«Бір костюмнің бағасы 1,5 миллион теңгеден басталады» – Bespoke әдісін меңгерген тігінші жігітпен сұхбат
Елімізде стиль мен тігін саласы күннен-күнге дамып келеді. Бұл сөзімізге Алматыдағы тігін салондары дәлел. Сапасынан мін табу қиын сәнді костюмдер тігумен айналысатын жас тігінші Бақдаулет Парсахановпен НЕГЕ тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Бақдаулет, неге тігін өнерімен айналысамын деп шештіңіз?
– Мен өзім бала күнімнен классикалық киімге қатты қызығамын. Мектеп қабырғасында бізден галстук тағуды талап етпесе де, мен түрлі галстук тағып жүретінмін. Бірақ, шынымды айтайын, осы салаға келгенге дейін ине-жіп ұстап көрген емеспін. 10-сынып оқып жүргенімде шкафымда тек костюмдер тұратын. Мектеп бітіретін кезде шетелдік портнойлар шыға бастады. Мұның атмосферасына еніп кеткенім соншалық, Қазақстандағы барлық костюм тігетін салондарға «сіздерде тігіншілік өнерді үйрететіндер бар ма, үйренгім келеді» деп инстаграмдарына жазып шықтым.
Костюм тігетін орталықтар «өзіміз тігеміз» деп алдап, клиенттердің өлшемін ғана алып, кейін оны шетелдегі түрлі фабрикаларға жолдайды екен. Люкс сападағы костюмдерді өздері тігетін шеберлер өте аз.
Тігіншілікті үйрететін адам таппай, үмітім үзілер шақта инстаграмнан Әсет Айманов деген шебер кездесті. Міне, содан бері Әсет ағамен бірге жұмыс істеймін. Егер ол кісі маған қол ұшын созбағанда қазір мүлдем басқа салада жүрер едім.
– Сіз тігетін костюмдердің қандай ерекшеліктері бар? Қандай маталарды пайдаланасыз?
– Біз костюмнің 80-90 пайызын қолмен тігеміз. Қалған 10-20 пайызы ғана тігін машинасымен тігіледі. Қолмен тігетін себебіміз үстіне ақша қосу үшін емес, костюмнің сапасын арттыру үшін. Тігін машинасынан шыққан киімнің матасы қатып қалады, егер азырақ күш салсаңыз, мата жыртылып кетуі мүмкін. Ал қолмен тігілген мата тез қалпына келеді, тігісі созылады.
Біз костюмдерді «BESPOKE» технологиясымен тігеміз. Бұлар «мәңгілік костюмдер» деп аталады. Әкеден балаға қалатын дүние. Матаға келсек, шеберханамызда арнайы каталогтар бар. Мұнда арнайы іс шараға немесе күнделікті жұмысқа киетін костюмдердің маталары көрсетілген. Оларды Италия мен мен Англиядан алдыртамыз.
Матаның брендтері киімнің брендтері секілді аса танымал емес. Мысалы, біз италиялық «DRAGO», «Caccioppoli», «Vitale barberis canonico», сондай-ақ ағылшынның «Holland & Sherry», «Fox brothers» компанияларының маталарын жиі қолданамыз.
– Сапалы заттың құны да қалтаға жүк түсірері анық. Қолмен тігілген костюмдердің бағасы қанша?
– «BESPOKE» әдісімен тігілетін костюмдердің бағасы 1,5 миллионнан басталады. Жалпы, бағада шек жоқ. Маталардың брендіне, сапасына байланысты бағасы да әртүрі болуы мүмкін. Айталық, матаның жүніне байланысты бағалар да қымбат келеді. Өзім тіккен ең қымбат костюмнің құны – 2 млн 100 мың.
– Мұндай бағаны көптің қалтасы көтере бермейді. Сатып алушылардың арасында кәсіпкерлер, депутаттар, министрлер бар шығар?
– Клиенттеріміздің барлығы дерлік кәсіпкерлер. Олардың көбі өздерін жария еткісі келмейді. Дегенмен, танымал клиенттеріміздің қатарында Жұмабек Жанықұлов бар. Жұмабек Жанықұлов – Forbes тізіміне енген кәсіпкер. Ол кісімен жұмыс істегенімізге 1 жылдан асты, шамамен 6 костюм тігіп бердік.
– Киім үлгісінің қағаз бетіне түсуі мен оның тұтынушының қолына тигенге дейінгі аралықта процесс қалай жүреді?
– Алдымен киім үлгісінің суретін салып аламыз. Одан кейін костюмді қолмен тігіп, артық матасын көбірек қалдырып уақытша жинаймыз. Сол үлгіні клиентке кигізіп көріп, өзгерту керек жерлері болса сол мезетте қарастырып аламыз да, үлгіні қайтадан қағаз бетіне түсіреміз.
Екінші, өлшем уақытында жеңінің ұзындығын, қалтаның көлемін, жағасының жалпақтығын қарастырамыз. Сатып алушының пікірін ескереміз, ұнамаған жерін өзгертеміз. Қысқасы, клиенттің үстінде костюм құйып қойғандай көрінуі керек.
Бір костюмге кемінде үш өлшем мерзімі қажет болады. Егер клиенттің оң иығы мен сол иығы арасында айырмашылық болса, дайындалу уақыты 4-5 өлшем мерзіміне дейін ұзаруы мүмкін. Өлшем жасауға ерінбеу керек. Клиент те өлшемге қалмай келіп тұрса, костюм мейлінше мінсіз шығады.
– Сізге көмектесетін дизайнер бар ма?
– Мен тігетін костюмдердің бәрі бір қалыпты, классикалық стильде. Оған артық деталь қосып, сәнін ауыстырғанды жөн көрмеймін. Маған келген сатып алушылар да осы стильді ұнатады. Сол үшін әзірше маған дизайнердің қажеті жоқ.
– Бізде басқа да қымбат брендер бар, оларды бәсекелес деп санайсыз ба?
– Көпшілігінің тігетін киімдерін мен тігетін киімдермен салыстыруға келмейді. Бәлкім, оларда маркетинг жағы жақсы дамыған шығар, құны да біздікінен арзан болуы мүмкін. Сонда да мен оларды бәсекелес деп санамаймын.
– Болашаққа жоспарларыңыз қандай?
– Өз шеберханамды ашып, жеке брендімді әрі қарай дамыта берсем деймін. Беделді адамдармен жұмыс істеп көргім келеді. Мен тігетін костюмдер итальяндық «Cesare Attolini» брендінің деңгейіне жеткенін қалаймын.
– Мастер класс өткізу ойда бар ма?
– Жеке шәкірт тәрбиелеуім мүмкін, бірақ мастер класс өткізбеймін. Себебі бізге «үйренейік» деп келгендердің көбі ақшаны бірінші орынға қояды. Тігінді махаббатпен, шабытпен тіккен жөн, сол кезде ісің оңға басады. Біз қолмен тіккендіктен, айына бір-екі костюмді ғана тігеміз. Сондықтан да «BESPOKE» әдісі ақша үшін келетін өнер емес.