«Момын әкім». Митталға НЕГЕ Бөлекпаевтың тісі батпайды?
Ермағамбет Бөлекпаев Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалғанына бүгін бес ай он бес күн толды. Осы уақыт ішінде Бөлекпаев өңір үшін не істеді? Нені істей алмады? Халықтың көңілінен шықты ма, жоқ па?
Кімнің көмекшісі?
Е.Бөлекпаевтың өмірбаяны қызық. Ол Қарағанды облысының Шет ауданының тумасы. Жасы 48-де. Еңбек жолын «жас түркілер» құрған «Қазкоммерцбанкте» экономист, өкілдік директоры болып бастаған.
1998-2003 жылдары Индустрия және сауда министрлігінде түрлі қызметтер істеді. 2003 жылы Сенат депутатының көмекшісі болды да, көп ұзамай Павлодар облысы әкімінің көмекшілігіне ауысты. Павлодар облысында 2009 жылға дейін түрлі лауазымдарды атқарды.
2009 жылы Қарағанды облысының Тәртіптік кеңесіне ауысып келіп, онда екі жыл жұмыс істеді. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы – ред.) облысының тәртібін қадағалады.
Е.Бөлекпаев. Фото: ғаламтордан
Бөлекпаев 2003-2018 жылдары Астана қаласының үш ауданын басқарды. 2018 жылы Президент әкімшілігінде аз ғана уақыт мемлекеттік инспектор болды, сол жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасарлығына тағайындалды.2020 жылдан облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласын басқарды.
Байқасаңыз, Бөлекпаев көмекшіден әкімге дейінгі біраз сатыдан өткен.
Өткен аптада Ермағамбет Бөлекпаев Tengrinews.kz сайтына сұхбат беріпі. Сұхбатында ол өзіне ешкімнің көмектеспегенін, өз еңбегімен өскенін айтады.
«Өзім де біраз жерде жұмыс істедім және ешқашан туыстық, тамыр-таныстық байланысты жеңе мақсатқа пайдаланған емеспін. Жалпы әрқашан меритократия принципін ұстанамын. Адамдар өзінің кәсіби білігі мен тәжірибесі арқасында өскенін қалаймын. Маған қатысты соңғы тағайындау соның белгісі», – деді Е.Бөлекпаев.
Жалпы көмекшілердің тез өсетінін ескерсек, Бөлекпаевтың өсу жолы өзі жиі айтатын меритократия принциптеріне аса сай келмей тұрғандай көрінеді.
«Өз адамдарын» тағайындауға қатысты тілші сұрағына облыс әкімі былай деді: «Тағайындау барысында адамдарды ауыстыру, «өз адамдарымды» қою деген саясат менде жоқ. Менің орынбасарларым маған дейін де жұмыс істеген».
Орынбасарларын ауыстыра алмай жүрсе, оның да себебі бар сияқты. «Бөлекпаев өзіне дейін әкім болғандардың кадрларларын ауыстыруға бата алмайды» деген пікірдің қаншалықты рас-өтірігі әзірге белгісіз...
Байбектің «братишкасы»
Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда Бауыржан БАЙБЕК суды үнемдеудің «ерекше тәсілін» ұсынамын деп күлкіге қалған еді. Бөлекпаев та сұхбатында соған ұқсас бірдеңе айтыпты.
Б.Байбек. Фото: ғаламтордан
«Степной ықшамауданында көпқабатты үйде тұрамын. Үйде суды қатты үнемдеймін. Суды ретсіз пайдаланғаны үшін тіпті үйдегілерді ұрсып тастауым мүмкін. Немесе бөлмеде жарық жанып тұрса, өшіремін», – депті облыс әкімі.
Облыс әкімінің үнемшілдігі дұрыс қой, бірақ «үйдегілерді ұрсып тастағанынан» арзан популизмнің иісі шығатындай. Ендігіде «дәретхана суын жиі ағызғаны үшін ұрсамын» демесе болды да...
«Момын әкім»
Қазақстанда әр өңірдің «қожасы» бар. Қарағанды облысының қожасы – миллиардер Лакшми МИТТАЛ. 2006 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында қаза болған қазақстандықтардың саны жүзден асып кеткен. Мұны президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі мысал етті.
Митталға бұған дейінгі әкімдердің де тісі бата қоймап еді, ал енді «Бөлекпаев бір жағына шығарады» дегенге көпшілік күмәнмен қарайды. Әйтпесе, Теміртауда қыста қара күйе жауып, қарағандылықтардың «көмір түкіріп» жүргенін әкім білмейді дейсіз бе?
Жалпы, білетіндер Бөлекпаевты «момын әкім» деседі. Бәлкім, ол «үйдегілерін» ұрсып та алатын шығар, бірақ Миттал мен Ким сияқтыларға мінез көрсете алмайтыны анық. «АрселорМиттал Теміртау» мәселесіне президенттің өзі тікелей араласып жүргені де содан болса керек. Ал енді «Қазақмыстың» әңгімесі мүлдем бөлек.
Фото: ғаламтордан
Ертең Орталық коммуникациялар қызметіне Е.Бөлекпаев келіп, есеп береді екен. Егер ол есебін дәл осы Миттал мен Кимнен бастаса, «момын әкім» емес екенін дәлелдер еді.