Бір жылға ҚОЯН терісі де шыдайды, бірақ...
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Аумалы-төкпелі кезеңде болжам жасаудың өзі қиын: көз бен құлақ үйренген жәйттер бір сәтте-ақ өзгеріп, мың құбылып, ертеңгі күнге өзгеше сипат беруде.
Бірақ, не дегенмен, қоғамның жалпы дамуының өзіндік логикасы болады, сол себепті «Биылдан не күтуге болады?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Экономикада не болатынын мен-ақ айтпай-ақ қояйын, оны «осы жыл өткен жылдан да қиын болады» деп, президенттің өзі ашық айтты. Меніңше, ол 30 жылдық біліксіздік пен бейберекетсіздік, былық пен бетсіздік шын мәнінде ел экономикасын қандай мүшкіл халге жеткізгеніне енді ғана көзі жетті. Сондықтан да елін алдын-ала хабардар етіп жатса керек.
Сол себепті осы жылы экономикамыздың басты параметрлері жақсарады деп ешкім де айта алмайды. Өкінішке қарай, өкімет баға мен инфляцияның шарықтап өсуін тоқтататын тиімді рецепт таба алмай отыр. Өкіметтің экономикалық блогында белгілі бір дәрежеде дағдарыс бар. «Осы жылы бүйтеміз, сүйтеміз, қойдың басын үйітеміз» деп отырған білікті де біртұтас команда жоқ. «Асықпай жүріп, арбамен қоян аламыз» деген ұран дәл осы Қоян жылына келіңкіремейтінін мына ұйқысын аша алмай жүрген үкімет білсе екен, шіркін!
Ал батыл да шешуші, әрі тиімді де табысты қадамдарсыз қарапайым жұрттың күнделікті тіршілігі қиындай түсері хақ.
Әлеуметтік саланың әлеуеті бюджеттің қауқарына тікелей байланысты екені анық. Сондықтан осы жылы әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға берілетін көмек көбейеді деп болжаудың өзі ыңғайсыз болар. Ал жылдар бойына қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер дер кезінде өз шешімін таппаса, басқаша, соның ішінде саяси сипат ала бастайтыны – саясаттану ғылымының аксиомасы емес пе?
Кеше ғана санамызды дүр сілкіндірген Қанды қаңтар газ бағасының күрт қымбаттауынан басталғанынан тиісті идеологиялық сабақ ала қоймаған мына билік тағы да бір әлеуметтік дүмпу бола қалса, не істейтінін білмейді-ау осы!
Билік болса, әлеуметтік саланың теориясынан нақты тәжірибесіне кірісе алмай әлек: әртүрлі тұғырнамалар мен кодекстер жазып әуре. Нақты іс-қимыл болмаса, ол қағаздардан не пайда?! Сол бюрократиялық бейқамдық бір күні биліктің алдынан шығар.
Жыл ортасында, яғни парламенттік сайлаудан кейін үкімет отставкаға кетуі мүмкін. Өйткені, жуан жіңішкерер, жіңішке үзілер шақта біреуді құрбандыққа шалу керек болады.
Қоғамдық-саяси салада, әрине, ең басты науқан – осы жылы өтуі тиіс парламенттік және мәслихаттар сайлауы. Сөзсіз, бір мандаттық округтер бойынша сайлау механизмінің енгізілуі – бір қадам болса да алға жылжу. Мұның өзі партияға мүше емес азаматтардың белсенділігін жандандырып, алда келе жатқан сайлауға жаңаша сипат берері хақ.
Бірақ, өз басым бұл жерде жай жарылатын минаның эффектін көріп отырмын. Өйткені, бейпартиялық белсенділік пен бірпартиялық сайлау комиссияларының арасында міндетті түрде қақтығыс болады.
Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын өз қолында ұстап отырған билік партиясы өз сыншылары мен балама пікір иелерін («оппозиция» деп оларды шошытпай-ақ қояйын) парламент не мәслихатқа жайдан-жай енгізе қояды дегенге өз басым сенбеймін.
