Amazon Байқоңырды сатып алады. CSI шок болжамдары НЕГЕ шындыққа айналуы мүмкін?
CSI зерттеу орталығы 2022 жылға арналған топ-10 шок болжамдарын жариялады. Авторлардың өзі бұл болжамдардың орындалу мүмкіндігі 1 пайыз ғана деп санайды. Оның жаны бар, себебі, 2019, 2020, 2021 жылдарға арналған болжамдардың бірде-бірі орындалмады.
Шок болжам №1. АҚШ пен Қытайдың қақтығысы
Денсаулығына байланысты 2022 жылы Байден президенттіктен кетеді. Билік вице-президент Камала Харриске тиеді.
2024 жылы Трамп Ақ үйге оралып, Қытайға қарсы қатаң сауда санкцияларын қабылдайды. Демократиялық штаттар АҚШ құрамынан шығуға шешім қабылдайды. Оның ішінде АҚШ ішкі жалпы өнімінің 15 пайызын өндіретін Калифорния штаты да болады.
2022 жылдан бастап Америка Құрама Штаттары бірнеше жылға созылатын саяси турбуленттік кезеңге енеді және ол Қытаймен қақтығысқа әкеп соқтырады.
АҚШ вице-президенті Камала Харрис. Фото: Reuters
Шок болжам №2. Қазақстандағы көмір кеніштері жасыл энергетиканы дамытудың негізгі драйверіне айналады
Қазақстан алдағы 3 жылда ескі көмір кеніштері негізінде сутегі энергетикасы жобаларын жүзеге асырады. Ұзақ мерзімді электр энергиясының тапшылығы мәселесі шешіледі.
Фото: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
Шок болжам №3. Швед моделі коронавируспен күресте басты модельге айналады
Omicron штамынан кейін адамдар пандемиямен күресу тактикасын өзгертеді. Коронавирус маусымдық ауру ретінде қабылданатын болады. Ал 2024 жылы Sigma штаммы пайда болады.
Шок болжам №4. Алдағы екі жылда Kaspi HalykBank-ті сатып алып, активтері бойынша елдегі ең ірі банкке айналады
Шағын және орта бизнесті несиелеуге бет бұрған Kaspi депозиттік-несиелік базасы бойынша Halyk-ты қуып жетеді. Үлкен корпоративтік сегментке ену үшін Kaspi Халық Банкінің акционерлеріне банкті сатып алу туралы ұсыныс жасап, олардың келісімін алады. Осыдан кейін финтех алыбы Каспий теңізінің айналасындағы елдерге ауқымын географиялық тұрғыда кеңейіп, 2025 жылға қарай көршілес Орталық Азия мен Қапқаз елдерінде еншілес банктер ашады.
Фото: BaigeNews.kz
Шок болжам №5. 2022 жылдың көктеміне қарай Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы шарықтау шегіне жетеді
Ауғанстанның болашақ дамуына қатысты ірі елдер мен БҰҰ ұстанымының тұрақсыздығы, Талибанның елді бейбіт жолмен басқаруға қабілетсіздігі жағдайында ушығып бара жатқан гуманитарлық дағдарыс 2022 жылдың көктеміне қарай шекті деңгейге жетеді, бұл халықтың жақсы өмір жолында елден жаппай көшуіне әкеледі.
Шок болжам №6. 2023 жылы Amazon Байқоңырды сатып алады
Ғарыштық туризмді дамыту ғарыш айлақтарына деген сұраныстың өсуіне әкеледі. 2023 жылы Amazon Қазақстан үкіметіне «Байқоңыр» ғарыш айлағын инфрақұрылымды толығымен жаңарту, кадрлар дайындайтын мамандандырылған университет құру, қазақстандық кадрларды даярлау және оларды жаңа ғарыш айлағы персоналының 90%-ы үшін жабдықтау, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағын сатуды ұсынады. Осыған ұқсас ұсыныс Қытайдың ең ірі ғарыш компанияларынан да келеді.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы. Фото: gov.kz
Шок болжам №7. Қазақстан 2025 жылға қарай әлемнің крипто астанасы болады
2022 жылы Қазақстанда Астана халықаралық қаржы орталығы базасында криптовалюталар мен крипто-биржалар үшін толыққанды құқықтық және институционалдық инфрақұрылым құрылады. Бұл Қазақстанды әлемнің криптографиялық астанасына айналдырады.
Шок болжам №8. Қазақстан мен Орталық Азия құрғақшылықты бастан кешіреді
Алдағы 5 жылда қайталанатын құрғақшылық ауқымы артады. Арал теңізінің тартылуы мәселесіне Балқаш пен Каспий теңізіндегі, сондай-ақ еліміздің негізгі өзендеріндегі су деңгейінің күрт төмендеуі қосылады. Елорданың негізгі су жолы саналатын Есіл де 2025 жылы тарихтағы ең ауыр құрғақшылыққа тап болады.
Шок болжам №9. Ресей бәрінен айрылады
АҚШ-тағы саяси турбуленттілік салдарынан алғашқыда Ресей интеграциялық үдерістерді күшейтіп, ТМД құрамында қалған бұрынғы посткеңестік елдерді Ресей мен Беларусь кіретін одаққа кіруге шақырады. Дегенмен, АҚШ-тағы проблемалар әлемдік тауар нарықтарына әсер етіп, мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін төмендейді. Сол кезде, Ресей интеграциялық процестерді тоқтатып, бар күшін экономикасын құтқаруға жұмылдырады. Рубль үш есе құнсызданып, жұмыссыздық өсіп, Ресейдің ірі аймақтарындағы жағдай бақылаудан шығып кетеді.
Ресейдің болжамды ыдырау картасы. Фото: charter97.org
Шок болжам №10. Алдағы бес жылда Қытай 5-өнеркәсіптік революцияға көшеді
Қытай Айды игеріп, жыл сайынғы тіркелген патенттер саны бойынша АҚШ-тан озып, кванттық технологияларды күнделікті өмірге белсенді енгізеді. Экономикада жаңа өндірістер ойлап табады.
Шок болжамдар орындалмайтын болып көрінгендіктен, батыл жасала береді. Бірақ ғылыми-техникалық прогресстің дамуы кезінде мүмкін емес болып көрінген дүниелерді шындыққа айналдырып жатқанда, кез-келген болжамды да назарда ұстап отыру керек.