7 Маусым 16:46

Ақорда мен Кремльдің арасына сызат түсті ме?

Фото:

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей дипломаты Александр Панкиннің мәлімдесін жоққа шығарды. ЕАЭО шеңберінде Батысқа қарсы ұжымдық санкция салу туралы ешқандай келіссөз жүріп жатпағанын жария етті.

Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, Ресейдің Қазақстанның сыртынан тон пішуі Ақорда мен Кремльдің арасына сызат түсіруі әбден мүмкін.

Қазақ СІМ-і берген түсініктеме бойынша, Қазақстан ұстанымы мынадай: ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық үдерістер тек қана экономикалық сипатта. Еуразиялық интеграция органдарына тән емес қызметтерді таңуға болмайды.

Ақорда ұйымның саясилануына қарсы екенін ұдайы айтып келеді. Десе де, Кремльдің көздегені басқа екені байқалады. Осыған орай, қазақ дипломаттары үшінші елдерге қарымта шаралар жасауға қатысты: «Батыстың санкцияларында саяси себептер бар. Олар ЕАЭО-ға емес, жеке мемлекеттерге қарсы бағытталған», – деп баға берді.

Демек, Қазақстан Ресейдің сойылын соғып, Батыспен ат-құйрығын кесуге мүдделі емес. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың жауабы: «Досым екенің рас, бірақ сенің дұшпаның менің дұшпаным емес» дегенге саяды.

Қазақ тарабы жоққа шығарса да, Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мырза ЕАЭО-ның үшінші елдерге қарымта жауап күн тәртібіне шығарылғанын айтқан. Қазір қаралып жатқанын және алдағы уақытта да қаралатынын мәлімдеген-ді. Бұдан Ресейдің Батыспен арадағы кикілжіңге аталған ұйымның өзге де мүшелерін тарту ниеті бар.

Қазақстан билігі Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақтан үлкен үміт күткен. Орасан зор нарықтың есігі ашылып, дамудың даңғыл жолына түсеміз деп ойлаған. Аймақтық интеграциялар сәнге айналған. Қалай болғанда да, мемлекеттік үгіт-насихат осы мазмұнда еді. Десе де, қазір Еуразиялық интеграцияға қарсы болғандардың уәжі дұрыс болып шығып жатыр. Ақорда үшін бұл үлкен мәселе тудырып отыр. Жеңілтектігімен жаман ортаға түсіп қалған бозбаланы еске түсіреді.

Мәселен, АҚШ пен Еуроодақ Ресейге қарсы үстін-үстін санкция салып жатыр. Оған Кремльдің Украинадан Қырым түбегін тартып алғаны, Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсеткені түрткі болып отыр. Оппозициялық қайраткер Алексей Навальныйға у беру және оның қамалуы да қосымша.

Лукашенко мен Путин. Фото: vedomosti.ru

Батыстың қырына енді ЕАЭО-ға мүше тағы бір ел ілікті. Ол – Беларусь. Александр Лукашенко режиміне қарсы жаппай наразылық акцияларын басып-жаншыды, адам құқықтарын сақтамады деп айыпталып отыр. Оппозициялық көзқарастағы журналист Роман Протасевичті ұшақтан түсіріп, қамауға алғаны отқа май құйғандай болды.

Кремль Кеңес одағына кірген елдерді қанатының астына топтастырып, бас болуды көздейді. Тіпті, қазір Еуразиялық интеграция өлім мен өмір мәселесіне айналып отырғандай. Санкциялардың астында қаларын білсе де, Кедендік одақтан бас тартқаны үшін Украинаны көкпардың серкесі етті. Саяси одақ құрудан бас тартқаны үшін Қазақстан Ресей саясаткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының нысанасы болып алды.

Ресейдің ұстанымы түсінікті: «Не бел кетеді, не белбеу кетеді». Басқа амалы да жоқ. Қазақстан болса, осы уақытқа дейін «үндемей-ақ үйдей бәледен құтылып» келген. Енді бұл тәмсілдің өз өзектілігін жоғалтқаны анық байқалады. Ал жаңа ұстанымның қандай болатыны әзірге жұмбақ.

Сарапшылар Nege.kz тілшісіне осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Петр Своик, саясаткер:

Саясатсыз экономика бола ма?

– Александр Панкиннің мәлімдемесін мұқият оқитын болсақ, ол жинақы сөз саптады. Оның сөзі ұжымдық жауап қайтаруды білдірмейді. Қазақ СІМ-і де осы тектес жауап қайтарды. Біздің СІМ-нің түсініктемесінде ЕАЭО-ны саясиландыруға болмайды деген ой айтылды. Тек экономиканы басшылыққа алу қажет дейді. Бірақ мамандарға: «Саясатсыз экономика бола ма? Саясиландыру деген не?» – деген сұрақты қойып көрейікші.

Рас, әзірге ЕАЭО форматы таза саудаға құрылған. Әзірге саудадан өзге мәселелерді қарастырып жатқан жоқ. Екі ел осы одақ құрылмай жатып та сауда жасап келген. Тіпті, оның көлемі қазіргіден де артық еді.

Сонда, бұл одақ не үшін құрылды? Болашағы қандай? Бұл сауалдарға саясатсыз жауап беру мүлде мүмкін емес. Әзірге ахуал аралық кезеңде тұр.

Кеден одағының құрылуы Украинадағы жағдайға алып келді. Экономикалық құрылымның құрылуы саяси ғана емес, осындай геосаяси реакция да тудырды. Әлемде геосаяси жағдай өзгерді. «ЕАЭО-дағы экономика мен саясаттың қатынасы қандай?» деген сауалға бәрібір жауап беруге тура келеді.

Расул Жұмалы, саясаткер:

Путиндік Ресейдің алған бетінен қайтпайтыны көрініп тұр

– Осы мәлімдеме тұсында баяғы әңгіме басталды. «Орыс тіліне қысым көрсетіп, кемсітушілік болып жатыр» деп байбалам салуда. Бұл – соңғы мәлімдеме емес. Барлық көршілердің осал жерін тауып, сес көрсету, қыр көрсету, жеріне көз аларту әрекеттері көрінеді. Путиннің өзінен де,  жекелеген депутаттарынан да. Көршіміз, әріптесіміз, одақтасымыз болса да, мұндай нәрсеге таңғалмайтын болдық.

Ресейдің импершілдік саясаты – шындық. Дейтұрғанмен, бұған қайғырудың ешбір реті жоқ. Біз мәлімдеме жасайық, жасамайық, путиндік Ресейдің алған бетінен қайтпайтыны көрініп тұр.

Бірақ халықаралық заңдарға, келісімдерге сүйене отырып, ұлттық мүдделерімізді қорғауымыз керек. Ресей сонда ғана санасады.

Мәселен, Әзербайжанға да барынша қысым жасауға тырысты. ЕАЭО-ға кіргізуге ұмтылды.

Ал Әзербайжан бұқпады. Өз мүдделерін қорғап қалды. Оның бір көрінісі – Қарабақты қайтарып алуы. Шағын ғана балтық елдері ештеңеге алаңдамастан өз саясатын жүргізіп отыр.

Әлбетте, Ресей – алып көршіміз. Онымен мейлінше өркениетті, достық қарым-қатынасты жалғастыру ләзім. Бірақ тек қана біздің есебімізден емес. Халықаралық заңдарға сәйкес, осы ұстанымдарды берік ұстануымыз қажет.

Тегтер: