«Бізді алдап соқты» – НАТО-ның Шығыс аймаққа қанат жаюы туралы миф
Жіті сараптаудан өткен бұл мифтердің шығу төркінін анықтап, оларды біз әшекерелеген едік.
Бұл мифтердің арасында ерекше назар аударуды талап ететін тағы біреуі бар. Ресей басшысының жағы талмай, үнемі қайталай беретін келесі бір миф – АҚШ басқарып отырған НАТО агрессивті түрде аймақтық ауқымын кеңейтуі салдарынан Ресей өзінің заңды мүддесін қорғау үшін Украинаға соғыс ашуға мәжбүр болды-мыс.
Бұл мифтің басқасынан ерекшелігі – Путиннің әрекетінің арқасында бұл шындыққа айнала бастады. НАТО расымен де Ресейді айнала қоршап, басты қарсыласына айналуда. Ал НАТО әскери техникалары мыңдаған орыс солдатын соғыс алаңында қырып, жоюда. Бұл жағдай қалай болды? Сараптап, анықтап көрейік.
Мифтің шығу төркіні
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин жылдар бойы, 1980 жылы Берлин қабырғаның құлауы қарсаңы мен Германияның бірігуіне байланысты оқиға кезінде, сол кездегі Кеңес Одағының басшысына НАТО-ның Шығысқа қарай қанат жаймайтынына сөз берілгенін айтумен келеді. Бұдан шығатын қорытынды: егер осы берілген уәде орындалғанда, Ресей «қорғану» үшін Украинаға қарумен басып кірмес еді.
Еуропа аумағында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып жатқан қазіргі сұмдық қиян-кескі соғысты ақтау мақсатында Путиннің алға тартқан уәжі мынадай: «Бізге НАТО-ның инфрақұрылым блоктарын шығысқа қарай бір де бір қадам жылжытпауға уәде берілген-ді… Алайда сөз басқа, іс жүзінде басқаша болды. Яғни, жұрт айтқандай, бізді алдап соқты, лақтырып кетті».
Президенттің осы сөзін ресейлік арналарда пропагандистер де жалаулатып, қайталауда. Енді бұл Ресей басшысының сөздері тұтас ресми мемлекеттің ұстанымына айналды деп айтуға болады.
«НАТО аңғал Ресейді алдап соқты, енді Украинаны басып алмақ», деген пікір қоғамның санасына сіңгені соншалықты, ендігі жерде бұл миф тарихи шындықтан бөлек өз бетінше өмір суруде.
Бұл өтірікті жоққа шығаруға ұмтылған кез келген адам бірден сынға ұшырап, тіпті оқиғаның жалғыз куәгері болғанына қарамастан, пікірі ескерілмеуде.
Бұл жердегі негізгі әңгіме осынау тарихи оқиғаның куәгері, әлгі «уәде берілген-берілмегені» туралы хабары болған, жақында өмірден өткен КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачев туралы.
Ол ресми «Ресей газеті» басылымына путиншілдер мен үкіметтегілерге еш ұнамайтын сұхбат беріп, соғысты жақтаушылар бақшасына тас атқан еді. Сондай-ақ, бұл сұхбат Қырымды Ресейге қосу туралы патриоттық байбаламның өршіп тұрған 2014 жылы жарық көрген болатын.
Сол сұхбатында Михаил Горбачев ешкімнің НАТО-ның шығыс аймақтарға жайылу-жайылмауына байланысты не ауызша, не жазбаша түрде уәде бермегенін, тіпті ондай әңгіменің мүлде талқыланбағанын ашық мәлімдеді.
«Ол жылдары НАТО-ның кеңейтілуі туралы мәселе мүлде сөз болған жоқ. Мұны өзіме жауапкершілік ала отырып айта аламын. Ешбір шығыс еуропалық ел, тіпті Варшава келісімі тоқтатылған 1991 жылы да бұл мәселе көтерілген емес. Бұл мәселені батыс басшылары тілге тиек етпеді.
Біз қойған басқа мәселе көтерілгені белгілі: Германия біріккен соң сол кездегі ГДР жерінде НАТО-ның әскери құрылымдарының жылжуы және альянстың қосымша қарулы күштерінің күшеюі болмайды деген. Германиямен араны түпкілікті реттеу туралы шартта елдің шығыс бөлігінде жаңа әскери құрылымдар құрылмайды, қосымша әскерлер орналастырылмайды, жаппай қырып-жою қаруы орналастырылмайды делінген.
Бұл шарттар жылдар бойы орындалып келеді. Сондықтан мені және сол тұстағы басқа да кеңестік басшыларды алдап соқты деп, аңқау санаудың қажеті жоқ», – деді КСРО-ның бұрынғы басшысы.
НАТО тарапынан ешбір уәде берілмегені, ондай уәденің жоқтығы туралы Горбачевтің немістің ZDF8 телеарнасына 2014 жылы берген сұхбатынан тағы бір мысал келтіруге болады. «Бұл – миф. Бұл мифті шығаруға басылымдар үлкен күш салды», – дейді ол бұл сұхбатта.
Германияның бірігуі туралы келісімшартқа қол қойылған сәт. 12 қыркүйек, 1990 жыл.
Ашық мәліметтерге сәйкес, АҚШ пен ГФР-ның жекелеген өкілдері баспасөз маслихаттары кезінде НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі келіссөздердің тақырыбы болуы мүмкін екенін меңзегенін, бірақ тараптар арасында бұл тақырып бойынша ешқашан нақты талқылау жүргізілмегенін атап өту керек.
Сонымен қатар, НАТО басшылығы Альянс өзіне біріккен Германия аймағынан шекарасын кеңейтуге ешқандай саяси немесе заңдық міндеттемелер алмағанын айтады.
Сондай-ақ, бұл дауға байланысты НАТО-ның атынан нақты кімнің кепілсөз беруі мүмкін деген негізгі субъективті проблема үнемі назардан тыс қалатыны да бар.
Мұндай уәделер әлдекімнің «біржақты кепіл сөзімен» емес, блоктың барлық мүше елдерінің ортақ мәміле бойынша алған қарарына қарай берілетінін Альянс басшылығы бірнеше рет мәлімдеді.
Міне, осыдан кейін айтылған мәселеге байланысты төмендегідей логикалық қорытынды өздігінен туындайды: Кеңес Одағы НАТО-ның аймағын кеңейтпеу туралы ешқандай да заңды кепілдік алған жоқ. Олай болса, бүкіл құқықтық талаптарға сәйкес, «міндеттемелерді бұзды» деп қарастыруға да ешқандай негіз жоқ.
Сонымен бірге, 2008 жылы Владимир Путин АҚШ президентімен сөйлескенде, егер Украина НАТО-ға кірсе, онда ол қазіргі шекараларда өмір сүруін тоқтатады, Ресей Федерациясы Қырым мен Шығыс Украинаға басып кіруі мүмкін екенін ашық емеурінмен білдірген еді.
Көріп отырғанымыздай, Украина НАТО құрамына кірмесе де, соғыстан құтыла алмады.
Өшігудің салдары
Дегенмен, соңғы 30 жыл ішінде НАТО 14 жаңа мүшелермен толықты, олар Шығыс және Оңтүстік Еуропа мемлекеттері, Кеңес одағының бұрынғы мүшелері, оның ішінде үш республика — Эстония, Латвия және Литва.
Ал Солтүстік Атлантика Альянс жетекшісінің ресми ұстанымы мынадай: «НАТО ауқымын кеңейтпеуге уәде берді-міс деген сөз түбірімен альянс мақсатына жанаспайды. Қорғаныс альянсы саналатын НАТО импералистік мағынада ауқымын «кеңейтпейді». Елдер НАТО құрамына кіру үшін өздері өтініш береді. Ал бұл өтінішті альянс құрамындағы 30 мемлекет қарастырады. Тіпті, әлдебір ел тарапынан берілген өтініш бірден қабылдана қоймайды. Альянс құрамындағы елдер тарапынан, тіпті дамыған елдердің альянс құрамына ену өтініші қабылданбауы да әбден мүмкін. (Қазіргі кезде өтініш берген Швецияны қабылдауға Түркияның қарсылық танытуы осыған нақты мысал). Егеменді ел ретінде Украина да кіммен одақ құрып және даму жолын таңдауға толық құқылы. Ал Украинаның мұндай қадамына көрші елдер, оның ішінде Ресейдің тосқауыл қоюға қақысы жоқ».
Айта кетейік, Путиннің әрекеті осылайша Украинаны шұғыл түрде НАТО-ға мүше болуына итермеледі. Ресей Украинаға басып кіргенге дейін Альянсқа кіру мәселесі 2005 жылдан бері 17 жыл бойы тек келіссөздер үстінде баяу жүріп жатқан процесс еді. Тіпті 2021 жылдың өзінде АҚШ Украинаны НАТО құрамына қабылдау мерзімін кейінге шегеріп, нақты уақытын да атап көрсетпеген болатын.
