16 Қараша 19:26

ҚАЗАҚТЫҢ саны артса да, мәселесі шешілген жоқ. НЕГЕ?

Фото:

Бүгін Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жеткені туралы баспасөз отырысы өтті. Әлеуметтік желілерде де сүйінші сұрап, пост жазғандар көп болды.

Қазақстанда өзге тілде білім беретін мектептер үлесі 49% екен, бірақ ұлты қазақ азаматтардың саны 70%-дан асып жығылады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат ТҰРЛЫБАЕВ тілшімізге осылай деп мәлімдеді.

Қазақстардың саны 13,5 миллионға жетіп, жалпы үлесі 70%-дан асқанын айтқан статистика бюросы өкілінен мектептер мен бала бақшалардың ішінде қазақ тілділерінің пайыздық үлесі мен тек қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ санын да сұрадық.

М.Тұрлыбаев

– Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдардың 67%-ы,  мектептердің 51%-ы қазақ тілінде білім береді. Ал БАҚ санын біз білмейміз, оны Мәдениет және ақпарат министрлігінен сұрасаңыз болады, – деді Мақсат Тұрлыбаев.

«Ең үздік түлектердің  жартысынан астамы Ресейге оқуға түседі»

Қазақстан халқының басым бөлігі қазақ ұлтынан болса, онда неге мектептердің тең жартысына жуығы өзге тілде? Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ «жақсы оқитын оқушылардың көбі Ресейге кетіп жатыр» деп қынжылады.

Ө.Шыныбекұлы

– Бізде еліміздің демографиясына ешкім  бас ауыртпайтын секілді. Аралас (қазақ-орыс) мектепте істегендіктен, орыс сыныптарын сақтау арқылы Қазақстан Ресей Федерациясы үшін «қуатты түлек дайындау орталығы» болып отырғаны маған белгілі. Ресей жоғарғы оқу орындарының өкілдері жыл сайын көктемде келіп, ең үздік мектеп бітірушілер арасында қабылдау емтиханын өткізеді. Мысалы, жыл сайын бір ғана біздің мектептің орыс сыныптарын бітірген түлектердің, ең үздік түлектердің  жартысынан астамы Ресейдің ЖОО-на оқуға түседі. Меніңше, үш тілділік дегенді ұмытып, қазақ және ағылшын тілдеріне көшу керек. Сонда орыс мектептеріне деген қажеттілік азаюы мүмкін, – дейді ол.

«Қазақ тілді БАҚ жағдайы қазақ тілінің жағдайымен бірдей»

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында көрсетілген деректер бойынша, 2022 жылы 460 БАҚ есепке қойылған. Оның ішінде 158 мерзімді баспа басылымы, 4 телеарна, 2 радио, (94 ақпарат агенттігі, 191 желілік басылым)  285 интернет БАҚ бар. Оның 449-ы отандық, 11-і шетелдік БАҚ. 

Ал енді мұның ішінде таза қазақ тілінде ақпарат тарататыны қанша екенін іздеген едік, оған нақты жауап таба алмадық, көпшілігі «қазақ және орыс тілінде» ақпарат тарататын болып шықты.

Контентті тек мемлекеттік тілде жүргізетін «Arasha.kz» сайтының директоры Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ «қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ-қа мемлекет тарапынан қолдау аз» деген пікірде.

– Қазақ тілді БАҚ-тың өсу деңгейіне қатысты соңғы жылдары жақсы үрдіс байқалып келе жатқанымен, әлі де мемлекеттік тілдегі БАҚ Қазақстанда фаворит емес. Бұл Қазақстандағы қазақ тілі мәселесімен тікелей байланысты. Себебі бізде әлі күнге дейін орыс тілінің үстемдігі басым болғандықтан, ақпарат негізінен орыс тілінде шығады, таралады және орыс тілінде тұтынылады. Мемлекет тарапынан қазақ тілді БАҚ-қа қолдау бар, бірақ ол мардымсыз, – дейді ол.

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары –14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 сәби. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың үшеуі – ұл, екеуі –қыз.

Еліміздің бес миллионыншы тұрғындары болашақта қазақ мектебіне барып, мемлекеттік тілінде сөйлей ме, жоқ па, ол жағы белгісіз...

Тегтер: