Азық-түлік бағасы: Сұлтанов әрнені сылтау етіп жүр

Сейсенбі күні ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі азық-түлік бағасының қымбаттап кеткеніне нарыққа бақылау жасай алмаған жергілікті билік орындары мен Қытайдағы вирус індетін сылтау қылып, «өсімқорлықпен айналысқан» базардағы саудагерлерді кінәлады. Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасында саудадағы алыс-беріс тоқтамаған. Яғни, «Қытаймен шекара жабылып, сол жақтан келетін азық-түлік тыйылды» деген бос сөз көрінеді.
Министрдің айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-ға қымбаттаған. Әсіресе, нан-жарма өнімдері, ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, май, жеміс-көкөніс, сусындар мен тәттілердің бағасы шарықтап кетіпті. Сұлтанов бұған бірінші кезекте бағаны ырықтандыру міндетіне салғырт қараған әкімдер кінәлі деп есептейді. «Қытаймен шекара жабық болғандықтан, азық-түлік келмей қалды» дегенге министр мынандай қарсы уәж айтты:
«Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрі бойынша қытай импортының үлесі 0,1%-дан аспайды. Сондықтан олар тіпті бір себептермен Қазақстан нарығына түспей қалды дегеннің өзінде, бұл бағаға еш әсер етпейді».
Азық-түліктің бәрі маңызды десек те, үкімет «әлеуметтік маңызы жоғары» деп санаған азық-түлік қатарына ұн, нан, макарон-жарма өнімдері, күріш, картоп, пияз, сәбіз, өсімдік майы, ет, сүт өнімдері секілді 19 өнім кіреді. Бұлардың да бағасы шарықтап тұр. Ол аз болғандай, министр Сұлтанов 8 тауар бойынша импортқа тәуелділік мәселесі шегіне жеткенін мойындады. Олар қат болған жағдайда, тапшылықтың кесірінен баға 1,5-2 есеге дейін өсіп кетуі мүмкін екенін де жасырмады. Тек ол қандай тауар түрі екенін Бақыт Сұлтанов ашып айтпады.
Кім өтірік айтты?
Осы орайда, көршімізден қандай азық-түлікті қанша ақшаға сатып аламыз деген сұрақ туады. Ол үшін ресми статистиканы шолып шықтық. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымына қатысты мәліметтер ала-құла. Мәселен, біздегі ресми дерек 2019 жылы екі елдің тауар айналымы 12 млрд долларға жуықтады десе, Қытайдың кеден қызметі бізбен сауда байланысымыз 20 млрд доллардан асатынын мақтанышпен мәлімдеді. Екі елдің ресми мәліметіндегі алшақтық 8 млрд доллардан асады!
Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының Қазақстандағы кеден қызметіндегі жемқорлық бойынша жүргізген зерттеуіндегі сандарға көз жүгіртейік. 2013-2017 жылдардағы статистикалық деректерді салыстыра отырып, зерттеу авторлары Қытаймен сауда қатынасындағы 11 тауар тобы бойынша сандардың алшақтығы 50%-дан асатынын жария етті. Оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс бойынша деректердің айырмашылығы 74%-дан асады!
Мәселен 2017 жылы Қазақстанның кеден қызметі Қытайдан импортталған жеміс-жидек көлемі 51 млн 445 мың АҚШ доллары деп көрсетсе, Қытай кеден қызметінің ұсынған мәліметі 204 млн 250 мың доллар! Яғни 150 млн долларға жуық жеміс-жидек баж салығын айналып өтіп, базарға түсіп жатыр деген сөз. Қазақстанға келетін импорттың тең жартысына жуығы осылай «бармақ басты, көз қыстымен» жеткізілетінін билік өкілдері де ресми түрде мойындаған.
2019 жылдың 10 айының қорытынысы бойынша бір ғана жеміс-жидекті сырттан 278 миллион долларға сатып алыппыз. Жеміс-жидек импорты бойынша ресми статисткада бірінші орында –Өзбекстан, одан кейін Қытай тұр. Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2018 жылы Қазақстан шығыстағы көршіден 46 млн 897 мың долларға азық-түлік импорттаған. Ал бұл елден 2018 жылы жеткізілген көкөністің жалпы құнын Дүниежүзілік банк 114 млн 289 мың доллар деп көрсетеді. Екі жылда бәлендей өзгеріс бола қоймады деп санасақ, жеміс-жидек пен көкөністің дені Қытайдан тасымалданатынын байқауға болады. Ал бұдан кейін жаңағы көкөністеріңіз кіретін әлеуметтік маңызға ие тауарлардағы «қытай өнімдерінің үлесі 0,1%-дан аспайды» деген министр Сұлтановтың сөзі қаншалықты рас?