24 Қазан 17:58
...

Алматы зообағында мүйізтұмсыққа тас лақтырған адам іздестіріліп жатыр

Мүйізтұмсық
Фото: видео-скрин

Алматы зообағында жануарға қатыгездік көрсеткен адамға іздеу салынды. 

Алматы, NEGE. Зообаққа барған қала тұрғыны 24 қазанда болған оқиға туралы айтты. Оның сөзінше, ер адам торда өзімен өзі тұрған мүйізтұмсыққа тас (немесе әлдебір зат) лақтырған. Куәгер бұл сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады.

– Анаммен бірге зообаққа барғанбыз. Сол кезде мына оқиға кәдімгідей жүрегімді ауыртты. Ер адам мүйізтұмсықтың көзіне қарай тасқа ұқсас бір затты лақтырып жіберді. Жануар жайбарақат тұрған. Ол адам қараптан-қарап мүйізтұмсыққа тиісті. Не үшін? Кейде адамдар жануардан да қатігез сияқты көрінеді, - деп жазды ол.

Зообақ әкімшілігі бұл жазбадан кейін дереу мүйізтұмсықты тексергенін хабарлады.

– Мүйізтұмсықтың жағдайы жақсы. Денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жарақат, соның ішінде көз жарақаты да анықталған жоқ, - делінген зообақ таратқан ресми хабарламада.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, ішкі қызметтік тексеріс басталып, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұқият зерттеліп жатыр.

– Зообақ әкімшілігі құқық қорғау органдарына жүгінді. Бұзақының кім екенін анықтап және оны жауапкершілікке тарту үшін материалдың бәрі полицияға жолданды, - деп хабарлады зообақ баспасөз қызметі.