12 Желтоқсан 17:49
...

ҮМІТСІЗ ҮКІМЕТ немесе Президенттің сұрағына Смайылов НЕГЕ жауап бере алмайды?

Фото:

Әміржан ҚОСАН, саясаткер

Президент үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Негізгі ақпарат (цифрлар мен проценттер, президент пен үкімет басшысының сөздері) БАҚ-та жарияланды, сондықтан оларды қайталамай-ақ қояйын да, осы кеңестен алған басты әсерлеріммен бөлісейін.

Біріншіден, президент әлеуметтік-экономикалық салаға шынымен кірісейін деген сияқты. Өйткені сөйлеген сөзінде өмірдің боямасыз болмысы, шырқыраған шындығы бар: ел ішіндегі әңгімелер ғана емес, тәуелсіз мамандардың балама пікірлері де ескергендей.

«Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде».

Президенттің өзі мойындаған бұл ащы шындық экономикаға тікелей жауап беретін үкіметке қаратып айтылғаны түсінікті-ақ.

Мұндай ақиқаттың айтылуын жақсы үрдістің басы деп білейік. Тек ол пікірлерді ескеру сөз жүзінде қалмай, нақты әрі тиімді шешімдерге ұласса болғаны.

Екіншіден, президенттің үкімет жұмысына көңлі толмайтыны сезіліп-ақ тұр. Өзі де қарауындағыларды жерден алып, жерге салмаса да, түсінген адам өз еркімен отставкаға кететіндей біраз қатқыл сын айтты. Алайда бір де бір министр не әкім жазаланбады. Мұны қалай түсінуге болады?

Үшіншіден, экономикалық дағдарыстан шығу тағы да азаматтардың қаржысы есебінен жүзеге аса ма? Мәселен, жылу беру нысандарын жаңартуда «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы қолға алынатыны туралы айтылды. Оның мәні неде? Жылу стансалары мен орталықтарын, жылу жеткізу жүйелерін жөндеу тарифтерді көтеру арқылы жүзеге аса ма? Осы күнге дейін халықтың қаржысын жинап, пайдаға кенеліп келген қожайындарға тағы да халық жәрдемесе ме?!

Төртіншіден, бюджет пен Ұлттық қордың жағдайы мүшкіл екені баршаға белгілі. Салықтық және басқа түсімдер азайып қалды. Олай болса, «7 жылда Ұлттық қорды 100 миллиард долларға жеткізу» тапсырмасы қалай орындалмақ?

Ұлттық қор негізінен мұнайдан түскен табыстан құралады. Мұнайдың бағасы болса, ойнап тұр. Мұнайды өндіру мен оны тасымалдау ісі жаңаша, соның ішінде, геосаяси кедергілерге тап болып отыр. 30 жылда, оның ішінде мұнай бағасы шарықтап тұрған жылдар бар, 50 миллиард доллардың о жақ бұ жағына ғана жеткен бұл қор енді 7 жылда қалайша екі есе ұлғаймақ?

Басқа елдердің мұндай қорлары жыл сайын 5-7 процентке өсетін болса, бізде ол көрсеткіш 1,6 проценттен аспайтынын президенттің өзі мойындады емес пе?

Президентке осындай уәде берген үкіметтің нақты есеп-қисаптарын бір көзбен болса да көрсе ғой, шіркін! Әлде осы уақыт ішінде «не хан өледі, не мен өлемін, не есек өледінің» кері ме? Үкімет жыл сайын бюджет дефицитін дәл осы Ұлттық қор есебінен толтыруға дәнігіп алғанын ескерсек, 100 миллиард доллар дегеніңіз қол жетпес қиялға айналып кетпей ме?

Бесіншіден, президент «шамадан тыс несие алу градусын төмендету» міндетін қойды. Иә, бізде той жасау не қымбат жиһаз сатып алуға несие алатындар бар. Бірақ жұрттың көпшілігі қай жетіскеннен қарыз алады дейсіз? Сондықтан да бұл тенденцияға да түсіністікпен қараған жөн болар. Оның бір жолы – жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақыны көбейту. Бірақ біздің жағдайда оның бәрі әлі де қағаз жүзінде ғана қалып отыр.

Аузы күйген үріп ішеді. Бұрын да талай-талай уәделер беріліп, талай-талай бағдарламалар қабылданған. Олар қазір қайда?! Сол себепті премьердің президент алдында есеп бергенде «30 триллион теңге жұмсалатын 850 инвестициялық жобаға сәйкес 131 мың жаңа жұмыс орны ашылады» деген сөздеріне біршама күмәнмен қарайтын шығармыз...

Алтыншыдан, ауылды дамыту туралы премьер: «Бес жылы ішінде бұл жобаға 1 триллион теңге жұмсалып, онымен 1 миллион ауыл тұрғыны қамтылады», – деп мәлімдеді.

Мен болсам, ақша үлестірген шенеуніктерден қорқамын. Сол себепті осы қомақты қаржы Астандан ауылға шашауы шықпай жетеді дегенге онша сеніңкіремеймін.

Жетіншінден, үкіметте істеген бұрынғы шенеунік ретінде президенттің «Үкімет пен президент әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған» сөзін қолдаймын. Бұл ойға қосарым да жоқ емес: сөз жоқ, нақты жауапкершілік үкіметте, ол жайында президенттің өзі айтты. Бірақ біздегі тәжірибеге салсақ, көп жағдайда президент әкімшілігі төменнен статистикалық мәлімет жинап, пәрмен беруші, бірақ нақты салаға не бағдарламаға нақты жауап бермейтін құрылым ретінде қалыптасып қалған. Сол себепті, белгілі бір саладағы кемшілігі үшін үкімет мүшесі жаза тартса, міндетті түрде оның президент әкімшілігіндегі куратор бастықтары да сондай жаза алуы тиіс шығар. Сол кезде жауапкершілік арта түспек.

Сегізіншіден, кадрлар турасында айтқанда президент «Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет» деді. Байқаймын, соңғы кезде ол кісінің маңына гуманитарийлерді онша жақтыра бермейтін адамдар жиналған секілді. Өйткені, мамандықтарға баға бергенде біржақтылық қалыптасып барады. Әйтпесе, біздің биліктің ең осал тұсы – өз халқымен адам секілді сөйлесе алмай, қиын сәттерде тіл табыспай, қоғаммен бірге қимыл-әрекет жасай алмауында емес пе?

Олай болса, технократтар ғана емес, қоғаммен терезесі тең әрі тиімді диалог құра алатын идеологтар да ауадай қажет!

Президент сөзінің соңында бұрын-соңды боп көрмеген қадам жасап, үкімет басшысына тікелей сұрақ қойды: «Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ.

Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді.

Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?».

«Кет дегенде ит те кетеді» дейді атам қазақ. Осыншама ауыр сөзден кейін үкімет президентті қинамай, өз еркімен толық құрамымен отставкаға кетіп, президентке Жаңа Қазақстан құру үшін жаңа кардрларға арқа сүйеп, алға қойған мақсаттарын орындауға мүмкіндік берсе, нағыз жігіттік сол болар еді!

Бірақ, қайдам...

Тегтер: