Бішкектегі қазақ журналисі: Орталық Азияда шынжырдың үзілетін жері – Қырғызстан

Қырғызстандағы саяси ахуалға бүкіл әлемнің назары ауып отыр. Әу баста Парламент сайлауының қорытындысына наразылығын бейбіт түрде танытқан халық билікті күшпен басып алды. Оларды арандатушы қандай да бір топтар бар ма? Мұны біз Бішкек қаласында тұратын қазақ журналисі Назарбек Байжігітовтен сұрап білуге тырыстық.
- Тақырыпқа орай: Бішкектегі бүлік: Демократия ма, әлде охлократия ма?
– Қырғызстандағы Парламент сайлауы қалай өтті? Халық неге наразылық танытты?
– Сайлау жексенбі күні өтті. Билік бұл сайлауға қатты дайындалды. Оның айқын дәлелі – жаңа партиялардың пайда болуы. Алдын ала мәліметке қарағанда, жексенбі күні өткен дауыс беру қорытындылары бойынша 16 партияның ішінде парламентке төртеуі – «Биримдик» партиясы – 24,51%, «Мекеним Кыргызстан» – 23,88%, «Кыргызстан» – 8,75%, «Бүтүн Кыргызстан» 7,12% дауыс алған. Демек, парламентте «Биримдик» – 46, «Мекеним Кыргызстан» – 45, «Кыргызстан» – 16, «Бүтүн Кыргызстан» 13 депутаттық мандатқа ие болуы тиіс еді. Қалғандары 7 пайыз дауыс жинай алмаған.
Бұл партиялар сайлау үшін құрылды. Бізде билікке құмар адамдар көп. Олар билік партиясына мүше болуға асықты. Бұлар үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізді. Шынын айту керек, сайлаушылар үшін қомақты ақша да бөлді. Жұртқа 2 мың сомнан беріп, өздеріне дауыс беруге көндірді.
Екіншіден, олар екінші форма дегенді ойлап тапты. Мысалы, сіз Бішкектің басқа ауданында тұрсаңыз кез келген жерден дауыс бере аласыз. Мұны да арнайы ұйымдастырды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 500 мың адам осы жолмен дауыс берген. Демек, 500 мың адам сатылды деген сөз. Қандай тәсілмен екенін білмеймін, билік алдын ала қай партияның парламентке өтетін де болжап қойған. Өйткені, 120 депутаттан тұратын 4 партияның біреуі ғана оппозицияныкі, қалғаны – биліктікі. Осының өзі көрсеткіштің бұрмаланғанынан хабар береді.
Биліктің көрсоқырлығына таңқаламын. Қарапайым жұртты мазақ еткісі келеді. Сондықтан халық наразылық шеруге шықты. Бұл – бір. Екінші – бұларда әу баста билікті басып алайын деген ой болмады. Бейбіт митингіге шығып, заң бойынша кешке тарауы керек еді. Бірақ түнге қарай жағдайдың ушығып бара жатқанын білген бәзбіреулер Ақ үйді басып алу әрекетін әдейі ұйымдастырды. Таңертең қарасақ, Бішкекте кәдімгідей төңкеріс болғанын көрдік.
– Олар мақсатына жетті ме? Мұны кім ұйымдастыруы мүмкін?
– Мақсатына жетті десек болады. Бұған билік те дайын болмаған сияқты. Себебі, дер кезінде Ақ үйді қорғай алмады. Кім ұйымдастырғаны туралы болжам көп.
– Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты шығарып алды ғой...
– Иә. Демек, ұйымдастырушылардың ішінде Атамбаевтың адамдары бар деген сөз. Негізі, оппозиция топтары бір-біріне амалдың жоқтығынан қосылып кетті. Олар неге сайлауға дейін бірігіп әрекет етпеді? Парламентке неге бірге бармады? Сайлаудан кейін жағдай басқаша өрбіп еді, аяқ астынан қосыла кетті. «Қай кезде де оның дұшпаны – менің дұшпаным еді, оның досы – менің досым» дегеннің кері болды.
– Былайғы жұрт қырғыздарды кез келген жағдайда наразылығын көрсетіп, ойын ашық айтатын халық ретінде біледі. Мұны өздері мақтан тұта ма?
