Бүкіл әлемді етпен қамтамасыз ете аламыз!
«Өзіміз алыстағы Аргентинадан, Польшадан қойтан жылғы қатырылған ет сатып алып жеп отырғанда, мынау не сандырақ?!» деп жазбаны жаба салуға асықпаңыз. Бұл қиял емес. Қазақстан шынымен де әлемді етпен қаматамасыз ете алады. Тек ол үшін алдымен ет өндірісі туралы классикалық түсінікке түбегейлі төңкеріс қажет.
15 жылдан соң дәстүрлі ет өндірісі ескі ұғымға, анахронизмге айналады. Оншақты жылда әлемде мал етін дайындау мүлде тиімсіз бизнес болуы мүмкін. Тағы да басыңызды қатырдым ба? Онда несіне тиімсіз нәрсемен айналысу керек дейсіз бе? Шыдаңыз. Қазір түсіндіремін.
Дәстүрлі ет өндірісінің күні таяғаны жайлы АҚШ-тағы Impossible Foods компаниясының бас директоры Патрик Браун мәлімдеді. Биохимик әрі балалар дәрігері Патрик Браунның 2011 жылы құрған компаниясы өсімдіктен ет дайындаумен айналысады. Иә, жаңсақ естіген жоқсыз, компания кәдімгі бидай, бұршақ, соя, қызылша секілді дәнді дақыл мен көкөністерден ет өндіреді.
Дәмін татып көргендердің айтуынша, компанияның Impossible Burger деп аталатын өнімінің иісі мен дәмі кәдімгі сиыр етінен дайындалған бургерден еш айырмашылығы жоқ көрінеді.
Жақында ғана Impossible Foods компаниясы Starbucks компаниясымен ірі келісімшартқа қол қойды. Ол бойынша компания Impossible Breakfast Sandwich деп аталатын өнімін Starbucks-тың АҚШ-тағы кофеханаларына жеткізеді. Қазір бұл елде дәл осындай өнімге деген тұтынушы сұранысы күрт өскен.
Өсімдіктен жасалған ет
Көрші Ресейдің мейрамханаларында да бұршақ ақуызы, су және майдан дайындалған бургерлер беретін болған. 100% өсімдіктен тұратын жаңа өнімнің дәмі де, иісі де еттікіндей көрінеді. Молекулярлы биологияның жетістігінің арқасында ғалымдар табиғи өнімді амин қышқылдары, липидтер, микроэлементтер, көмірсулар мен минералдар секілді ұсақ бөлікке ыдыратып, әрқайсысын жеке-жеке зерттеген.
7 жылғы еңбектің нәтижесінде еттің құрамын, қасиеттерін қайталайтын өсімдік баламасы дүниеге келді. Өсімдіктен синтездеу қолдан келмеген мал етінде кездесетін жалғыз нәрсе – холестерин, сондықтан өсімдік текті бургерде ол атымен жоқ. Есесіне, мұндай өнімдегі ақуыз мөлшері 20 граммға дейін барады, ондай мөлшер табиғи еттің өзінде де болмайды. Бірақ молекулярлы еттің құрамында гендік өзггеріске ұшыраған ағзалар, глютен, антибиотиктер мен гормондар болмайды.
Жаңа «ет» қазаққа НЕГЕ пайдалы?
Веган «етінің» негізі бұршақ ақуызының изоляты, рапс және кокос майы, қызылша шырыны, соя, бидай, картоп секілді мәдени өсімдіктерден құралады. Қазір өсімдік ақуызын өндірумен үш ірі компания: америкалық Impossible Food, Beyond Meat және еуропалық Vegetarian Butcher айналысады. Үшеуі де соңғы 4-5 жылда пайда болған жас компания. Қазірдің өзінде бұл стартап жобаға Microsoft Corp. негізін қалаушы Билл Гейтс, Twitter негізін қалаушылардың бірі Биз Стоун, актер Леонардо Ди Каприо, «Макдональдстың» бұрынғы бас директоры Дон Томпсон секілді ықпалды әрі ауқатты адамдар инвестиция салуда. Тіпті әлемнің азық-түлік нарығындағы алпауыт Nestlé компаниясы да жаңа салаға бет бұрған.
Қазір АҚШ-тың барлық штатында және Еуропаның көптеген елінде өсімдіктен жасалған етті сатып алуға болады. Көптеген мейрамхана және бургерханалар оны табиғи етке балама ретінде ұсына бастаған. Қазір дамыған елдерде мал еті мен сүтінен бас тарту кең етек алған. Соңғы зерттеулер мал етінің қатерлі ісік дертінің пайда болу қаупін 20 пайызға өсіретінін көрсетуде.
Тағы бір зерттеулердің нәтижесінде мал еті мен сүттен бас тартқан науқастардың айналдырған бір айдың ішінде семіздік, суамыр, жүрек талмасы, қан қысымының жоғарылауынан болатын аурулардан шеккен азабының азайып қана қоймай, көпшілігінің құлан-таза айығып кеткені байқалыпты. Оның үстіне мал шаруашылығының жаһандық жылыну дейтін ғалам проблемасының асқынуына үлес қосып жатқаны тағы бар. Демек, жаңа өнім расымен де жақын уақытта дәстүрлі мал шаруашылығына соққы беруі әбен мүмкін.
Мұндай жаңалықтан әзірге алыс жатқан біздер, қазақтар қалай пайда табамыз? Өсімдік «етін» өндіруге қажет шикізаттың бәрі дерлік жерімізде өседі. Біз қазір жылына 16-18 млн тонна бидай жинасақ «бөркімізді аспанға атамыз». Ал Кеңес кезінің ғалымдары қазақ даласынан бір ғана бидайдан 50 млн тоннаға дейін астық жинауға болатынын айтқан. Ақуыз, протеинге бай рапс, соя, бұршақ тұқымдарының бәрі дерлік елімізде өседі. Әрі жеріміз гербицид пен пестицидпен әбден уланбаған аймақ қатарына жататындықтан «экологиялық таза, органикалық өнім» ретінде қымбатқа сатуға да мүмкіндігіміз бар. Құр шикізат сатпаймын, мен де осындай өнімді өзімізде өндіремін десек, оның да еш технологиялық қиындығы жоқ. Мұндай «етті» дайындау үдерісі макарон өндірісіне ұқсайды: құрамдас бөліктерді араластырады, қоспаны сығымдайды, ақырында дайын өнімге айналады. Оны тіпті қымбатқа сатасыз. Ресейде жақында Beyond Meat маркалы «еттің» сатылатыны туралы хабарланды. Келісі қазіргі бағаммен біздің ақшаға шаққанда 19 мың теңге болады. Үш ай жайлауда жайып, екі ай жемдеген ірі қараңыздың етінің келісін осы бағаға өткізе аласыз ба?
Бұл жағдай елдің аграрлық саласына, оның ішінде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына түбегейлі бетбұрыс әкелуі тиіс. Коронавирус қағынып тұрған қазіргі сәтте миллиардтаған адам ішкен-жегеніне баса мән беретін болды. Жаһандық індет адамдардың ас мәзіріне үлкен өзгеріс енгізуде. Демек молекулярлық биологияның осы жетістігін қазіргі дағдарыстың берген бір мүмкіндігі ретінде қарастырсақ, қапы қалмаспыз! Ал Сіз, ет өндіру үшін шопанның таяғын шаруаның кетпеніне айырбастауға дайынсыз ба?