AQR-ға кім дайын? Немесе биыл банктердің тұрақтылығы біз үшін НЕГЕ маңызды?
Қазақстан өз банктерінің қаржылық тұрақтылығын қатты қадағалап отырады. ҚНРДА жылда AQR стресс-тестін өткізіп, әр банктің қаржылық жағдайын біліп отырады. Nege.kz 2022 жылдың AQR қортындысы мен биылғы жылды банктерді қалай бастағанына үңіліп көрді.
2022 жылы ҚНРДА біздегі 10 ірі банкті тексеріп шыққан. Осы 10 банк ел бойынша ортақ активтердің 71 пайыздық үлесіне ие. Олар кімге және қанша кредит берді, капиталдары жеткілікті ме, қандай тәуекелдері бар – барлығы жіті зерттелді.
Жалпы, көштен қалып жатқан банк жоқ. Біздегі банк жүйесі өте тұрақты деуге келеді. ҚНРДА осы тестті негізге ала отырып, әр банкке қателіктерді түзеу бойынша жеке ұсыныстар жіберуде.
1 қаңтарға сай, екінші деңгейлі банктердің пруденциалды нормативтері бойынша жағдайды Ranking.kz жақсы жазған. Агенттік мәліметі бойынша, банк секторында жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k1) 18,54%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 21,70%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормалардан айтарлықтай асып түседі және банктерге ықтимал тәуекелдерді жабуға толық мүмкіндік береді.
-
Тақырыпқа орай: Қаржыгерлер дәуірі. Банктердің табысы НЕГЕ артып келеді?
Пруденциалдық нормативтерді орындамаған жалғыз Bereke Bank қана. Бірақ ол санкциядан әлі шықпағандықтан есепке алынбады. Ал ең көрсеткіші жоғары - Jusan Bank болып отыр. Бұған бір жағынан мемлекеттің ондағы таза пайданы шетелдегі акционерлеріне шығарып алуға рұқсат бермей қойғандығы себеп болды. Қазір Jusan Bank негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті (k1) 29,9%, 1-деңгейдегі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1-2) 29,9%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 47,4% көрсетті. Екінші орында Отбасы банк, үшінші орында ForteBank келеді. Үздік бестікте сондай-ақ Halyk Bank пен Home Credit Bank бар.
Жыл басында банктердің ортақ нормативтік меншікті капиталы 6 триллион теңгеге жақындап қалды. Бұл өткен жылдың басымен салыстырғанда 11,7% артық. Көрсеткіш жылдан жылға тұрақты өсіп келеді.
Бірақ, инфляцияға шаққанда, көрсеткіштің өсуі инфляцияның өсуінен артта қалып қалғанын көреміз.