– Қырғызстанда егемендік алғаннан кейін демократия болды. Оның негізін КСРО-дан қалған парламент салған деседі. 1990 жылдың сәуірінен 1994 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеген Қырғыз парламентінің ісмерлігі Қырғызстанда демократияқ үрдістің негізін салды. Жылдар өткен соң ол аңызға айналған парламент деген атқа ие болып, осы атпен тарихқа кірді.
Жазушы Төлеген Қасымбеков сияқты депутаттар 1990 жылдардың өзінде өткір сөздерімен және әрекеттерімен елді, жастарды демократиялық көзқарасқа тәрбиеледі. Сол кісі Жоғарғы Кеңеште сөйлеп жатқанда не деген ержүрек, патриот адам деп таң қалушы едім. Ол кісімен жолығып, бірнеше рет қырғыз газетіне сұхбат алғанмын. 1993 жылдары құрылған демократиялық партиялар солардың тәрбиесін көріп қалды. Содан биліктен қорықпай, ойын ашық айту үрдісі қалыптасқан.
2005 жылы төңкеріс болғаны да сол, халық озбырлыққа шыдамады. Негізі қырғыздар қазақтарға қарағанда қызуқандылау келеді. Өздерінің айтқанынан қайтпайды. Тез көтеріліп кетеді. Сосын ұлттық мәселелерге келгенде бірігіп кетеді. Оларды біріктіретін тағы бір идеологиялық құрал – Манас. Манасты бәрі мойындайды. Манас дегенде тік тұрады. Өздерін Манастың ұрпағымыз дейді. Қысқасы, Манастың рухы кеуделерінде сақталып қалған. Сондықтан әр халықтың өз ерекшелігі бар.
– Бірақ көтерілістен көз ашпаған мемлекеттің экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да құлдырай бермей ме?
– Ол рас. Бізде экономикалық ахуал жақсы емес. Оның себебі – төңкерісте жатқан жоқ. Бұл билікке келгендердің бәрі – ішіп-жегіштер. Олар елдің қамын ойламайды, өздерінің күйін күйттеп кетеді. Бай-бағлан, кәсіпкердің көбі салық төлей бермейді. Нақты экономикалық мәселені шешуді қолға алып жатқан жоқ. Оның үстіне экономикалық нысандардың көбіне шетелдіктер иелік етіп отыр.
Қырғызстан мемлекеті экономикасының тірегі – «Құмтөр» кенінің пайдасын шетелдіктер көріп келеді. Сол сияқты қырғыз экономикасын алға сүйрейтін – үш ұялы телефон операторының қызығын жеке адамдар көріп жатыр. Біреуі – қазақтыкі, екеуі – қырғыздыкі. Оған неліктен қазақтар иелік етуі тиіс?
Тағы бір экономикалық тірек – энергетика саласы. Электр энергиясын өндіру оңтүстіктегі Нарын өзені мен оның салаларында орналасқан СЭС тізбегіне негізделеді. Олардың ең ірісі – Тоқтағұл СЭС-і жылына 4 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл салаға қазіргі кезде бірқатар шетел мен Ресей қаржысы жұмсалуда. Былайша айтқанда, Қырғызстан энергия көзімен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Тіпті, Қырғызстанда электр көзін жеке адамдар үшін тегін етуге болады. Күніне, айына, жылына миллиардтаған ақша түседі. Алпауыт кәсіпорындар тұтынған электр энергиясын дұрыс төлемейді. Есесіне, оны халықтың есебінен жауып отыр. Қысқасы, өз экономикасына өзі қожа емес.
Тоқтағұл су электр стансасы
– Жалпы, халықтың жағдайы төмен бе?
– Олай айта алмаймын. Бізде аштан өлейін деп жатқан адам жоқ. Бәрі өз күнін өзі көріп жүр. Еңбек еткен адам нанын тауып жейді. Қырғыз халқы үйінде шіреніп жатпайды. Бұрынғыдай емес, ішімдік ішу де азайған. Бірақ тапқан ақшасы күнделікті тұрмысқа жете бермейді. Мәселен, өзім қызметкер ретінде алатын айлығым 15 күнге ғана жетеді. Сондықтан да халық дауыс бергені үшін 2 мың сомға сатылды. Ал бірақ дауыс бере ме, бермей ме өз еркі. Біреуден ақша алған соң, соны ақтауы мүмкін.