Сонымен қатар, украин халқының 50 пайызы 2022 жылы басталған соғысқа дейінгі сауалнамада НАТО-ға мүше болу ұсынысын қолдаса, ал соғыстан кейінгі сауалнамада бұл көрсеткіш 86 пайызға жеткен!
Тағы бір қызықты дерек келтірейік. Осыдан он жыл бұрын ғана қазір НАТО-ға шүйліккен Ресей үкіметі өз жерінде НАТО Транзит орталығы ашылғанда, бөркін аспанға атып қуанған еді. Сол 2012 жылы әлгі орталықтың орны ретінде Ресейдің еуропалық аймағына қарасты Ульяновск қаласы таңдалған.
Аймақтың басшылары НАТО аялдау бекеті болуы «өте тиімді, өйткені ол көлік жүктеу және салық алу» деп мәлімдеген. Ал Ульяновск облысының губернаторы Морозов «егер АҚШ пен НАТО осындай бекетті әуежай орнында орналастыруға келісім берсе, онда мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді» деген.
Алайда 2015 жылы бұл шешімге нүкте қойылып, күші жойылды.
Ресей «өзінің заңды мүддесін» қалай қорғауда?
Ресей Украинамен соғыс басталған тұстан бастап «өзінің заңды мүддесін қорғап жатқанын» айтуда. Енді Ресейдің сол қағидасын сараптайық.
Ресей тарапы өз заңды мүддесін қорғауда түсініксіз әрекеттерге қадам басуда. Сақтауға, орындауға тиіс Халықаралық құқық талаптарын бұза отырып, заңсыз түрде Қырым түбегін басып алды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі бола тұрып, кемінде 12 халықаралық және екіжақты келісімдерге қайшы әрекетке барып, Украинаға агрессивті түрде басып кірді.
Әлемнің қай еліннің заңын алып қарасаңыз, Ресейдің тәуелсіз Украина еліне басып кіруі, аймақтың тұтастығын, елдің егемендігі мен тәуелсіздігін бұзу, «қорғану» емес, агрессия болып танылады. Ресейдің бұл «қорғану» әрекеті атпалдай азаматтың нәзік әйелді ұрып, онысын «мен қорғандым» деп ақталуы сияқты.
Мұның үстіне Ресей жер көлемі бойынша әлемде бірінші орында, үлкен әскері, ядролық қаруы жағынан әлемнің алдыңғы қатарындағы мемлекет.
Соғыспен өткен бір жыл
2022 жылғы 24 ақпанда халқына жолдау жасаған Путин осы жолдауында НАТО-ның атын тоғыз рет атап, «еліміздің қауіпсіздік жағдайы жылдан жылға нашарлауда және мемлекет болып қалуымызға төнген шынайы үлкен қауіп бар» деді.
Жолдауында баса айтқан қауіптер Путиннің өз әрекетінің арқасында бір жылдан кейін шындыққа айнала бастады.
2022 жылғы 22 ақпанда НАТО-ның Ресей Федерациясымен 1/16 елмен шектесетін аймақтары бар еді. Сол Ресеймен теңіз, құрлық арқылы шектесетін 16 елдің алтауы ғана НАТО-ға мүше болатын.
Алайда Ресейдің Украинаға басып кіруі көрші елдерді қорқытқаны сонша, Швейцария, Швеция және Финляндия бейтарап ұстанымдарынан бас тартты.
Бір қызығы, 2022 жылға дейін Батыс Еуропаның елі ретінде Финляндия мен Ресей өзара дос елдер саналатын, ал Швеция мен Швейцария болса екі ғасырдан астам бейтарап ұстанымдағы елдер еді. Басында бұл мәңгі боп көрінген ұстанымдар ендігі бұзылды.
«Біз өз қалауымызбен НАТО-ға кіруге өтініш бермедік. Ресей ойын ережелерін өзгертті, міне, осыдан кейін біз де әрекетке көшу керегін түсіндік», – деді Финляндия президенті Саули Ниинисте өз елінің ғасырлық бейтарап ұстанымын өзгертуге байланысты.
Кең ауқымды соғыс басталғанға дейін 2021 жылғы маусым айында Путин өзінің мәшһүр «зымыран ұшатын уақыт» сөзін тағы қайталап, Украина ешқашан ресейлік ықпалдан шықпауы керегін айтып, ақталу доктринасын алға тартты.
«НАТО-ның кеңеюіне қатысты Ресейдің өз қызыл сызықтары болуы мүмкін. Украина НАТО-ға мүше болды деп елестетіп көрейік. Харьковтан немесе Днепропетровскіден Ресейдің орталық бөлігіне, Мәскеуге дейінгі ұшу уақыты жетіден он минутқа дейін қысқарады», – деді ол.
