«Қазақ халқының рухани құндылықтары – ұлттық бірегейліктің темірқазығы» – профессор Серік Нұрмұратов
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы – тек шежіре емес, рух пен танымның терең тамырына айналған бай рухани әлем. Қазақтың бай даласын мекендеген елдің бойына сіңген адамгершілік, қонақжайлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету халқымыздың рухани құндылықтарының алтын арқауы.
Тарихтың түрлі сындарлы кезеңдерінде ұлттың жойылып кетпей, күні бүгінге дейін бой түзеп, болмысын сақтап қалуының астарында рухани тіректің мызғымас күші жатса керек. Қазіргі жаһандану дәуірінде осы рухани негізге қайта оралу – ұлттық тұтастық пен тәуелсіздігіміздің берік тірегі. Бүгінгі күні қазақ халқының рухани әлеміне терең бойлап, тарихынан тағылым алып, болмысын бағамдай білудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Рухани құндылық ұғымының қалыптасқан кезеңі мен қазіргі замандағы ұлттық бірегейлікті дамыту тәсілдері жайында NEGE тілшісі Философия ғылымдарының докторы, профессор Серік НҰРМҰРАТОВТЫ әңгімеге тартты.

– Серік Есентайұлы, қазақ халқының рухани құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткен негізгі тарихи кезеңдер туралы айтып берсеңіз...
– Қазақ халқының рухани құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткен тарихи кезеңдерді үш үлкен дәуірге бөліп қарауға болады. Біріншісі, ежелгі дәуір, яғни түркі кезеңіне дейінгі уақыт. Бұл кезеңде Еуразия кеңістігінде өмір сүрген бабаларымыз егіншілікпен, аңшылықпен, мал шаруашылығымен айналысып, алғашқы тұрмыстық және мәдени тәжірибелерін жинақтады. Қолөнер, қола дәуіріндегі қару-жарақ жасау, Жібек жолы бойындағы мәдени алмасулар – бәрі кейінгі рухани дамудың негізін қалады. Екіншісі, түркілік дәуір. Бұл уақытта түркі халықтарының ортақ рухани кеңістігі қалыптасты. Қорқыт ата, әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн сияқты ойшылдар түркі өркениетінің алтын қорына енді. Ол кезде «қазақ» немесе «өзбек» деген ұғымдар болған жоқ, бірақ бүгінгі ұлттардың рухани тамыры сол ортақ түркілік өркениеттен бастау алады. Үшіншісі, Қазақ хандығы дәуірінен бүгінге дейінгі кезең. XV ғасырдан бастап қазақ өз атауын алып, ұлттық құндылықтарын айқындай бастады. Асан Қайғы, Керей мен Жәнібек заманынан бастап қазақ қоғамында рухани тұтастық орнықты. Алдыңғы дәуірлердің мәдени мұралары сабақтастықпен жалғасты. Атап айтсақ, домбыра мен қобыз, отбасы дәстүрлері, жыр-дастандар, бәрі сол ерте дәуірлерден жеткен рухани сабақтастықтың көрінісі. Кейінгі кезеңдерде Ресей империясы тұсындағы отарлану және кеңестік дәуірде бұл құндылықтар өзгерістерге ұшыраса да, түбегейлі жойылған жоқ, қайта жаңа мазмұнмен толықты. Құндылықтардың басты қасиеті – оның біріктіруші және рух беруші күші. Рухани құндылықтар адамның адамдық болмысын айқындайды. Сондықтан халқымыздың рухани тарихы үзілмей, үш дәуірдің сабақтастығы арқылы бүгінге дейін жалғасып келеді.
– Ұлттық бірегейлік ұғымын қазіргі заманда қалай сипаттаймыз?
