15 Қараша 15:16
...

БИШІМБАЕВ кейсі: Біздің қоғамда қашан МЕНТАЛИТЕТ емес, ЗАҢ үстемдік етеді?

Фото:

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін ұрып өлтіргені қоғамды дүрліктіріп жіберді. Отбасылық кикілжіңнің соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға бұған дейін де тіркеліп жүр. Ал бұл жерде ақпараттың бірден тарап кетуі – қылмысқа бұрынғы шенеуніктің тікелей қатысы болғанында ғана.

Кейбір сарапшылар «әйелді ұрып-соғу, зорлық-зомбылық көрсету, өлімге әкелу дерегі күнде болып жатыр. Біз оның бірін білсек, бірін білмейміз» деген пікір айтты. Мұндай ақпаратты жасырын сақтайтын отбасы көп. Тіпті, «таяққа үйренген» әйелдер үшін бұл қалыпты өмір салтына айналған. Соңғы кезде ғана бас көтеріп, күйеуден көрген құқайға шыдай алмайтынын ашық айтатындар қатары көбейді.

Осы бір-екі күнде әлеуметтік желіде «Біз отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деген флешмоб жүріп жатыр. Оның ішінде күйеуінен зәбір көрген аналар да, ертеңгі күніне алаңдайтын қыздар да бар. Мұндағы мақсат біреу ғана – қоғамға ой салу. Бірақ соның өзінде жұрт оларды «қоғамның зиянкесі» санап әлек. Неге?

БҰҰ 2019 жылы Қазақстанда жылына шамамен 400 әйел өз күйеуінің қолынан қаза табатынын мәлімдеген. Одан бері де жағдай оңала қойған жоқ. Оның мысалы кеше ғана қоғам алдында су бетіне өзі-ақ шықты. Бұған тек әлеуметтік тұрмыс тауқыметі итермелей ме, әлде қалай?

NEGE тілшісі отбасылық зорлық-зомбылықтың өршіп кетуіне нақты қандай себеп барын мамандардан сұрады.

Айман ОМАРОВА, заңгер:

Ақшасы бар адамдар жазаланбайтынын біледі

– Бұл баяғыдан келе жатқан күрделі мәселе. Біреулер «әйелді ұру бұрыннан бар ғой, ештеңе етпейді» дейді. Ал енді тағы бір тарап кез келген отбасылық кикілжіңге әйелдерді кінәлайды. Онда неге сол әйелмен бірге тұрады? Ажырасып, жаны қалаған адаммен тұруына не кедергі?

Ең басты мәселе – зорлық-зомбылықтың шарықтау шегі. Мұның салдарынан күйеуі әйелін, әйелі күйеуін өлтіріп жатыр. Байғұс әйел бұл әрекетке күйеуінің соққысынан қорғанамын деп барды. Оған дейін сан мәрте жергілікті құқық қорғау мекемесіне арызданса да, «отбасылық мәселе» деп жылы жабады. Салдары өлімге әкеп тірейді. Бұл жерде Ішкі істер мекемелері дұрыс жұмыс істемейді. Өздері де зорлау, қорлау, азаптау әрекетін жасайды. Осы кезге дейін Ішкі істер министрлігіне ешқандай реформа енгізілмеді.

Бишімбаевтың оқиғасы да қоғамды екіге жарды. Меніңше, ол әйелін бұған дейін де ұрып келген. Адам бірден өлтіріп қоймайды. Бұрын шенеунік болған танымал адамның өзі осындай әрекетке барды. Ақшасы бар адамдар жазаланбайтынын біледі. Олар өзіне, қалтасына сенеді. Ал полиция, прокуратура дәл осындай істерді жауып отырады. Бірақ бәріне неге әйелді кінәлайды?

Мысалы, депутат Марат БӘШІМОВ: «Әйелдердің өзі арандатуға барып, ерлерді қол көтеруге өздері итермелейді. Ер адамдар ғана емес, әйелдер де зорлық-зомбылықты жиі тудырады. Бізде зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалар тек әйелдердің құқығын қорғауға арналған», – десе, депутат Амантай ЖАРҚЫНБЕК: «Тұрмыстық жанжал туса, ерімен бірге әйелін де қамауға алу керек. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те болады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», – деген пікірде.

