8 Желтоқсан 11:49
...

«Арселор Миттал Теміртауды» Андрей ЛАВРЕНТЬЕВ ала ма?

Фото:

«Арселор Миттал Теміртау» мәселесі түбегейлі шешілген сыңайлы. Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат ШАРЛАПАЕВ Қарағанды металлургия зауыты енді кім иелік ететінін мәлімдеуі мүмкін.

Қазақстан Үкіметі керек емес кезде интрига жасауға НЕГЕ құштар екені түсініксіз. Әлемдік алпауыт Лакшми Митталдан босайтын Қарағанды металлургия зауытына отандық инвестор келеді деді де, оның атын айтпады. Миттал алмастырушы ретінде бір кездері Тимур ТУРЛОВ, Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ есімдері аталды. Енді қазір «Аллюр Групп» акционері Андрей ЛАВРЕНТЬЕВТІҢ есімі жиі айтылатын болған.

NEGE мәселенің мән-жайын анықтау үшін Андрей Лаврентьевтің өзіне тікелей сауал жолдады. Кәсіпкер осы сауалымызға жауап бере ме, ол жағы белгісіз.

АЛЛЮР компаниялар тобы, әсіресе оның құрамындағы «Агромашхолдинг KZ» – Андрей Лаврентьевтің негізгі активі. Кәсіпкер 2010 жылдан бері отандық автоөндіріс саласына түпкілікті келгендей болған. Тіпті отандық автобизнес қауымдастығын құрып, қазір оның президенті ретінде отыр. Барлық энергиясын көлік бизнесіне жұмсап келе жатқан адамның күрт шешім қабылдап, металлургияға кетуіне не себеп болуы мүмкін?

Екінші үлкен мәселе – «АрселорМиттал Теміртауды» сатып алатындай Лаврентьевте ақша бар ма? Осыған келгенде көптеген сұрақ туындайды. Ол АЛЛЮР компаниялар тобының бар-жоғы 27,48% акциясына иелік етеді. Негізінен, АЛЛЮР – Қытай Халық Республикасының иелігіндегі компания. Оның 51 пайыз акциясы Қытайдың мемлекеттік мүлікті бақылау мен басқару комитетінің қолында.

 

Бірақ, осы холдинг құрамындағы «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамының 90% акциясы Андрей Лаврентьевтің қолында. Акцияның 65 пайызын өзі, қалған 25 пайызын Александр Лаврентьев арқылы ұстап отыр.

Бір қызығы, АЛЛЮР компаниялар тобы әлі күнге дейін 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебін жарияламаған. Қолда бар 2021 жыл қорытындысы бойынша жасалған есепке қарасақ, компаниялар тобының таза кірісі 11,7 миллиард теңге болған.

Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Себебі, АЛЛЮР мемлекетке салық бойынша 5,47 миллиард теңге қарыз және 2022 жылдың соңына дейін мерзім сұрап, бөліп төлеп отырған.

Ал Лаврентьевке толық тиесілі деп санауға болатын «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамында 2022 жылдың аудиттелген есебі бар. Оған сәйкес, компания былтыр 7 миллиард теңгедей таза кіріс алған. Оның алдында Лаврентьев «Агромашхолдингтен» 300 миллиард теңгедей дивиденд шығарып алған болатын. Сол себепті, қазір компанияда 8,2 миллиард теңге үлестірілмеген кіріс жатыр.

Бірақ мұның өзі де «АрселорМитталТеміртауға» ауыз салуға мүмкіндік беретін капитал емес. Металлургиядағы қаржы ағындары мүлде басқа. Егер шынымен де Андрей Лаврентьев Қарағанды металлургиясын қолына алатын болса, бұл оның артында анағұрлым қуатты тұлғалар тұр деген сөз. Мұндай қуат пен біліктілік Ресейдің қаржылық топтарында, әсіресе, профильді бизнесті біріктіргісі келетін «Северсталь» акционері Алексей МОРДАШЕВТЕ ғана бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев бастаған делегация Лондоннан келді. Бүгін түс әулетінде баспасөз мәслихатын өткізіп, «АрселорМиттал Теміртауға» кім иелік ететінін мәлімдеуі керек. Біздің білуімізше, ол – Андрей Лаврентьев.

Тегтер: