6 Маусым 12:00
...

«Бізге революция емес, эволюция керек!» – Әміржан Қосан

Даму
Фото: Коллаж NEGE

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» мақаласын оқығанда туған ойлар.

Шынын айту керек, ел ішінде, әртүрлі көзқарастағы сарапшылар арасында (биліктің оңды-солды сыншыларын қосқанда) «Жаңа Қазақстан» деген не екенін өкімет таратып айта алмауда» деген пікір бар екені рас. Мына мақала Мемлекеттік кеңесшінің сол саяси скептиктер мен перманентті пессимистерге берген лайықты жауабы сияқты көрініп отыр.

Мақалада «Әділетті Қазақстан» идеясын құрайтын негізгі идеологемалар теориялық һәм практикалық тұрғыдан тәп-тәуір тарқатылып, түсінікті тілде тәпсірленген екен. Оны да «құп» дедік. Көптеген қағидаттармен келіспеске лаж жоқ.

Оқи отырыңыз: Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері – Ерлан Қарин

Сонымен бірге, бұл мақала «Әділетті Қазақстан» туралы үлкен әңгіменің басы ғана болса керек. Өйткені, құбылмалы заман ертең де тың тақырыптар ұсынып, жаңа сұрақтар қоятыны белгілі: «Әділетті Қазақстан» да жаңа қырларынан ашыла бермек, сол себепті осы түсіндіру жұмысын жалғастыра берген абзал.

Алдымен, «Мақала қандай кезеңде жарияланып отыр?» деген сауалға жауап берген жөн сияқты.

Атырау
Фото: ғаламтордан

Біріншіден, қазіргі кезең – қилы кезең, яғни отыз жыл бойына елді басыбайлы билеп-төстеген биліктің құйтырқы идеологиясының екіжүзділігінен жұрт әбден мезі боп, шаршаған кезең. Осынау, елді жаппай сенімсіздік жайлаған, идеологиялық бағыт-бағдар бұлдырланған өліара шақта осындай мақала жазу да оңай шаруа болмаса керек. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, ескі Қазақстанның құбыжық болмысынан, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сөзі мен ісінің кереғарлығынан қиналған, ел, мемлекет, ұлт мүддесі ресми түрде басым бағыт боп жарияланса да, іс жүзінде бір адамның сойылын соққан түкке тұрғысыз тұжырымдардан (1997 жылы қабылданған «2030 бағдарламасының» өзі не тұрады?!) титықтаған, сол себепті бүгінгі биліктің де әр бастамасы мен қадамына күдік қосылған күмәнмен қарайтын әсіре сыншыл қауымды өзіне сендіру – аса қиын шаруа.

Иә, ескі Қазақстан кезінде де мықты идеологтар болды. Бірақ олар, өкінішке қарай, өздеріне Құдай берген қабілеттері мен таланттарын халық билігін, мемлекет пен ұлт мұраттарын емес, бір адамның билігін одан сайын нығайта түсуге жұмсады. Сол үшін небір идеологиялық негіздемелер жасады. Олардың жеке және қоғами трагедиясы да сол.

Екіншіден, қазір экономикалық, әлеуметтік проблемалар мейлінше ушығып тұр. Оған бұрын-соңды боп көрмеген табиғи катаклизмдер де қабаттасып, қосымша қиындықтар туғызып жатқаны тағы бар. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», сол себепті осы күнге дейін ат төбеліндей олигархтардың сойылын соғып, солардың күйін күйттеген әділетсіз экономикалық модельді халық жағына бұру да оңай шаруа емес. Ондай түбегейлі бетбұрыс жасалмаса, халық жаңа экономиканың жемісі мен жақсылығын тез арада көре алмайды. Отыз жыл бойы күткен нәрсені отыз күннің ішінде көргісі келетіндер де бар, Мемлекеттік кеңесші ол тенденция жайында да жақсы айтыпты.

Үшіншіден, президент Тоқаев келгелі өз байлығы мен бизнесінен, биліктегі мансабынан айрылған «ескіқазақстандық» кландар мен топтардың іштей қарама-қарсылығы әлі де толастар емес. Олар өздерінің әділетсіз, ұрлық-қарлықпен жинаған бақ-дәулетін халыққа қайтарып беріп жатқан Тоқаевты атарға оқ таба алмай отырғанын да түсінеміз. Іші қыж-қыж қайнап, іштей тынып отырған олар әлі де қауқарлы, әлі де қаржылы, билікке қайтып келгісі келетін саяси амбициялары орасан зор! Олар жаңа биліктің әрбір қадамын аңдып, «сүрініп кетсе екен!» деген мысықтілеумен отыр! Өкінішке қарай, биліктің ең білімсіз, ең біліксіз өкілдері олардың сынына арқау болатын шешімдер мен қимыл-әрекеттерге жол беріп жүр. Ол да – бүгінгі өмір шындығы.