Партияларға келсек те солай болайын деп тұр: қанша Жаңа Қазақстан дегенмен, мына билік шынайы оппозициялық партиялар мен жеке тұлғаларға легитимді мәртебе бере қоймас. Бәлкім, қолдан бір нәрсе жасап, біреулерді саяси алаңға шығарар, бірақ халық үкіметті сынап, президенттің атын атаудан ат-тонын ала қашатын ондай квазиоппозицияға сене қоймас.
Кланаралық тартыс өрши түсетін сыңайлы. Қанды қаңтар кезінде жеңіліске ұшыраған антитоқаевшыл күштер айылын жия қойған жоқ. Сондықтан да олар саяси реванш алу ойынан айнып қалды деп ойламаймын. Ол үшін жария да, астыртын да қимыл-әрекетке баруы мүмкін. Билік те қол қусырып отыра қоймас, сол себепті осы жылы небір коррупциялық және басқа да даулардың куәгері болармыз.
Қолында компроматы бар ренжулі кландар да қарап отырмас, олар да билік басындағы маңызды тұлғаларға қарсы ақпарат таратуы әбден ықтимал. Сол себепті «поп-корндарыңызды дайындап қойыңыздар!» десек те болар.
Мемлекеттік құрылыс саласы да жаңғыруын жалғастырар. Тоқаев дәуірінің жаңа институттары пайда болып жатыр. Осы жылы сол үрдіс жалғасады деп ойлаймын. Меніңше, Тоқаев Назарбаев заманының сыртқы да, ішкі де сипаттарынан біржолата құтылғысы келетін сияқты. Сол себепті мемлекеттік басқару саласында жаңа бастамалар қолға алынуы мүмкін.
Жыл басында басталған билікке жастарды тарту тәжірибесі жалғасатын болар. «Жас келсе – іске!», бұл жақсы бастама! Бірақ, ел ішінде, ауыл, аудан, облыстық деңгейде жұмыс істеп көрмеген өрімдей жас министрлер ел басқару секілді аса күрделі шаруаны еңсере ала ма деген күдік те жоқ емес.
Бәлкім, оларды алдымен аймақтарға жіберіп, мемқызметтің қайнаған ортасында бір сынап алу керек пе еді?
Сыртқы саясатта Украина мен Ресей арасындағы соғыс, сөз жоқ, тек қана біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың ғана емес, әлемдік геосаясаттың өзекті факторына айналып отыр. Осы жылы да сол тенденция өз жалғасын табары түсінікті.
Фотолар ғаламтордан алынды.
Иә, Қазақстан осы соғысқа қатысты өзінің позициясын анық та ашық жария етті. Бірақ, қарап отырсақ, Ресейдің күші сарқыла бастаған сықылды. Ал жараланған аю мүлдем күтпеген, оқыс та оғаш қадамдарға баруы әбден мүмкін.
Сол кезде Кремль біздің билікке «бас тартуға еш лаж жоқ» өтініштер жасауы да ықтимал. Осы жыл сонысымен қиын болады-ау.
Бірақ өз басым бүкіл дипломатияны тек осы факторға теліп қоюға қарсымын: одан да маңызды, терең әрі тылсым дүниелер бар. Мәселен, халықаралық өмірдің күнделікті күйбеңімен жүріп, Қазақстан әлемдік архитектураның жаңаша құрылымын қалыптастыру секілді аса маңызды процестен шет қалмауы тиіс.
Әрине, мұндай пессимистік болжамға қарап, өмірден түңіліп кетудің еш себебі жоқ. Өкіметтер келеді-кетеді, халық қалады.
Халық аман болсын, соғыс болмасын, Қанды қаңтар қайталанбасын! Бәрі дұрыс болады. Қазақ халқы бұдан да қиын кезеңдерді бастан өткерген!