12 Желтоқсан 20:22

Билік олигархтарға қарсы «соғыс» бастады ма?

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын еліміздегі олигополия туралы жалпы сөз етсе, бүгін екі олигархқа қатысты қатаң әрі нақты айтты. Олардың бірі – шетелдік олигарх Лакшми МИТТАЛ, екіншісі – Александр КЛЕБАНОВ.

Бұрынғы билік тұсында «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» болып келген-ді. Енді Ақорданың өзі ащы шындықты айта бастады. Бұған олигархтар өз ісімен де себеп тауып беріп отырғаны құпия емес. Лакшми МИТТАЛҒА қарасты кешінтерде адам өлімі жиілесе, Екібастұз бен Петропавлдың мұз шаһарға айналуына А.КЛЕБАНОВ тікелей кінәлі. Әйтеуір, қоғамдық пікір осылай дейді.

Тоқаев енді сөзден іске көше бастағандай. Қазақстандық сарапшылар бүгінгі мәлімдемелер жайында осындай  пікір білдірді.  

Мағбат СПАНОВ, экономист:

Мұның бәрі келесі үкіметтің еншісіне тигелі отыр

– Мұнайдан түскен ұлттық қорға келсек, бірер жылдың ішінде 2 есе көтеру фантастика болып көрінеді. 2,5 және 3,5 миллион жұмыс орнын ашу туралы да осыны айтуға болады.

Үш жылдың ішінде энергетика саласында үлкен өзгеріс жасап, құбырлар салу да күмәнді. Өйткені, бұл – отыз жыл бойы жасай алмаған іс. Мұның өзі нақты жұмыс жоспары жоқ екенін көрсетеді. Бұл үшін қаржы ресурстары, кадр, нақты жоспар керек. Бәрін кім атқарып шығады? Ол жағы әлі белгісіз. Үкіметтің бірнеше айдан кейін отставкаға кететінін ескерсек, жақында жаңа үкімет пен жаңа премьер келеді. Мұның бәрі келесі үкіметтің еншісіне тигелі отыр. Тек қазіргі үкіметке емес.

Өз басым, жаппай мемлекет меншігіне алуға қарсымын. Мұны басымыздан өткеріп көргенбіз. Оның үстіне, мемлекетте инвестиция жасайтындай қомақты қаржы жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті әрмен қарай дамыту абзал.

Бірақ Форбс тізімінде тұрған, энергетикалық қуаттарға иелік ететін тұлғаларды  үкіметпен бірігіп, инвестициялық жоспар құрып, қанша қаржы салу керектігін, мемлекеттің қандай жеңілдік жасайтынын айқындауға, яғни Қазақстанның экономикасына жұмыс істеуіне мәжбүрлеу керек.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Клебанов Назарбаевтың өте жақын адамы болған

– Президент осы уақытқа дейін олигополияны, олигархтарды еліміздегі жағымсыз құбылыс ретінде бағалап келді. Қазір нақты адамдардың атын атауы – нақты шараларға көшеді деген сөз. Олигархтарды тәубеге келтіріп, заңсыз әрекеттерін тыюға ұмтылады. Мұны неге істеп жатыр? Халық оған 7 жылға карт-бланш берді.

Жалпы, олигархтар отыз жылда жүгенсіз кетті. Ойына келгенін істеді. Бұған Александр КЛЕБАНОВТЫҢ Екібастұзда, Петропавлда істеген әрекеттері дәлел. Тек қана ақша жинаумен айналысқан. Ешқандай модернизация жасамаған, жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Соның кесірінен 150 мыңдық қала қыстың көзі қырауда қатып жатыр. Қанша бала, қанша адам ауруға шалдықты! Осының бәрі олигархтардың есіріп, ойына келгенін істеп кеткенінің белгісі. Бұларды есірткен – НАЗАРБАЕВ жүйесі. Үрім-бұтағымен ақшаға құныққаны.

Әрине, олигархтар болуы тиіс. Нарықтық қарым-қатынастар жүйесінде олигархтардың болмауы мүмкін емес. Бірақ олар заң шеңберінде әрекет етіп, табыс табуы қажет. Онсыз қарапайым халық кедейшілікке ұшырай береді.

Бұл Тоқаевтың сөзден іске көшіп жатқанын көрсетеді. Қазір бүкіл билікті қолына алды. Билік транзиті аяқталды. Двумвират жоқ. Сондықтан өз билігін дұрыс пайдаланбаса, елдің тұрмысын түземесе, халық оны президент ретінде қабылдауын тоқтатады. Қаңтар оқиғасы қайталанып, әлеуметтік қайшылықтар туындауы мүмкін. Мұны Президенттің өзі жақсы біліп отыр.