Төртіншіден, Жаңа, Әділетті Қазақстан құрып жатқан Тоқаев түп негізі отыз жыл бойына мемлекетті волюнтаристік түрде жеке-дара басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтан бастау алып, теріс нәтижесін енді беріп жатқан саясат үшін де жауап беруге мәжбүр. Іріп-шіріген инфрақұрылым, жылу беру мен электр жүйелері, қаржының жөн-жосықсыз жұмсалып, ұрланып, қазына түбінің тесілуі – бәрі-бәрі енді өз «жемісін» беріп жатыр. Себеп – Назарбаевтыкі, салдары – Тоқаевтікі болып отырғанын мойындауымыз керек. Сол апаттар мен қиындықтар ендігі жерде Тоқаевтың атымен байланыстырылуда. «Ескіқазақстандықтар» мен Тоқаевтың ежелден келе жатқан жеке жауларына (ішінде өзінен басқаны оппозиция санамайтын ұры банкирлер де бар) да керегі сол емес пе? «Антиәділеттіқазақстандық» идеологияға да тойтарыс беру – жаңа идеологияның бір міндеті: мақала сол мәселені де меңзейді.

Президент
Фото: ғаламтордан

Мақалада талай жыл саяси оппозицияда жүрген өзіме жақын бір тақырып бар. Мемкеңесші оны да атапты. Ол президент Тоқаев жария еткен «Күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты. Сөз жоқ, мұндай талап – кез келген демократиялық жүйенің іргетасы мен басты шарты. Бұл бағытта нақты құқықтық қадамдар да жасалып жатқанын көріп отырмыз.

Бірақ менде бір сұрақ бар: осынау тұғырлы тұжырымдаманы толыққанды жүзеге асыруға біздегі парламент пен үкіметтің саяси ерік-жігері, қауқары, әлі мен әлеуеті, керек десеңіз, моральдық-психологиялық шамасы жете ме? Өйткені, президенттен басқа билік тармақтарына қарасаңыз, бәрі де шешім қабылдау, қимыл-әрекет жасау, жауапкершілікті өз мойнына алуды әлі де президент жағына ысырып тастағысы кеп тұратын сияқты. Оны заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының күнделікті тыныс-тіршілігінен ап-анық көруге болады. Олар, яғни Сенат және Мәжіліс корпустары, үкімет мүшелері, әкімдер сол баяғы ескі шинельден шыға алмай жатқан сияқты: қит етсе болды, жоғарғы жаққа саусағын шошайта береді. Міне, осы әдеттен арылмай, іс оңға баспайды!

Билік тармақтарының ара-жігін ажырату, олардың өкілеттіктерінің тепе-теңдігін қалыптастыру ісі тек қана құқықтық не саяси құжаттармен шектелмейтіні түсінікті.

Осы орайда мемлекеттің басты ұстыны – қоғамның да, оны құрайтын әрбір азаматтың да рөлі мен миссиясы туралы айтпасақ болмас. Біз президент Тоқаев айтып отырған биліктің өркениетті «үштағандық» формуласын қоғам ретінде орнықтыруға әзірміз бе? Қоғамда депутаттарымызға, министр-әкімдерге орынды балама ұсыныс, дәлелді де уәжді сын айту дәстүрі қалыптасты ма? Әлде, әлеуметтік желі мен мессенджерлердің хитына айналған хайп пен хейттің, фейктің құрбаны боп қала бермекпіз бе? Әлде сайлау не тағайындау кезінде, Мемкеңесші айтып отырған, рушылдық дертіне салынып, тек өз ауылдасымызды ғана қолдап кетеміз бе?

Трайбализм, рушылдық, жершілдік – тек әлсіз басшыларға тән қасиет. Өз-өзіне сенімді жетекші басқа рудың, басқа өңірдің өкілімен әріптес болудан қашпайды. Бұл тезистің үлкен саясатқа да тікелей қатысы бар. Назарбаев тұсында өрістеген трайбализмді түп-тамырын жойса, Тоқаевқа ел риза болар еді.

Билік тармақтары арасындағы ғана емес, билік деңгейлері арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілікті де ұмытпаған жөн. Мысалы, орталықта дұрыс заң, шешім, қаулы-қарар қабылданса да, ауыл-аймақта, жергілікті жерде, нақты ұжымда, тіпті тұрмыс-тіршіліктегі жеке әділетсіздіктерді көпшілік бас билікпен байланыстыратыны анық. Осындай жағдайда биліктің жақсы бастамалары төменгі жақтағы мемлекеттік органдардың жөнсіз, әділетсіз істеріне тұншығып жатады. Нәтижесінде, биліктің беделіне нұқсан келтіріп, оның өзі құқықтық, қоғамдық-саяси нигилизмге жол ашады. «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды» демекші, билікке сын айтамыз деп, біз бүгінде мемлекетке қызмет ету деген аса құрметті миссияның қадірін кетіріп алдық. Кез келген шенеунікке парақор не қолынан іс келмейді деп қараймыз (іс жүзінде олай емес, мемлекеттік қызметкерлердің арасында нағыз патриоттар, өз еліне адал қызмет етіп жүргендер аз емес). Жеме-жемге келгенде, мұндай теріс әрі орынсыз ұстаным тұтас мемлекетке, оның институттары мен құндылықтарына деген теріс сезім қалыптастырады. Оның өзі – аса қауіпті тенденция! Ондай ұстаным ұлтымыздың түпкілікті құндылылықтары – Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізге өз зиянын тигізіп жатады.