– Ұлттық бірегейлік әр халықтың өз тамырын, мәдениетін, құндылықтарын тануы мен сол арқылы қоғамда өзін айқындауы. Кеңестік кезеңде адамдардың басты сәйкестігі коммунистік идеологиямен байланысты болды. Ол кезде «кеңес адамы» деген ұғым үстем еді. Ал тәуелсіздікпен бірге сол жүйе ығысып, оның орнына ұлттық сананың ояну кезеңі келді. Біз кімбіз, қай ұлттың өкіліміз, қандай мәдениетке сүйенеміз деген сұрақтар өзектене түсті. Кей адамдар өз бірегейлігін дінмен байланыстыра бастады. Бірақ дінді ұлттық негізден жоғары қою дұрыс емес. Себебі Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дін әр азаматтың жеке таңдауы. Ал ұлттық бірегейлік баршаға ортақ құндылық. Ұлттың тұтастығы оның тілі мен мәдениетінде көрініс табады. Бүгінде қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 70 пайыздан асты. Бұл көрсеткішті ұлттық келбеттің қайта қалыптасуының айқын белгісі деп білеміз. Дегенмен, орыс тілді азаматтар да аз емес, сондықтан ешкімді бөліп-жармай, барша халықты ортақ құндылыққа тартудың жолын табу маңызды. Және осы бағытта ділімізді, дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық іргетасты күшейтуіміз қажет.
– Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар патриоттық тәрбиеге қалай ықпал етеді?
«Патриотизм» ұғымы ұлтты, жерді, дәстүрді сүю. Қазақ үшін бұл ұғым әке жолын жалғап, ата-баба аманатына адал болу дегенді білдіреді. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар сол рухани сабақтастықтың негізі. «Жеті атасын білу», «үлкенді сыйлау», «қонақты құрметтеу» сияқты қағидалар елін сүйетін, әділ де еңбекқор азаматты тәрбиелейді. Бүгінде ұлттық киім киіп, Наурызды атап өтетін, дәстүрді сақтауға тырысқан еліміздегі әр азамат патриот. Өйткені ол өз болмысын ұмытпай, халықтың салт-дәстүрін ұстанып қана қоймай, оның насихатталуына өз үлесін қосуда. Кейбір азаматтар патриотизмді жеке мүдде үшін пайдаланып, ұрандатады. Ол отансүйгіштікке жатпайды. Тарихтағы батырлар мен билер елін қорғап қана қоймай,оны рухани тұрғыда насихаттады. Сондықтан дәстүр өткеннің көлеңкесі емес, ұлттың болашағына жарық беретін шамшырақ.
– Жаһандану кезеңінде ұлттық болмысымызды сақтау үшін не істемек керек?
– Ұлттық болмысымызды сақтау үшін ең алдымен халқымыздың тарихи жадын, салт-дәстүрін және дүниетанымдық негіздерін жаңғырту қажет. Қазақ халқының сан ғасырлық көшпелі өмір салты, береке-бірлігі, отбасылық тәрбиеге негізделген құндылықтары мен қалыптасқан салт-дәстүрлері ұлттық бірегейліктің темірқазығы. Осы тарихи тәжірибелерге сүйене отырып қана, жаһандану заманында ұлттық тамырымыздан ажырап қалмай, болмысымызды сақтап, рухани тұтастығымызды нығайта аламыз.
– Кеңестік кезең қазақ халқының рухани дүниетанымына қалай ықпал етті?
– Кеңес өкіметі коммунизм идеясына сүйеніп, жеке меншікті жойып, бар мүлікті ортақ қылуды мақсат етті. Соның салдарынан халық өз малынан, жерінен айырылып, ашаршылыққа ұшырады. Бұл кезең ұлт үшін ең үлкен қасірет болып, ұлыттық болмысты әлісіретудің ұтымды кезеңі болды. Сол жылдары миллиондаған қазақ пен украин халқы аштықтан қырылды. Рухани тұрғыдан алғанда да, кеңестік саясат халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, діни сенімін, мәдени құндылықтарын тұншықтырды. Ұлттың тілі мен ділі екінші қатарға ығыстырылды.
Дегенмен адам табиғаты бейімделгіш келеді. Уақыт өте халық сол жүйе кезеңінде де өмір сүрудің жолын тапты. Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз өз болмысына қайта үңіліп, дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыз жаңғыра бастады. Бірақ қауіп ол кезде ғана емес, үнемі жалғасып отырды. Қазіргі жаһандану дәуірінде сырттан енген салафизм сияқты діни ағымдар халықтың рухани иммунитетін әлсіретудің жаңа құралына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, кеңестік кезең - қазақ халқының рухани дүниесіне зорлықпен әсер еткен, алайда тарихи сабақ ретінде ұлттың өзін қайта танып, рухани тамырына үңілуіне түрткі болған ерекше дәуір деп айтуға болады.
– Қай тарихи тұлғаны жастарға патриоттықтың үлгісі ретінде ұсынуға болады?
– Нағыз патриот деп халқының мүддесін жеке пайдасынан жоғары қоятын, елге шын қызмет еткен тұлғалардан ойыма алғаш түскені – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ол Қазақстанда тұңғыш Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондаған ғылыми институттардың негізін қалады. Шет елдегі бір кездесуінде оған: «Сіз сияқты қазақтар бәрі ұзын бойлы ма?» - деп сұрақ қойғанда, Сәтбаев күліп: «Жоқ, мен халқымның ішінде ең кішісімін, халқым менен де биік» - деп жауап берген екен. Міне, нағыз патриотизмды ұранға емес, оны күнделікті ұстанымы мен іс-әрекетіне айналдарған азаматтың анық көрінісі. Қазақ тарихында ұлт үшін жанын берген батырлар мен ақын-жазушыларымыздың есімі анық айтылады. Ол қатарда халықты білімге шақырған Ыбырай Алтынсарин, бала санасына ұлттық ойды қалыптастырған Абай мен Шәкәрім бар. Ал кеңестік дәуірде Мұхтар Әуезов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов сынды қаламгерлер өз шығармашылығымен ұлт рухын биіктетті.
– Жоғары оқу орындарында рухани-патриоттық тәрбиені күшейту үшін қандай тарихи тәсілдер тиімді?
– Жоғары оқу орындарында рухани-патриоттық тәрбиені күшейтудің ең тиімді жолы – сөз басында айтып өткен біздің халықтың тамырында бар қасиеттер адалдық, әділеттілік пен еңбекқорлық сынды құндылықтарды өмірлік ұстаным ретінде дарыту. Бұл қасиеттерді ұлттың рухани иммунитеті деуге болады. Қазір кейбіреулер «цфирлық технология мен техника маңызды» деп, руханиятты екінші орынға ысырады. Бірақ нағыз прогресс рухани және ғылыми даму қатар жүргенде ғана мүмкін болады.
Жастардың бойындағы рухани, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерді толық ашу үшін білім беру жүйесі тек ақпарат берумен шектелмей, өмірдің мәні, ел тағдыры, әділдік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды да үйретуі тиіс. Тарих тәжірибесіне сәйкес, Алаш зиялыларының мақсаты тек ағартушылықпен шектелмей, елдің рухани жаңғыруына негізделген еді. Бүгінгі таңда да жоғары оқу орындары студенттерге ел дамуының ырғағын сезінетін, мүмкіндікті ел игілігіне айналдыра алатын тұлға тәрбиелеуге тиіс. Патриоттық тәрбие тарихи тәжірибеге әбден сүйенуі керек. Алаш қайраткерлері мен кеңестік кезеңдегі тұлғалар елге адал қызмет етудің үлгісін қалдырды. Қазіргі заманда бұл ұстаным жаңа мазмұнға ие болып, интеллектуалдық, экономикалық және моральдық жауапкершілікпен өлшенуі тиіс. Ең маңыздысы, мемлекет пен қоғам жастардың мүмкіндігін толық іске асыруға жағдай жасағанда ғана патриотизм өміршең сипатқа ие болады.
– Әңгімеңізге рақмет!