«Әскер кіргіз!»: Путинді НЕГЕ Қазақстанға шақырып жатыр?
ның өз президентіне деген сенімі күрт артыпты.
2014 жылдың мамыр айында, Қырымды алған кезде Кремль қожайыны осындай көрсеткішке қол жеткізген еді. Сонымен қатар, солтүстік көршіміздің тұрғындары тек қана Путинге ғана емес, бүкіл билік құрылымдары мен шенділердің іс-әрекеттерін қос қолдап құптайтын көрінеді. Оның ішінде «Единая Россия» партиясының да асығы алшысынан түскен.
«Ресей Украинаға не үшін басып кірді?» деген сұрақтың басты жауабы – осы. Бұл тұрғыдан алғанда, гәп Путинде де емес. Ол – тек қана өз халқының арман-тілегін орындаушы. Ал Ресейдегі ат төбеліндей либералдардың, демократтар және «батысшылдардың» ұстанымы – «жалғыздың үні, жаяудың шаңы» ғана. Оның үстіне, ақты ақ деп айтқаны үшін бәленбай жылға соттайтын заңды кеше шығарып та қойды.
Фото: kommersant.ru
«Арман-тілек» дегеннен шығады, өмірімде алғаш көріп, сөйлескен орыс кісі – Витя ағай еді. Араққа салынып, отбасынан, бала-шағадан, дос-бауырдан түгелдей ажыраған адам. Әркімнің есігіне жалданып, біреудің пешін қалап, біреудің сарайын сылап, нәпақасы мен арағын айырады. Бірақ «басымда баспанам жоқ, қалтам тесік» деп мүлдем арызданған емес. Пірі – Жириновский. Оның: «Орыс солдаты етігін үнді мұхитының суына жууы тиіс», – деген сөзін ұдайы есіне алып, жадырап, мәз болып жүргені.
Ол кезде бүгінгідей Ресейдің қуатты үгіт-насихат мәшинесі жоқтың қасы. Витя ағай тірі болса, Украинадағы «арнайы операция» басталғанда, қуаныштан жүрегі жарылып өлері сөзсіз еді.
«Батыс санкциялары Ресейді әлсіретіп, Путин халықтың наразылығына ұшырайды» деп сенетін адам осы мысалды мықтап жадына тоқығаны абзал. Витя ағайда орыстың «рухы» бар. Өйткені басым көпшілігінің көкейіндегісі – жоғалтып алған бұрынғы «ұлылығын» қалпына келтіру.
«Ресей империясының құрамына кірген жерлерде бұрын мемлекет болмаған, тіпті халықтар да болмаған. Ресейдің тынышын алған бұзақы, ала-құла ру-тайпаларды орыстар тәртіпке салып, халық етіп, қамқорлығына алған» деген сөздерді алдымен Кремль емес, Думаның депутаттары да емес, осы елдің зиялылары айтқан-ды. Енді бұл сөзді ресейліктердің тең жарымы айтып жүр. Путиннің бар айыбы – орыстың қышыған қотырын қасып беруінде.
Фото: РИА «Новости»
Украин жағы керісінше көрсеткісі келсе де, Ресей сарбаздары Украинада не үшін соғысып жүргенін өте жақсы біледі. Танктер, әскери көліктерде Ресейдің жалауымен қатар Кеңес Одағының жалауын көтеруі көп жайттан хабар берсе керек. Оның үстіне, қарсыластары жиі айтатын «Украинаға – даңқ!» ұранын «Украина ССР-іне – даңқ!» деп өзгертіп айтуы да – ресейлік солдаттың көздегені. Олар КСРО-ны қайта құратындарына сенеді.
«Орыс әлемінен» Қазақстан да шеткері тұрған жоқ. Шешенстанда, Грузияда, Донбасста және Сирияда тарихи отандастары үшін соғысқан қазақстандықтар аз емес. Кейбір алматылық тұрғын Путиннің фанатына айналып, күндіз-түні ресейлік арналардан көз алмай, күйкі тірлікті ұмытып, ақыры әйелімен ажырасуға дейін барып отыр. Әлеуметтік желіде сөз таластырса, «Вованы шақырамын» деп қорқытып та жатыр.
Ешкіммен сөз таластырмай-ақ, қостанайлық бір мұғалима: «Путин, Қазақстанның солтүстігін алар болсаң, қазір ал. Кейін кеш болады. Қазақтардың демографиялық өсімі бұған мұрсат бермейді. Өйткені, орыс мектептерінің оқушыларының 70 пайызы – қазақтар. Ал қазақ мектептерінде тек қана қазақтар оқып жатыр», – деп «ағынан жарылды». Мұндай жағдайда, отауы бөлек ресейліктерге не өкпе?!
Ғайыптан тайып, әлемдік қауымдастықтың қысымымен жақында Ресей империя ретінде шаңырағы ортасына түсіп, ыдырайды деп сенетіндер де бар. Бірақ ақиқат басқа. Қанша жылдар бойы санкция астында қалған Солтүстік Корея мен Иранның ұлттық бірлігі бекем. Батыс қанша ши жүгіртсе де, осал тұсын, саңылауын таппай-ақ келеді. Ресейдің іргетасын «Кеңес одағын» қайта құру идеясы ұстап тұр.
Украинада соғыстың немен бітері жайлы түрлі нұсқа айтылып жатыр. Бір анығы – қазіргі уақытта соғыстың ешқандай абырой әпермейтіні. Ауғанстанды әп-сәтте бағындырған АҚШ-тың өзі ел тізгінін жиырма жыл бойы күрескен қарсыластары талибанға тапсырып, тайып тұруға тура келді. Бұл тұрғыдан, Путиннің маневр жасау мүмкіндігі аз емес. Донбасс пен Қырым мәселесін «мұздатып қатырып», «Украинаның әскери күшін талқандадық, мақсатымызға жеттік», – деп соғысты бүгін тоқтатуға да қауқары бар. Бұған Киевтің қуана келісетіні де анық. Бар мәселе – Путиннің ындынында, тәбетінде жатыр.
Фото: zn.ua
Бірақ соғыс тоқтағанмен, санкция алынбайтыны түсінікті. Бірнеше жылдан кейін тұрмыс тауқыметі алға шыққан тұста, аш құрсақ халқын тағы да рухтандыру керек болады. Өз беделін, рейтингін көтеру қажет болады. «Екі күнде басып аламыз» деп желпінгенімен, Кремль Украина секілді 40 миллионнан асатын іргелі елге ауыз сала алмасын жақсы түсінді. Десе де, «соқыр тауық көргенінен танбайды» деген тәмсіл бар. Билікке соғыспен келген адам соғыспен кетеді. Сондықтан келесі кезек әскери қауқары жоқ, халқы аз және тұрғындарының жарымы Ресей десе ішкен асын жерге қоятын, әскерін оқпен емес, гүлмен қарсы алатын, бес қаруын сайламай, отыз жыл уақытын далақтап босқа өткізген елге тиюі ғажап емес.
Ал, сіз Ресейдің бұл қай көршісі деп ойлайсыз?