Қазір инфляция сұмдық өсіп жатыр. Ресми дерек бойынша 14 пайызға жуықтады. Бұрынғы айтқан дәлізі 7 пайыз еді. Инфляция екі есеге дейін артып отыр. Шын мәнінде, 14 пайыз – бергі жағы. Бір жылдың ішінде 22-23 пайызға жеткен тәрізді. Мұндай жағдайда билігін ұстап тұру үшін нақты шараларға баруы тиіс. Әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысуы керек. Әйтпесе, болмайды. Оның тетіктерінің бірі – олигархтардың бейбастақтығын тоқтату керек.

Бүгін Екібастұз қатса, ертең Семей қатады. Жуырда бір ақпарат құралдарынан оқыдым: Семейдің жылу жүйесінің 65 пайызы шіріп тұр екен. Бұл – жөндемесе, ертең бүкіл Семей қатады деген сөз. Аягөз қаласында да жағдай осындай. Моноқалалардың дені осындай хәлде.

КЛЕБАНОТАР жылудың ақысын, судың ақысын халықтан жиып алып, ештеңе де істемей отыр. «Екібастұз жылу электр стансасын бір тиынға мемлекетке қайтарып беремін» деп бекер айтып отырған жоқ. Тозығы жеткенше пайдаланды. Жеке байлығын 630 миллион долларға жеткізді. Бұл – үлкен ақша! 630 миллион доллардың бір бөлігін Екібастұздың жылу жүйесіне салса, бәрін қайта жаңартып шығуға болады. Мұндай жағдайда Президент нақты шара қолдануы керек.

КЛЕБАНОВ бұрынғы басшысының – НАЗАРБАЕВТЫҢ өте жақын адамы. Ешқандай биліктен, құқық қорғау органдарынан да қорықпайды. Өйткені, экс-президенттің командасында болған. Соның арқасында білгенін істеп, тек қана ақша жинаумен айналысқан. Ешқандай жөндеу жұмыстарын жасамаған. Бір жерде апат болса, он-он бес жерден ақау кететін көрінеді.

Сондықтан Президент олигополияға қарсы нақты шара қабылдап, оларды тыю қажет.

Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:

Президенттің мәлімдемелері – халықтың сөзі

– Президент билікке келген күннен бастап, ашық саясат ұстанатынын көрсетті. Мәселен, Twitter ашып, жоспарын жариялап, елді осы әлеуметтік желіге үйретті. КЛЕБАНОВ болсын, МИТТАЛ болсын, осындай келеңсіз жайттарды ашық айтуы Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫНЫҢ халықтың не ойлап отырғанын білетінін көрсетеді.

Өзі айтқандай, Президент – халықтың жалдаған менеджері. Оның жұмысы – халықтың көңілінен шығу. Президенттің мәлімдемелері – халықтың сөзі. Халықтың пульсін байқап, халықтың мұң-мұқтажын біле отырып, Президент өз жұмысын әрі қарай жасай береді деп ойлаймын.

«Қазақстан халқына» деген қор ашылды. Бұл – бір. Екіншіден, байлыққа салық салынатыны жөнінде айтты. Мұны еуропалық стандарт бойынша енгізетін болды.

Президент БҰҰ-да екінші адам болды. Женевада ұзақ уақыт тұрды. Сондықтан еуропалық стандарттарды Қазақстанда енгізуді армандайтын шығар деп ойлаймын. Әр қазақстандық еуропаша өмір сүрсе деген өзінің адами арманы бар болар.

Бірақ олигархтардың меншігін мемлекетке өткізу кейбір елдерге кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Венесуэла, Филиппинде барлық инвесторларды қуып шығып, мемлекет тартып алғанда, санкцияның астында қалды. Сенімсіз мемлекеттердің қатарына кірді. Тұрақсыз мемлекет деген ұғым қалыптасады. Ішкі саясатта жақсы көрінуі мүмкін. «Халыққа қайтарды» дегендей. Бірақ халықаралық қауымдастық үшін сенімсіз мемлекетке айналамыз. «Билік ауысса, бұлар бәрін төңкере салады екен» деген ой қалыптасады. Инвестициялық климат бұзылады. Сосын бізге ешкім келмей қояды.

Олигархтар да әртүрлі. 90-жылдары заңсыз байығандары да, еңбегімен байығандары да бар. Бұл жерде құзырлы органдар тексеруі тиіс. Технология дамыған заман. Барлық деректер мұрағатта тұр. Олиархтар Қазақстанның халқының, қазба байлығының арқасында байығаннан кейін отыз жылда бір рахметін айтуы тиіс. Ел пайдасы үшін байлығының белгілі бір пайызын елге қайтаруы керек деп ойлаймын.

Тегтер: