Клод Монике: Еуропа Қазақстан үшін күресуі тиіс
Украинаға ашқан соғысынан кейін Ресейден Қазақстан да сырт айналып барады. Дәл осы уақытта, Ресей мен Қытайдың қыспағында отырған Қазақстан Батыс әлемінің қолдауына зәру.
Бұл туралы бұрынғы DGSE агенті және Еуропалық стратегиялық барлау және қауіпсіздік орталығының (ESISC) тең құрылтайшысы Клод Монике Францияның беделді қоғамдық-саяси журналы – «Marianne» беттерінде жарық көрген мақаласында жазады.
«Қазақстан-Ресей: Украинадағы соғыс тудырған ажырасу» атты мақалада, Клод Монике 24 ақпаннан кейін Қазақстан мен Ресей арасында болып жатқан құбылыстарды жіпке тізіп шыққан. Және осыдан-ақ екі ел арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын көрсетіп берді.
-
Тақырыпқа орай: «Әскер кіргіз!»: Путинді НЕГЕ Қазақстанға шақырып жатыр?
«Дүние жүзінде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын, Франциядан бес есе үлкен Қазақстанның ашық теңізге шыға алмайтын ел екені және халқының кем дегенде 20 пайызы орыстар болғаны, оның Мәскеуге деген шексіз адалдығының кепілдігі сияқты көрінген. Бірақ Украинадағы соғыс жағдайды бірден өзгертті. Азаматтық қоғам тез жұмылды. Наурыздың 6-сы күні Мәскеуде соғысқа қарсы шерулер басылған кезде Алматыда бірнеше мың адамнан құралған бейбіт митинг өтті. Одан кейін де митингтер болды. Ал 10 сәуірде Украинаға қаражат жинау мақсатында фестиваль ұйымдастырылды. Бір қызығы, осы оқиғалардан кейін Ресейде орналасқан Қазақстан мұнайын тасымалдайтын негізгі экспорттық құбыр алғаш рет «апатқа» ұшырады. Қазақстандағы көпшілік оны Мәскеудің ескертуі ретінде қабылдады.
Бірақ қозғалыс тек көшедегі митингтермен шектелмеді. Наурыздың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киев сұраған гуманитарлық көмек туралы өтінішті қанағаттандыруға ресурстар бөлуге тапсырма беріп, нәтижесінде 9 наурызда Премьер-министр Әлихан Смайылов Ресей әскері басып алған елге 82 тонна көмек жіберілетінін мәлімдеді.
«14 наурызда Алматыдан Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған 28 тонна медициналық заттардың алғашқы партиясы ұшты. Бір қызығы, осы және одан кейінгі рейстер Украинаның Ресейге қарсылығында маңызды рөл атқаратын НАТО мүшесі Польшаның Катовице әуежайына келіп қонды. Символдық тұрғыдан тағы бір шешім Мәскеу назарынан тыс қалмады. Билік 9 мамырда алғаш рет әскери парад болмайтынын ресми түрде жариялады. Онымен бірге, Қазақстан Ресейден қашқан Путин режиміне қарсы жандардың баспанасына айналды. Жақында 12 мыңнан астам ресейлік «босқын» сонда тұрып, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар алған», – деп жазады Клод Монике.
«Marianne» журналындағы «Қазақстан-Ресей: Украинадағы соғыс тудырған ажырасу» атты мақала. Авторы: Клод Монике
Осының негізінде басылым авторы АҚШ пен Еуроодақтың Қазақстанмен онсыз да елеулі серіктестігін одан әрі кеңейтуі қажет деген қортындыға келеді. Себебі, Қазақстанды Ресейден ажыратып алатын жақсы мүмкіндік туып тұр.
Мақала авторының айтуынша, жуырда Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі «Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанның бейтарап статусы мен тәуелсіз сыртқы саясатын қолдауы, экономикалық тәуелсіздікті сақтауға көмектесуі қажет» деп мәлімдеген.
-
Тақырыпқа орай: Зюгановтың «сандырағына» депутаттар жауап берді
«Жаңа Қазақстан» батыстық жолға түсіп, демократияға бет алды. Еліміз барлық адами құндылықтарды сақтайтынын жариялап, гуманизм, ашықтық, әділдікті паш ету үшін саяси реформалар бастады.
Шын мәнінде, дәл осы жолда Қазақстан үшін Батыстың қолдауы ауадай қажет.