы тұрақты жұмыс істей алады. Бұл оны сенімді энергия көзіне айналдырады.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева АЭС салу мәселесіне жан-жақты қарау қажеттігін айтады. Оның пікірінше, климаттың өзгеруімен күресте парниктік газдарды азайту үшін АЭС тиімді болуы мүмкін. Бірақ бұл шешімді қабылдамас бұрын, қауіпсіздік және экологиялық әсерлерді терең зерттеу керек екенін айтады.

Бірақ бұл жобаның зиянды жақтары да жоқ дей алмаймыз.

1. Қауіпсіздік мәселелері: АЭС жұмысының басты қауіп-қатері – радиациялық апаттардың ықтималдығы. Тарихта Чернобыль мен Фукусима сияқты ірі апаттардан кейін атом станцияларына деген сенім төмендеді. Мұндай апаттар кезінде қоршаған ортаға үлкен зиян келтіріліп, адамдардың денсаулығына қатер төнуі мүмкін. Қазақстандықтардың зәре-құтын алып отырған да – осы мәселе.

2. Радиоактивті қалдықтар: Ядролық реакция нәтижесінде радиоактивті қалдықтар пайда болады. Бұл қалдықтарды қауіпсіз сақтау және утилизациялау үлкен мәселеге айналуда, өйткені олар мыңдаған жылдар бойы қауіпті болып қалады.

3. Қымбат құрылыс және пайдалану шығындары: АЭС-ті салу үлкен қаржыны талап етеді, сонымен қатар оны пайдалану мен техникалық қызмет көрсету де қымбат. Алайда, министр оны салуға орта есеппен 10-12 млрд доллар кететінін меңзеді. Жобамен он жыл көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілетінін алға тарқан ол осы уақыт ішінде біз кем дегенде 4000 жоғары тиімді инженерлерді, энергетик мамандарды және ядролық физиктердің барлық спектрін дайындауға тиіспіз дегенді айтып отыр. Бірақ біздегі білім беру саласы бұл межені атқара алуға қаншалықты дайын? Бұл да ойландыратын мәселе.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов АЭС-тің салынуына қарсылық білдіріп, бұл станциялардың қауіп-қатерін мысал етеді. Оның пікірінше, АЭС – үлкен экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін. Сондай-ақ, ол радиоактивті қалдықтардың қауіпін де атап өтті.

Міне, АЭС-ке қатысты қазақстандықтардың көңілінде үмітпен қатар күдік те бар. Қалай болғанда да жоғары билік тарапынан дұрыс саяси шешім қабылдау қажет. 

Елназ Қасымхан,

Тұран университетінің 1-ші курс студенті