7 Желтоқсан 10:11
...

«Бордюрбек». НЕГЕ зейнеткер әкім жастардан да тиімді болып шықты?

Фото:

2023 жылдан қалмай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев саяси карьерасын аяқтайтыны анық. Ол әкім креслосына 1995 жылы 42 жасында отырған болатын. Тұңғыш әкім атанған облысы Қызылорда болса, соңғы басқарған өңірі Жамбыл болатын сияқты.

Nege.kz Сапарбаев билеген соңғы 2 өңір – Ақтөбе мен Жамбыл облыстарының сол кездегі даму динамикасын зерттеп көрді және жастарға қарағанда ескі гвардияның экономикалық тұрғыдан тиімді жұмыс істейтінін анықтады.

Амандық Баталов Алматы облысы әкімі қызметінен кеткеннен кейін Қазақстанда зейнет жасында болса да, әкім болып отырған екі саяси қайраткер ғана қалды. Бірі – Бердібек Сапарбаев, екіншісі – Даниал Ахметов. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрларды жаңалау, мемлекеттік басқару жүйесін сілкіп алу саясатын мықтап қолға алғанын ескерсек, аталған екі зейнеткердің саяси карьерасына жуық арада нүкте қойылатыны анық.

Бұған дейін «Сапарбаевты клондау керек», «Әкімдердің бәрі Сапарбаевтай болса ғой, шіркін!» деген мадақтар көп айтылып келді. Бірақ, Бердібек Мәшбекұлы әкім ретінде шынымен тиімді бола алды ма? Оны тек статистиканы терең саралап, күрделі анализ жасағаннан кейін айтуға болады.

Бердібек Сапарбаев "Ақтөбе" футбол клубымен кездесті. Фото: avestnik.kz

Сапарбаев Ақтөбе облысына әкім болып 2015 жылдың соңында келді. Сол 2015 жылы Ақтөбе облысының өңірлік жалпы өнімі 1,7 триллион теңгені көрсеткен болатын. 2016 жылы ол көрсеткіш 2 триллионға, 2017 жылы 2,2 триллионға, 2018 жылы 2,7 триллион теңгеге дейін өсті. 3 жылда Сапарбаев бір облыстың жалпы өнімін 1 триллион теңгеге дейін өсіре білді. Ал 2019 жылдың басында Сапарбаев Ақтөбе облысынан кетіп, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі атанды.

Әкімдікке Сапарбаев 2020 жылдың басында қайтып келді. Бұл жолы ол Жамбыл облысына ауысты. 2019 жылы Жамбыл облысының өңірлік жалпы өнімі 1,7 триллион теңгені көрсетсе, Сапарбаевтың келуімен пандемия шарпыған 2020 жылы осы көрсеткіш 1,9 триллион теңгеге дейін өсті. Көп өңірлерде керісінше, 2020 жылы жалпы өнімнің құлдырағанын айта кету керек. Жамбыл облысы – өз көрсеткішін сақтап қана қоймай, сәл де болса өсіре алған санаулы өңірлердің бірі.

Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысында "QazVac" вакцинасын алды. Фото: Жамбыл облысының баспасөз қызметі

Бірақ Бердібек Мәшбекұлы басқарып отырған Жамбыл облысы таза дотациялық, орталық бюджетке тәуелді аймақ екенін ескеру керек. Мысалы, 2020 жылы облыстық бюджеттің кірісі 377,5 миллиард теңге болса, соның 344,2 миллиардын трансферт түрінде республикалық бюджеттен алған. Өзінің тапқаны – бар-жоғы 33,3 миллиард теңге. Сонда облыстық бюджет кірістерінің 91 пайызы республикалық бюджеттен, 9 пайызы облыстың өзінің табысы болып отыр. Бюджеттің кірісі 377,5 миллиард теңге, ал шығысы 389,2 миллиард теңге екенін ескерсек, бюджеттік дефицит 10 миллиард теңгеден асты.       

Жамбыл облысының 2020 жылғы бюджет кірісінің құрылымы. Дереккөз: Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы

Жалпы алғанда Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында тиімді қызмет еткенін айта аламыз. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Өйткені саяси аренаға одан да зор еңбек сіңіре алатын жас буын келе жатыр.

Тегтер: