«Әйелім гүлді ұнатпайды» – Танымал азаматтар мерекеде не сыйлайды?

8 наурыз Әйелдердің халықаралық мерекесіне орай ер-азаматтардың сый-сияпат қамымен әлек болатыны анық. Жағдайы жеткендер келіншегін үлде мен бүлдеге ораса, енді біреулер анасын қуантуға асығады. Ел алдында жүрген азаматтар қымбат жандарын қалай құттықтайды? Тілшіміз анықтап көрді.
Санжар МӘДИ, актер:
Әйел бақытты болса, қоғам да бақытты

– Сыйлықтарға тапсырыс беріп қойдым. Жаныма жақын жандарға сыйлық жасауға тырысамын. Жалпы сыйлықтың қымбат болуына басымдық берем деп айта алмаймын. Дегенмен тәтті қызыма міндетті түрде қомақтырақ дүние тарту етемін.
Адымен келіншегім мен қызымды құттықтаймын, содан кейін үрдіс бойынша бәріміз анамды құттықтауға барамыз. Жалпы, бұл мерекеге атаулы күнді арнағаны жақсы ғой, дегенмен ер азаматтар әйелдерді күнде сыйлап, күнде құрмет көрсеткені абзал. Себебі, әйел бақытты болса, қоғам да бақытты болады.
Мақсат Халық, экономист:
Мен үшін аналар мейрамы

– 8 наурызды аналар мейрамы ретінде қабылдаймын. Дегенмен, жарым да, қызым да құттықтаудан қалыс қалмайды. Әркезде әрқалай құттықтаймын. Үйден жырақта болсам, телефон арқылы ақ тілегімді білдіремін. Кейде гүлмен қоса тәуір сыйлық табыстаймын. Бірақ неге екенін білмеймін, келіншегім гүлді аса ұната бермейді. Гүл сыйлаймын деп ұрыс естіп қалған кездерім болды. Сондықтан қажетін алып беруді құп көремін. Ал биыл мерекелік шара есебінде отбасылық демалыс ұйымдастырсам деп отырмын.
Жалпы ер азамат атаулы 8 наурызды күтіп жүрмей, қымбатты жандарына кез-келген уақытта сыйлық жасағаны жөн деп ойлаймын. Сондықтан келіншегімді өзге уақытта да қуантуға тырысамын. Ал биыл анамды Меккеге апарып келсем деген жоспарым бар. Ер азаматтың өсіп-өнуі тікелей әйелмен байланысты. Егер ару-аналар болмаса, біз де болмас едік. «Әйел бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» деп текке айтпаса керек.
Айдын САХАМАН, режиссер:
Ештеңе айта алмаймын

– Жуырда өзім таспалаған «Болмаған балалық шақ» фильмінің прокаты жүріп жатқаннан кейін, бар ойым шығарылымда жүр. Сондықтан 8 наурыздың қамын әлі оластыра қоймадым. Бұл туралы ештеңе айта алмаймын.
Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ, суретші:
45 жыл бұрын келіншегімнің картинасын салғам

– Отбасымдағы ер азаматтар жиналып, мереке күні қыздар, келіндер, аналар – бәріміз үйде бас қосамыз. Ақ дастархан басында гүл, сыйлықтар таратамыз. Ал жарыма өзі нені қалайды, соны алып беруге тырысамын. Анығын айтқанда, ақшасын беремін, өзі барып сатып алады. Негізі ол кісі қымбат сыйлыққа қызығатын адам емес. Алпыс жасқа толған туған күнінде белгілі зергер Берік Әлібайдың табиғи тастармен көмкерілген зергерлік жинағын алып бергенмін. Оның өзінде өзім ерекше сыйлық жасағым келді. Ал басқа уақытта өздігінен жылтыраққа құмартқанын көрмеппін.
Келіншегімнің соңынан бес жыл жүгіріп, әрең қол жеткізген адаммын. Осыдан 45 жыл бұрын ғашық болып жүрген кезде картинасын салған едім. Сол сыйлығымды қымбатқа балап, әлі күнге дейін сақтап келеді. Жақсылғымды асырып, кемшілігімді жасырып келе жатқан жарыма өте ризамын.
Бақыт Беделхан, ақын:
Тоқсаннан асқан апамның маңдайынан иіскеп қайтамын

– Ұлым Барысхан екеуміз гүлімізді, сыйымызды беріп, үйдегі аруларды міндетті түрде құттықтаймыз. Бірақ қазір сізге не сыйлайтынымды айтып қойсам, қызықсыз болып қалар. Бүгін жарымды құтықтасам, ертең ауылға барып жасы тоқсаннан асқан апамның маңдайынан иіскеп қайтамын.
«Жаратылыс – сөзден, тіршілік қыздан басталады» дейді. Адам ата Хауа анаға «мынаны жеші» деп алма ұсынбағанда, тіршілік басталмас па еді. Дүниеде тепе-текдікті ұстап, бейбітшіліктің бесігін тербетіп тұратын екі нәрсе бар. Оның бірі – сөз, екіншісі – қыз құдіреті. Сондықтан сөз бен қыз түзелгенде заман да, қоғам да, бәрі тамаша күн кешеді. Қыздар құлпырып, сөз жұпар шаша берсін. Мереке құтты болсын!