«Сіз iPhone 17 ұтып алдыңыз!» – Ақтөбеде алаяқтық жолмен ақша иеленген күдіктілер ұсталды
Ақтөбеде алаяқтық жолмен ақша иеленген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Қазан айында Алға ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын телефон арқылы алаяқтардың құрбаны болғаны туралы арызданды.
Жедел-тергеу шаралары барысында белгісіз тұлғалардың жәбірленушіні «iPhone 17 телефонын ұтып алдыңыз» деп сендіріп, алаяқтық жолмен оның ақшасын иемденгені анықталды. Ұтысқа сеніп қалған 49 жастағы ер адам бейтаныс жігіттердің нұсқауымен өз атына екі рет онлайн несие рәсімдеп, алынған ақшаны оларға аударған.
Күдіктілер бұл соманы "ұтыстың комиссиясы", "қатысушы жарнасы" және "қайтарылатын төлем" деп түсіндірген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі – 1,5 миллион теңге.
Полицейлер жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ақтөбе қаласының 18 жастағы екі тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жас жігіттер өз кінәсін толық мойындады. Тергеп-тексеру барысында күдіктілер әлеуметтік желі арқылы бейтаныс ер адамның танымал блогердің парақшасында жарияланған ұтыс ойынына қатысып жатқанын көріп, оған "ұйымдастырушы" ретінде хабарласқаны анықталды. Ер адам ұтысты ақшалай алғысы келетінін айтқан соң, олар "ұтысты алу үшін" деген сылтаумен онлайн шот нөмірлерін жіберіп, 1,5 миллион теңгеге жуық қаражатын заңсыз иеленген. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны күдіктілер өзара бөлісіп, жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.