30 Шілде 22:15
...

Президенттің қолынан сүюге бола ма?

Президент
Фото: Коллаж NEGE

Желіде Түркия президенті Ережеп Ердоған қолын сүймеген 5 жасар баланың бетінен шапалақпен қағып қалған видеосы тарады. Ердоғанның мұнысын жұрт әртүрлі қабылдады. Қолдағандар да, даттағандар да бар.

Жалпы, қол сүю дәстүрі қайдан шыққан? Тілшіміз мұның тарихына үңіліп көрді.

Бұл – Шығыс елдерінде кеңінен тараған салт-дәстүр. Салттың өзіндік ерекшелігі мен мағынасы кең. Жасы үлкен адамның қолын сүйіп, қолды маңдайға жақындату – үлкенді сыйлап, батасын алу. Туркияда бұл сонау Осман империясынан бері әлі күнге дейін жалғасуда. Әсіресе, қимыл іс-әрекетті түрік телехикаяларынан жиі көруге болады. Осман империясынан бұрын, бұл салт-дәстүр ең алғаш рет көне Византияда қалыптасқан екен. Бірақ, бір ерекшелігі сүйген соң қолды маңдайға апару болмаған. Византиядан кейін Ватиканда, Испанияда, Германия мен Ұлыбританияда, басқа да бірқатар елдерде монархтың қолын сүю әлі күнге дейін этикет ретінде жалғасып келеді.

Қол сүюге қатысы тарихта қызықты оқиғалар көп болған. Мәселен, Екатерина II Ресейді басқарған жылдары, «қол сүю» маңызды талаптардың біріне айналған. Алайда француз және испан елшілерінің әйелдері императрицаның қолын сүюден бас тартып, мемлекеттер арасында дипломатиялық жанжал туған. Осыған бола тарих қазбаланып, дәйектемелер мен дәлелдер жиналады.

Жанжал шешіліп, енді барлығы дұрысталды-ау деген кезде, 1768 жылы британдық елші Чарльз Каткарт әйеліне Екатерина II-нің қолын сүюіне тыйым салады. Чарльз өзі императрицаның қолын сүйгенімен, «әйелдің қолын әйел сүймеуі керек» деген принцип ұстанады. Бұған жауап ретінде императрица «бұдан былай кез-келген британдық елші әйелдерін Англияға тастап кетсін» деп бұйырады. Чарльз бұған келіседі, бірақ «тек британдық қана емес, барлық елдің елшілерінің әйелдері өз елінде қалсын, патшайымның қолын сүймесін» деп талап қояды. Ақырында тараптар келісіп, мәселе ушықпай шешіледі. Қазір Ресей мен славян тектес халықтарда тек дін қызметкерлерінің қолын сүю ғана бар.

Қол сүю
Рим папасы Франциск Ротшильдтің қолын сүйіп тұр. Фото: видеодан скриншот

Біздің қоғамда да бұл дәстүрді түрліше қабылдайды. Кейбіреулер «құлдық, бағыныштылық» деп санаса, енді біреулер «құрмет, сыйластық, бата алу» деп есептейді.

Естеріңізде болса, 2009 жылы Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы өтті. Мерейтойға сол кездегі президент Н.Назарбаев келіп, сөз сөйледі. «Мен осынау жылдарда талай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олардың елге танылуына жағдай жасадым. ...Бізде қызметтен кеткенде ғана «білгір де іскер» болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осалдық көрсеткен жоқ. Әрқашан азаматтық биіктен көрінді», – деген Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» белгісін тақты.

Қол сүю
Халық жазушысы Ә.Кекілбаев экс-президент Н.Назарбаевтың қолын сүйіп тұр. Фото: ғаламтордан

Бұл құрметке қатты толқыған Әбіш Кекілбаев: «Жер бетінде қаламгер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жатқанда біздің елімізде ол бұрынғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда», – деп Назарбаевтың қолынан сүйді.

Осы оқиға туралы 2011 жылы «Азаттық» мақала жариялап, «Әбіш Кекілбаевтың саяси мансабы Назарбаевтың қолын сүюмен аяқталды» деп жазды.

Жазушының бұл әрекетін ақтағандар да болды. Мәселен, ақын Светқали Нұржан бұл туралы былай деген: «Қазір Әбіш Кекілбаевтың жүрегінен, тілегінен, бүкіл арман-мақсатынан, күресінен, Тәуелсіздік үшін жасаған үлесінен, жазған еңбектерінен хабары жоқ бір тобыр-топан «Назарбаевтың қолын сүйді» деп жүр ғой. Ол кісі менің қолымнан да оншақты рет сүйген. Оның маған жағынып сүйген ештеңесі жоқ қой. Ол толқыныс сәтте кез келген қазақ баласының жүрегінен сүйеді. Себебі, ол – кез келген енекөкірек үлкен кісілердің әдеті. Ондай бүкіл қазақ даласында болған. Біздің Маңғыстауда әлі күнге дейін үлкен кісілер үміт еткен, ықыласы құлаған адамдардың қолынан сүйеді. Сол жердегі жиында мен де болдым. Менің алдымда ардақты ұстазым, академик Рымғали Нұрғали отырды. Ол жерде ешқандай ерсілік болған жоқ».

Ақын
Ақын С.Нұржан. Фото: ғаламтордан

Зерттеушілердің айтуынша, «қолдан сүюдің» экзотикалық мәні бар. Мәселен, жасы кіші адамдар жасы үлкендердің қолынан сүйгенде «жас энергиясымен бөлісетін көрінеді.

Жалпы біздің қоғамда билік өкілінің қолын сүюді дұрыс қабылдамайтыны байқалды. Ал енді билікке қатысы жоқ үлкен-кіші адамдар бір-бірінің қолынан сүйіп жатса, одан еш әбестік көрмейді.

Бұдан мынадай түйін жасауға болады: Өзіңіз құрметтейтін үлкен-кішінің қолынан еш алаңсыз сүйе беріңіз, тек билік өкілінің қолынан сүйе көрмеңіз. Сөзге қаласыз...

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.