Міне, осылайша Путиннің қорқынышы шындыққа айналды. Украинаға шабуыл жасау арқылы НАТО-ның күшін әлсіретіп, шекарамнан аластатамын деген жымысқы жоспары кері әсерін тигізді.
Ресеймен 1300 шақырымдық шекарасы бар Финляндия Солтүстік Атлантикалық альянсына кірсе, Санкт-Петербург пен Мәскеуге дейінгі «зымырандардың ұшу уақыты» 7-10 минутқа емес, 3-4 минутқа дейін қысқарады.
Сонымен қатар, Финляндияның арқасында Ресеймен шекаралас НАТО аумағы қазіргімен салыстырғанда дәл екі есеге артады!
Сондай-ақ, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері алғаш рет НАТО Ресей Федерациясын ресми түрде «нөмірі бірінші жауы» ретінде санап, қайта қарулануды және Ресейдің көрші елдеріндегі жеке құрамның санын күрт арттыруды бастады.
2022 жылғы 24 ақпаннан кейінгі НАТО-ның Шығыс Еуропа аймақтарындағы әскер санының ұлғаюы.
Сондай-ақ, Альянс елдері Ресеймен кез-келген ынтымақтастықты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады, сонымен қатар Ресей Федерациясына Кремльдің әскери машинасын ресурстардан айыру және оған танктерді қалпына келтіруді, зымырандар шығаруды және жалпы соғысты қаржыландыруды қиындату үшін ауыр санкциялар салды.
Тағы бір факт. Егер соғыс басталған кезде Украина армиясы сирек жағдайды айтпағанда, тек ескірген кеңестік техникаға ие болса, енді бұрын-соңды болмаған көмектің арқасында украин әскери қызметшілері өз елдерін қорғау үшін ең озық НАТО қару-жарағын, Patriot зымыран кешендерінен бастап Abrams пен Leopard танктеріне дейін пайдалануда.
Бұл аз десеңіз, Ресеймен шекаралас Финляндия мен Польша елдерінің басшылары (сілтемелер мына жерде: осы және осы) өз аймақтарында ядролық қаруларды орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл өте маңызды мәлімдеме. Өйткені, қазір НАТО-ға мүше елдердің ішінде ядролық қаруы бар ел үшеу ғана: АҚШ, Ұлыбритания және Франция. Алайда, Альянста Nuclear Sharing атты ядролық арсеналды бірлесіп пайдалану бағдарламасы бар. Өзгенің ядролық қаруын өз елінде орналастырудың басты мысалы – Германия, онда америкалық ядролық қойманың бір бөлігі сақталған.
Әрине, мұндай шешімді қабылдау процесі ұзақ жылдарға созылуы мүмкін. Алайда, бұл жағдайдың өзі ресейліктер өздерінің жаугершілік әрекетімен ядролық қаруды таратпаудың қатаң сақталған принципін бұзғанын көрсетеді.
2022 жылғы 24 ақпанда Владимир Путиннің қитұрқы әрекеті мынандай жағдайға әкеліп отыр:
- соңғы 60 жылда алғаш рет ядролық соғыс қаупіне;
- НАТО мен арадағы гипотетикалық емес, ашық қарсыластығына;
- бауырлас көрші Украинада болашақта ұзақ уақытқа созылатын Ресей халқына деген дұшпандық сезім пайда болуына;
- Ресей тарихындағы ең ауқымды эмиграция мен мемлекетін бүкіл әлем теріс айналатын жағдайға жеткізу.
Мақала АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияның қолдауымен шағын БАҚ гранттар бағдарламасы аясында жарияланды. Оның мазмұнына авторлар жауапты. Материалдар АҚШ үкіметінің немесе Қазақстан Республикасындағы АҚШ миссиясының көзқарасын білдірмейді.
Жоба туралы
Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.
Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға ғана шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық.
Бұл «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың алтыншы мақаласы.
1. «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды». Ол жерде соғысты нақты кім және не үшін бастады»
2. «Буча туралы фейктер». Бұл қалада ақиқатында не болды?»
3. «Ресей шабуылдың алдын алу үшін УКРАИНАҒА соққы жасады» деген миф қалай жоққа шықты?»
4. «Нацистік Украина» туралы миф
5. «Майдангер-масалар» мен «мутант-үйректер». Украинаның құпия қаруы туралы миф қайдан шықты?