 

М.Бәшімов. Фото: ОКҚ

Осыдан кейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін шара қабылданбағаны, ал депутаттарға әйелдерді жазалау туралы ойларын айтуға мүмкіндік берілгені үшін елімізді сынаған еді. Бұл қоғамның дімкәс екенін білдіреді. Әйелді қорлау, зорлау қылмыс емес пе? Бұл нағыз «Қылмыстық кодекске» енгізілетін дайын бап. Зорлық-зомбылықты қылмыстық санатқа жатқызу керек. Жеке айыппен емес, кәдімгі прокуратура араласып, тиянақты тергеу жүргізілген іс болуы қажет.

Енді әйелдер тыныш жатпайды, бас көтереді. Көтерілісті әйелдер бастаған ғой. Мемлекет заңды қатаңдату керек. Статистикаға да сенуге болмайды. Оны жасайтын өзіміздің мекемелер. Нақты көрсеткіш одан да көп.

Дина ТАҢСӘРІ, «Не молчи.KZ» қорының жетекшісі:

Адам өмірін құндылық санау үшін әлі 100 жыл керек

– Статистика шынайы бола бермейді. Отбасылық зорлық-зомбылық оқиғасы бап бойынша бөлінеді. ІІМ мен Бас прокуратура нақты көрсеткішті айтпайды. Күйеуінің қолынан қаза тапса да, басқа себеппен тіркейді. Қазір суицид өте көп. Оны да жылы жауып қояды. Неге десеңіз, кәдімгі мұсылмандық жолмен жерлеу үшін, сосын ұят дейді. Егер дәріні қасақана шамадан көп ішіп өлсе, «жай тамақтан уланып қалды» дейді. Ішкі істер министрлігі статистиканы мейлінше төмендетіп айтады. Менің білуімше, отбасылық зорлық-зомбылықтан келген қылмыс 2017 жылға қарағанда төрт есеге өскен.

Қазір әлеуметтік желіде де бұл мәселе ашық айтыла бастады. Бізге ертеректе күніне 30 қоңырау түсетін, бүгінде 70-80 адам хабарласады. Соның 75 пайызы күйеуінен зәбір көрген әйелдер. Қабылданған заң жұмыс істемейді. Полиция әрекет етпейді. Күйеуі мен әйелін қайта қостық деп ойлайды. Содан кейін де бізден көмек сұрайтындар көп.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов «Әйел өз күйеуін қылмыстық іске қалай тартады?» дейді. Ол еркектерге «Өз әйеліңді, балаларыңның анасын неге өлтіресің?» деп неге айтпайды? Сол депутат заң қабылдайтын ведомствоаралық комиссияға жауапты екен. Статистиканы неге қарамайды, дамыған елдер тәжірибесімен неге таныспайды? Осындай таяз ойлайтын адамдардың комиссияда болғанына қарсымын!

Бишімбаев оқиғасы – жемқорлыққа былыққан биліктің көрінісі. Бізде қылмыскерлер жазаланбайды. Оған бұған дейін 10 жыл береді, бірақ Назарбаев кешірім беріп, қайта шығарып алады. Сонда біз жемқорларды кешіре береміз бе? Бұл кейстің соңы әйелін ұрып өлтіруге әкеп соқты.

Оның әйеліне қандай қатыгездік жасағанын естігенде жағамды ұстадым. Психикалық ауруға шалдыққан адам ғана істейді мұны. Дәл осындай адамдар қалай билікте отырған? Бізде кез келген креслоны сатып алуға болады дегенге нағыз дәлел. Сондықтан дамыған батыс елдері сияқты адам құқығын қорғап, оның өмірін құндылық көрмесек, ештеңе өзгермейді.

Меніңше, оған әлі 100 жыл керек. Жемқорлықтан құтылу үшін үш буын алмасу қажет. Заң жұмыс істемейінше, ұлттың менталитеті осы қалпында қалады. Заң өзгерсе, қоғамда әйелді кінәлау тоқтап, бәрі заң негізінде сөйлейді. Ал әзірге қоғам менталитет бойынша ғана айтып, талқылап жатыр.

Айман ЖҮСІПОВА, әлеуметтанушы:

Отбасылық зорлық-зомбылық әлемде бар

– Әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әлемде бар. Бірақ батыс елдерінде бұл мәселе ашық айтылады. Ал бізде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты солай болуы тиіс деп түсінеді. Алайда, адам құндылығы осындай жағдайдан кейін түсе береді.

Қазір әйелдер отбасында қысым көргенін айтса, қоғам тарапынан елемеушілік басым. «Бұлар әсірелей береді, дабырайтып көрсетеді» деген түсінік бар. Отбасында еркек әйелін өлтіріп жатса да, дабыл көтеруге асықпайды. Мұның салдарын көріп отырмыз.

Тегтер: