27 Желтоқсан 12:17
...

Жылдың жеті НЕГЕ-сі

Фото:

Әміржан ҚОСАН, саясаткер

Өткен жыл көптеген сұрақ туғызғаны рас. Кейбіріне билік өзі жауап қайтарып әлек, біразына өмірдің өзі жауап тауып беріп жатыр. Солардың ішінде әзірше жауабы табылмай жатқан жеті сұрақ бар. Көп адамның көкейінде жүрген ол сауалдарға өзімше жауап беруге тырысып көрейін.

1. НЕГЕ экономикада оң өзгерістер аз, халықтың әл-ауқаты жақсара қойған жоқ, жалақы мен зейнетақы өспейді, ал баға болса, күнне күнге құтырып бара жатыр?

Тоқаев отыз жыл бойына орнығып, құбыжық сипатқа ие болған, біржақты, яғни, мұнай мен газ сатуға ғана дәніккен, ішкі өнеркәсіп пен өндірісті дамытуға құлықсыз экономикаға тап болды. Себеп – Назарбаевта, бірақ салдарына душар боп, сынға ұшырап жатқан – Тоқаев. О баста негізі дұрыс қаланбаған ондай жүйені бір-екі жылда өзгерту қиын болар.

ҚР Премьер-министрі Ә.Смайылов.

Әлемдік дағдарыс, КОВИД шектеулері секілді объективтік себептер тағы бар. Ол туралы билік жиі айтады.

Бірақ, негізгі кінә Тоқаевтың экономикалық командасында деп санаймын. Олар шынайы реформашылдығын, біліктілігі мен іскерлігін, шешім қабылдағанда батылдығын, заманға сай креативтігін таныта алмай-ақ қойды.

Қазақша айтқанда, шайнап бергенді жұта алмай отыр. Экономикалық процестерді бағамдап, болжап, алдын-алу деген атымен жоқ, оқиғаның артынан жүретін құдды бір «өрт сөндіруші команда» сықылды. Сол себепті экономиканы қазіргі биліктің «Ахиллес өкшесі» деп айтуға болады. Ал бағаны бюрократтық-әкімшілік жолмен ығына көндірі дегендері тіпті күлкілі: нарықтық, бәсекелік механизмдер керек!

2. НЕГЕ экономиканы жандандыруға қажет ішкі және сыртқы инвестиция мардымсыз?

Ішкі инвестиция бюджет пен отандық капиталдан құралатыны белгілі. Қазіргі кезең қиындықтары бюджетке төленетін салық сомасын біршама азайтты. Мұнай бағасы да сан құбылып, «ойнап» тұр. Ал отандық капитал әлі де «ескі Қазақстанды» басыбайлы иеленіп алған кландардың қолында. Ол қаржыны қайтару процесі оңай емес: миллиардтап жеген олардың миллиондарын ғана «құстырғанын» місе тұтып, жетістік санаудың өзі ұят.

«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Б.Жәмішев.

Мәселен, президент құрған «Қазақстан халқына» қорының өзіне түскен қаржы ұлттық деңгейдегі жобаның атына тіпті ыңғайсыз. «Ескішілдер» Жаңа Қазақстанның не боларын әлі де күтіп, әліптің артын бағып жүрген сияқты. Сыртқы инвестиция бере алатын шетел бизнесі мен қаржылық алпауыттардың да жағдайы белгілі: өздері де дағдарыс шырмауына шырматылып қалды. Яғни, инвестицияның басқа көздерін іздеу керек.

3. НЕГЕ президент тым жақсы бастамалар көтереді де, олар толыққанды жүзеге аспайды?

Сөз жоқ, президенттің жалпы риторикасы дұрыс, көпшіліктің көкейіндегі мәселелер күн тәртібіне қойыла бастады. Бұрын оппозиция ғана айта алатын өткір проблемалар мен бастамалар өмір шындығына айналып барады. Билікті қанша сынасақ та, бұл тенденцияны мойындауға тиіспіз.

Бірақ, меніңше, қазіргі кезеңнің бір ерекшілігі сол – халық пен президент өзгерістерге дайын болса да, ескі әдістер мен ережелерге еті үйреніп қалған кадрлар ондай жаңашылдықты тіпті күтпеген сықылды.

«Назарбаев тұсында да жақсы сөздер айтылды, кейін ұмытылды. Осы жолы да солай болады» деген керітартпа психология саналарына мықтап орныққандай. Оған қоса, жаңалықтарға жаны қас, Тоқаев тұсында билік пен байлықтан айрылып қалғандардың ренжулі тобы тағы бар. Олардың тарапынан боп жатқан саботаж хақында президенттің өзі де айтқан, біз де мақаламызда ертеректе жазғанбыз.

4. НЕГЕ «саяси реформалар қарқыны тым баяу» деген сын көп айтыла береді?

Отыз жыл бойына тығырыққа тірелген саяси салада өзгерістер пісіп-жетілгені рас. «Саяси реформа» дегенді әркім әртүрлі түсінетіні да рас.

Оның үстіне Жаңа Қазақстанды ескі стандарттар негізінде ескі кадрлар жүзеге асырғысы келетіндей. Кеше «назарбаевшыл» болғандар бүгінде «тоқаевшыл» бола қалды. Ондай екіжүзіділікті қарапайым жұрт қабылдай алмайды. Саяси реформаға сенімнің аздығының бір себебі осы. Ескі кадрлар жаңашылдықтан қорқады. Сондықтан батыл бастамаларға қарсы шығып, әртүрлі желеумен кедергі жасап келеді.