Әрине, кез келген мемлекет (құй, ол супердемократиялық болсын, құй, ол авторитарлы болсын) өз құндылықтарын, соның ішінде, қоғамның кейбір бөлігіне аса жаға қоймайтын қағидаттарды қорғайды. Әр заманның, әр кезеңнің өз басым бағыттары болады. Ол заңды да.

Саясат
Фото: ғаламтордан

Пікір алуандығы, саяси плюрализм, сөз бостандығы жақсы-ақ, олардың қажеттігін ешкім де жоққа шығара амлайды. Алайда ортақ Отанымыз, жалғыз мемлекетіміз, бірегей ұлтымыздың мүддесі жолында оңшыл-солшыл саяси көзқарас, партиялық ұстаным немесе жекебастық саяси амбиция секілді қоғамдық өмірдің сөзсіз факторлары тәрк етілуі керек деп санаймын (әрине, билікке балама пікір не сын айтуға ешкім де тыйым сала алмайды, ол – Конституциялық талап!).

Меніңше, президент Тоқаев жария еткен жаңа идеологемалардың ішіндегі дәл осы қағидат әртүрлі саяси позициясы бар күштер мен тұлғалардың басын қоса алады. Басымыз қосылмаса, әркім өз жағдайын күйттеп кетсе, ел болашағына салқынымызды тигізіп, мемлекетіміздің іргесін әлсіретіп, шаңырағымызды шайқалтамыз. Бір ел екінші елге басқыншылық жасап, жерін тартып алып жатқан аса күрделі геосаяси жағдайда бұндай талап өте өзекті болып тұр.

Жаңарудың жолдары баршылық. Бүгінгі таңда, ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерді ескерсек, бізге революциялық емес, эволюциялық жаңару керек-ақ. Ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға өтудің транзиттік кезеңінде дәл осы терең де тегеурінді, бір күндік емес, мың күндік (керек десеңіз, мың жылдық!) тұжырымды көпшілік түсінгендей. Жаңа идеологиямызға да осынау дүниетанымдық таңдау дөп келіп тұр деп санаймын.

Кейде біз бір тұлғаны жек көріп, жалпыұлттық құндылықтарды жермен-жексен етеміз. Билікке деген жеккөрініш тұтас мемлекетке деген көзқарасқа әсер етіп жатады. Бізде тіпті кейбір әсіребелсенділер ел ішінде қиын жағдай орнап жатса, алақайлап, сүйінші сұрайтын жағдайға жеттік. Ел басына қатер төніп, қиналғанда жерден жеті қоян тапқандай қуанып, соны саяси күресінің құралына айналдыратындардан не үміт, не қайыр?!

Бұл сөз билікке де, өзін оның қарсыласы санайтындарға қатысты болса керек. Ал қалғанының бәрі – далбаса, кез келген қоғамда болуы тиіс билік үшін талас, өз-өзін көрсету деңгейінен аса алмайтын күйкі тірлік.

Қазақстанның халықаралық алаңда алар орны туралы айтқанда, тек экономикалық көрсеткіштер не спорттағы рекордтарды атап қоя алмаймыз: мемлекеттік идеологиялардың да өзара бәсекелестігі, керек десеңіз, күресі бар. Қарап отырсақ, кейбір ел өз идеологиясын өзге елдерге тықпалайды. Украина мен Ресей арасындағы алғашындағы гибридтік соғыстың негізінде дәл осы идеологиялық күрес жатты емес пе? Біздің жаңа идеология да осы тектес экспансияға төтеп беріп, жеңілмей, өзге өркениеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп, ұлтты алға сүйрейтіндей болуы шарт.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекеттік кеңесшінің бұл мақаласы қоғамды, билікті, идеологиялық институттарды өмірге, мемлекет құндылықтарына жаңаша көзқарас қалыптастыру ісіне ұлттық деңгейде пікір алысуы негізінде соны серпін беретін бастама деп қабылдадық.

Әділетті Қазақстанның жаңа идеологиясын қалыптастыруда плюралистік қоғамның рөлін арттыру барлық жағынан әділетті-ақ болар еді.

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.