– Жаңа бір пікіріңізде қырғыздарды намысшыл халық деп едіңіз, енді ақшаға сатылады дейсіз...
– Оның бәрі жалақының аздығынан ғой. Барлығы сатылады дегенім жоқ. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Атыр Ахматованың мәліметі бойынша, кейбір сайлау учаскелерінде «Биримдик» партиясына 100 пайыз дауыс берген. Сонда бір адам қарсы дауыс бере алмаған дейсіз бе? Бұл шектен шыққандық қой.
– Қырғызстан президенті С.Жээнбеков саяси партияларды ақылға келуге шақырып, саяси жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Халық мұны басу ретінде қабылдады ма?
– Парламентке өткен үш партияның бәрі соныкі. Жоғарғы кеңеште Асылбек Жээнбеков деген інісі отыр. Тағы да топтары бар. Мұның бәрін қырғыз халқы біледі.
С.Жиенбеков
– «Қырғыз халқы көтерілістен көз ашпайды, ел болуы екіталай» деген пікірді жиі естиміз. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл – жәй сөз. Кезінде Ресейде қандай төңкерістер болғанын Лениннің томдарынан оқыдық. Ол: «Дүниежүзінде бір ғана жер – Ресейде төңкеріс жасауға болады. Өйткені, шынжырдың үзілетін жері – Ресей» деген.
Ал Орта Азия бойынша төңкеріс жасайтын жер – Қырғызстан. Жаңа қоғам орнатуға мүмкіндігі мол ел – Қырғызстан. Бұл жерде намысшыл жастар өсіп келеді. Осындай төңкерістер арқылы әділ билік орнайды. Бұл әділ билік қазір келмесе де, болашақта түбі жақсылық болады.
Президент Жээнбеков әу баста мақсатым – жемқорлықпен күресу деген. Қазір Қырғызстан жемқорлыққа батып қалған мемлекет. Кез келген адам өз білімі, білігімен жақсы қызметке орналаса алмайды. Біз Ақ үй мен Көк үй дейміз. Ақ үй – президенттің, Көк үй – Жоғарғы кеңеш басшысы отыратын орын. Мұндағы қызметкердің барлығы жұмысқа тамыр-таныспен орналасқан. Соған қарамастан, өз басым Қырғызстанда жағдай жақсаратынына, жақсы қоғам орнайтынына 100% сенемін.
– Қазір жағдай тұрақталды ма?
– Дүрбелең енді басталды, әлі басылмайды. Президент билігінен тып-тыныш бас тартуы керек. Сонда жағдай дұрысталар еді. Қазір билікке қарсы тарап билік органдарына өздерін министр ретінде тағайындап қойды. Өткен төңкерісте уақытша үкімет құрылғанда Феликс Кулов комендант ретінде сайланып, бәрін дер кезінде тоқтатты. Ал қазір Ішкі істер министрі міндетін атқарушы ретінде тағайындалған Курсан Асанов іскі кірісті. Себебі, елде тәртіп орнатуы керек. Сондай-ақ, Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министрі міндетін атқарушы болып сайланды. Бұл туралы шешім «Достук» қонақүйінде өткен Жогорку Кеңештің бүгінгі кезектен тыс отырысында қабылданды. Отырысқа 67 депутат қатысты. Отырыста бұрынғы премьер-министр Кубатбек Боронов отставкаға кеткені жария етілді.
Еске сала кетсек, Садыр Жапаров 2013 жылы Қаракөлде митинг ұйымдастырғаны және өңір губернаторын кепілге алғаны үшін 2018 жылы 11,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол түрмеден босатылды. Сонымен қатар, Жогорку Кеңеш спикері болып Мыктыбек Абдылдаев сайланды. Парламенттің жаңа төрағасы кезектен тыс отырыс барысында сайланды. Мыктыбек Абдылдаев «Бир Бол» фракциясының депутаты. Бұрынғы парламент спикері Дастанбек Жумабеков те отставкаға кетті.