Н.Назарбаев.

Бір нәрсе анық: саяси салада жоспарланып жатқан бастамалар (олар тіпті жоқ деп айтуға келмес) қалың жұртшылықтың діттегеніндей болмай шықса, оның арты жақсы болмайды. Ең бастысы, билік оппозицияға, өзін сынап жүрген күштер мен азаматтарға теріс көзқарасын өзгертіп, оларды дұшпан не бүлікшіл деп санауын доғаруы керек. Сонда ғана Қанды қаңтар кезінде қақ жарылған қоғам біртұтас ұлт болып біріге алады.

5. НЕГЕ үлкен саясатта бұрынғы президент Назарбаевтың ықпалы әлі де сезіледі?

Меніңше, Назарбаевтың жеке басына негізделіп құрылған жүйенің ерекшелігі сол: ол ресми түрде қызметтен кетсе де, оның көлеңкесі Гамлеттің әкесінің көлеңкесіндей сахнада өзінше өмір сүріп, қойылып жатқан пьесаға өз әсерін тигізіп отыр.

Иә, о баста, билік транзитін қолға алғанда, Назарбаев пен Тоқпевтың арасында белгілі бір «джентльмендік» келісімдер болған. Уәдеге берік адам ретінде Тоқаев оларды орындауға мәжбүр. Көп жағдайда сонысы оның жеке басына тиіп кетіп, қоғам тарапынан сынға ұшырап жатады.

Мәселен, Назарбаевтың отбасының мүшелерінің кезінде жасаған заң бұзушылықтары мен басқа да қиянаттары үшін әлі де жауапқа тартылмауы содан деп білемін. Менің ойымша, Қанды қаңтар кезіндегі Назарбаев пен оның айналасының Тоқаевқа қарсы жасаған арам әркеттері осы келісімдердің күшін жойды десек те болады. Сол себепті ендігі жерде Тоқаев Назарбаев факторына басқаша қарауы керек деп санаймын.

6. НЕГЕ осы жылы өткен президент сайлауында демократиялық күштер тізе қосып, ортақ кандидат ұсына алмады?

Оппозицияға да стратегиялық және тактикалық жоспарлау, керек десеңіз, биліктің қолға алатын бастамаларының алдын-алу секілді саяси көрегенділік керек. Өкінішке қарай, біраз ағайынның тірлігі «әйтеуір, бір сынап қалудан» аса алмай жатыр.

Меніңше, Қазақстан оппозициясының осы күнге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмауының саяси себептері жоқ, өйткені бәрінің ресми түрде діттегені бір – ескі жүйені өзгерту, билікке келу. Өзара ырду-дырду болуының басты себебі – жеке амбиция, өзінен басқаны мойындамау, өз әріптестерін қаралау, күйелеу, пендешілікке саланып, өзгені қызғану мен көре алмау. КОВИД-ті жеңсек те, оппозицияның дәл осы ауруын жеңе алмадық. Осы жылы өткен сайлау соны ап-анық көрсетті.

Болашақта оппозиция идеологиялық жағынан тағы да бөлшектенетін сияқты. Мәселен, солшылдар мен оңшылдар, ұлтшылдар мен интернационалистер, эволюционерлер мен революционерлер, центристер мен радикалдар дегендей. Бұл жағдай, әсіресе, парламенттік сайлау кезінде ушыға түсері хақ, өйткені сайлауға қатыса алатын партиялар негізінен идеологиясымен ерекшеленеді. Өзін оппозиция санайтын күштер сол кезде өзара тағы да қырқысып жатса, оған таң қалудың керегі жоқ.

7. НЕГЕ Қанды Қаңтарға қатысты бар шындық ашық айтылмады?

Оның басты екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, оған Назарбаевтың өзі тікелей қатысты боп, ол туралы шындық мен жоғарыда айтқан Назарбаев пен Тоқаевтың арасындағы о бастағы келісімге тіреліп жатса керек.

Екіншіден, Қанды қаңтардың идеялық көсемдерінен басқа, нақты ұйымдастырушылары мен орындаушылары, оның ішінде мемлекетке опасыздық жасап, қолын қанға бояғандар бар.

Оған қоса, көзге түскісі келмейтін алпауыт демеушілері болғаны да түсінікті. Олар болса, әлі де биліктің о жақ, бұ жағында жүр, саяси шешімдер қабылдауға тигізер ықпалынан айрыла қойған жоқ. Содан бұл тақырып толығымен ашылмады.

Билік те Қанды қаңтар шындығын басқа адамдардың аузына салып, қоғамның реакциясын бағамдап жатқандай. Мәселен, ресейлік журналист Млечиннің Қаңтар туралы кітабы біраз шу мен түсінбеушілік туғызуда.

Меніңше, Қаңтар секілді ұлттық деңгейдегі трагедияның ақ пен қарасы туралы ащы шындық басқа біреудің емес, сол оқиғаның бел ортасында болған президенттің өз аузынан шығуы керек. Өзі айтсын, сөзі өтетін қазақ журналисін сөйлетсін, CNN немесе BBC секілді беделді шетел басылымына кең сұхбат берсін. Кімнің кім екенін, қандай сұмдықтар мен құйтырқылықтар болғанын ағынан жарылып, ашық айтса, әлі де көңілі күпті боп жүрген қоғам қабылдары анық. Келесі жылдан соны күтемін.

Тегтер: