8 Қаңтар 16:22
...

Отандық вакциналар туралы деректер НЕГЕ құпия?

Фото:

Бір апта бұрын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасын ектіргені туралы ақпарат пен суреті жария болды. Б.Сапарбаев екпені клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде еккізгенін хабарлапты.

Әлеуметтік желіде екпе инесінің қақпағы ашылмаған деп Сапарбаевтың вакцина салдырғанына күмән келтіргені бар. Вакцина еккені туралы хабар шыққан күннің ертесіне Сапарбаев Елбасымен кездесті. Екеуара әңгімеде Елбасы әкімнің қал-жағдайы сұраған-сұрамағаны бізге белгісіз. Сапарбаев та, оған екпе еккен мамандар да вакцинаның әсері туралы содан бері тіс жармай отыр.

Б.Сапарбаев.

Жалпы Covid-19-ға қарсы Қазақстан ғалымдары 4 бірдей вакцина әзірлеген көрінеді. Және соның бірін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үміткер вакциналар санатына қосқаны туралы деректі көзіміз шалып қалды. Еліміздің ғылыми әлеуеті әлсіремеген екен ау деп қуанып қалдық. Бірақ сол вакциналар туралы егжей-тегжей білейік дегенімізде, мардымды ақпарат таппай қиналдық.

Қытайдың, Ұлыбританияның, АҚШ пен Германия компанияларының әзірлеп жатқан вакциналары туралы көбірек білеміз. Олардың вакцинаны сынақтан өткізудегі әр кезеңіндегі жетістіктері мен кемшіліктерінен хабардармыз. Ал өзіміздегі вакциналар туралы НЕГЕ тұшымды дерек жоқ? Біздің вакциналардың қандай артық-кем тұстары бар? Ол ағзаға қалай әсер етуі мүмкін? Ертең бұл екпені салдырғанда осындай күдік пен күмәнға толы сұрақтарға кім жауап береді?  

Вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ойлап тапқан екен. Интернеттен тапқан там-тұм мәліметтен түсінгеніміз, отандық ғалымдар негізінен вакцинаның инактивті және суббірлікті түрін әзірлеуде. Инактивтелген екпе қарапайым тілмен айтқанда, «өлі» коронавирустан алынады, ал суббірлікті вакцина – індет қоздырғышының геномының негізінде әзірленеді. Адамның ағзасына коронавирустың әлсіреген түрі түскен соң иммунитет оны танып-біліп, сосын онымен күресуді үйрене бастауы керек. Вакцинаның жұмыс істеу тетігі шамамен осындай.

Вице-премьер Е.Тоғжанов зауыт құрылысымен танысуда. 

QazCovid-in вакцинасын Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде орналасқан «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты»  дайындапты. Вакцинаның клиникалық сынақтарының екінші кезеңі 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек делінген. Жаңа жылдан бастап үшінші кезеңі басталуы тиіс. 2021 жылдың наурызында Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы отандық вакцина өндіретін зауыт салынады деген жоспар бар. Оның құрылысына 7 миллиард теңге жұмсалмақ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, ол жерде кемінде 30 миллионнан 60 миллион данаға дейін вакцина өндірілетін болады. Тағы бір QazCoVac-P деп аталатын вакцина да осы институт қабырғасында әзірленсе керек.

Сұрағымызға қайта оралайық. Бұл институттың сайтында әлгі вакцина туралы дерек табу қиынның қияметі. Сірә, өте құпия жағдайда әзірленіп жатқан болуы керек. Сайттың алғашқы беті институт мамандарына профессор атағы берілгені жайлы деректерден тұрады. Әрине еңбегі еленген әріптестерінің жетістігі туралы жария ету сөкет емес. Бірақ ел құлағын елең еткізген вакцина туралы егжей-тегжей дерек беріп отыруға НЕГЕ болмайды?

Есесіне, бұл вакцина жайлы АҚШ-тың медицина жөніндегі Ұлттық кітапханасының сайтынан біраз мағлұмат алдық.  Онда вакцинаны сынауға 244 адам қатысқаны, зерттеу 2020 жылдың 19 қыркүйегінде басталып, 2020 жылдың 30 қарашасында аяқталғаны туралы мағлұмат бар.

Келесі вакцинаны Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Вакцинология  халықаралық орталығы әзірлеген. NARUVAX C-19/nano деп аталған вакцинаның ерекшелігі оны ет пен терінің ортасына салмайды, мұрынға тамызады. Осылайша препарат коронавирусты мұрын қуысынан қарсы алып, оның қанға өтіп кетуіне кедергі келтіреді дейді мамандар.

Бұл орталық туралы мағлұматты ҚазҰАУ сайтынан іздеп таппадық. Халықаралық вакцина орталығы былтыр мамыр айында құрылған екен, соған қарағанда сайтқа ол туралы дерек беріп үлгермесе керек. Есесіне, орталық мамандары қысқа мерзімде бірнеше вакцина әзірлегендерін мәлімдеуде. Тек бұл істе олар америкалық және австралиялық ғалымдармен, компаниялармен бірлескендерін айтады. Орталық қарым-қатынас орнатқан австралиялық Vaxine компаниясының сайтын ашып көрдік. Бұл компания 2009 жылы әлемде бірінші болып шошқа тұмауына қарсы вакцина ойлап тапқан екен. Компанияның коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу бағытындағы жұмыстары бойынша берген мәліметтеріне қарап, олардың вакциналарының құрамы біздің ғалымдар айтып отырған вакцинамен дәлме-дәл келетінін байқадық.

Әзірге ДДСҰ вакцина үміткерлердің ішінде клиникалық сынақ нәтижелері бойынша өзгелерден оқ бойы озып шыққан үздік ондықты анықтаған секілді. Олардың дені үшінші кезеңді, яғни вакцинаның мөлшерін анықтау сатысын аяқтаған немесе аяқтауға таяу. Ұлыбритания әлемде бірінші болып бірнеше вакцинаны азаматтарына ектіре бастады.

Біздің білуімізше, әлемдік қауымдастықтың оң бағасын алғандардың ішінде қазақстандық вакцина жоқ. Неге олай деп сұрауымыз әбестік болар. Бірақ неге отандық вакцина туралы толығырақ, ауқымды ақпаратты жалпақ жұртқа жария етпеске деген сауалымызды ашық жолдауымызға әбден құқылымыз.

Тегтер: