24 Қаңтар 11:25

Алматы 9-10 балдық зілзалаға қаншалықты шыдайды? – Маман пікірі

Алматы
Фото: Фото: NUR.KZ

23 қаңтардағы жер сілкінісі Алматының сейсмикалық аймақта орналасқанын еске салып, билікке тағы да бір ескерту жасады. Жер сілкінісінен кейін кейбір ғимараттарға сызат түсіп, сылақтары үгітілген. Сондықтан үйлердің, ғимараттардың сапасы халықты мазалайтыны айтпаса да, түсінікті.

Қаладағы ғимараттардың сейсмикалық тұрғыдан беріктігі жөнінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының басқарушы директоры Ералы Шоқпаров NEGE тілшісіне сұхбат берді.

Шоқпаров
Фото: ғаламтордан

– Алматы үшін қанша балдық жер сілкінісі қауіпті?

– Алматы қаласы – 9, 10 балдық аймақ. Алматы қаласында салынатын барлық жобалар 9 баллға арналып жасалады. Барлық ғимараттарға қойылатын талап бірдей. Құрылыс нормаларына сай салынған ғимараттар 9 балл жер сілкінісіне төтеп беруі тиіс.

Сейсмология институтының мәліметі бойынша, 23 қаңтарда болған жер сілкінісі 5 балл болды. Ешқандай ғимарат қирамады. Апатты жағдай болмады. Бұл біздің құрылыс нормаларының дұрыстығын көрсетеді. Басқа мемлекеттерді алып қарасақ, осындай жер сілкінісінде Түркия мен Жапонияда ғимараттар қирағанын көрдік.

Луговой кентінде 5-6 балл зілзала болған кезде бірталай ғимарат қирап қалды. Олардың дені – саманнан салынған үйлер еді.

– Ел аузында «жаңа үйлерден гөрі кеңес дәуірінде салынған үйлер зілзалаға төзімді келеді» деген сенім бар. Бұрынғы үйлер мен қазіргі үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігі мен беріктілігінде қандай айырмашылық бар? Осы уақыт аралығында қандай талаптар өзгерді?

– Кеңес одағы кезінде салынған ғимараттар сол кездегі құрылыс нормаларына жауап берген. Қазақстан егемендік алғаннан бері құрылыс нормалары өзгеріске ұшырап жатыр. Ең алғашқы норма 1998 жылы жасалынды. 2001 жылы Луговой кентіндегі жер сілкінісінен кейін, 2006 жылы, 2017 жылы, 2021 жылы өзгерістер енгізілді. Мұның бәрінде қатаңдату мәселелері қарастырылған.

Кеңес одағында салынған ғимараттар қазіргі құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Өйткені, заман бір орында тұрмайды. Технологиялар дамып жатыр. Кеңес дәуіріндегі ғимараттар көбінде кірпіштен салынатын. Ағаш қаңқалы, зауытта құйылатын қаңқалы темір-бетон конструкциялар да болды. Алматы қаласындағы төрт, бес және тоғыз қаңқалы ғимараттар зауытта құйылып, құрылыс алаңында жиналып, құрастырылатын. Қазір мұндай зауыттар жоқ. Бізде бес және тоғыз қабатты панелді ғимараттар көп. Бұл үйлер де сейсмикалық тұрғыдан берік.

Бірақ панелді ғимараттардың денінде 2000-жылдары бірінші қабаттан дүкен, дәріханалар ашып, жеке бизнес бастады. Бұдан бөлек, тұрғындар үйлерінің ішін өзгертіп, ас үйден жатын бөлмеге есік шығарған. Осындай өзгерістер көп. Алдын алатын жұмыстар күшейтілмесе, бұл жайт үйдің конструкциясын әлсіретеді.

Панель
Фото: informburo.kz

– Жаңа тұрғын үйлердің қауіпсіздігі жөнінде не айтар едіңіз?

– Ал жаңа салынып жатқан ғимараттарға келсек, Алматы қаласында салынып жатқан құрылыстардың көбі – монолитті ғимараттар. Іргетасынан бастап қабырғасына дейін арматура тоқылатын біртұтас конструкция болып есептеледі.

Алматы қаласында салынып жатқан барлық құрылыстардың сапасын біз тексермейміз. Біздің құзырымызға кірмейді. Бұл Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жауапкершілігінде. Жоба құрылыс нормалары ескере отырып салынса, ғимараттың сейсмикалық беріктігі күшті жер сілкінісіне төтеп беруі қажет.

– Сіздердің өкілеттіліктеріңіз ғылыми тұжырымдама жасаумен және кеңес берумен ғана шектелеме ме?

– Біз сейсмикалық төзімділікті тексереміз. Ғимарат салынарда жобасы жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің бәрі де мемлекеттік сараптамадан өтеді. Құрылыс салу барысында мердігер компаниялардың көптеген ақаулар жіберіп алатыны ешкімге құпия болмаса керек. Бетонның тығыздығын азайтады, арматура салмайды дегендей.

Мұндай жағдайда қадағалаушы органдар «сейсмикалық беріктігін тексеріңдер» деп жарлық береді. Содан кейін біз егжей-тегжейлі тексереміз. Бірақ кез келген құрылысқа барып, өз бетімізше тексере алмаймыз. Ондай құзырлы функциямыз жоқ.

Сейсмостойкость
Фото: ғаламтордан

– Тексерген ғимараттарыңыз жөнінде қандай қорытынды жасадыңыздар? Бірді-екілі мысал айтып бере аласыз ба?

– Кеңес одағы тұсында монолитті үйлер өте аз салынды. Біз монолитті үйлерді сілкіп көріп, зерттеу жұмыстарын жасадық. Тоғыз, он екі, жиырма екі қабатты ғимараттарды да сынақтан өткіздік. Кез келген құрылыс компаниясы өзінің беделін түсірмей, сенімді болуы үшін тексеру жұмыстарына бізге тапсырыс береді. Көп ғимараттарды тексердік. Монолитті ғимараттар сейсмикалық тұрғыдан төзімді болып келеді. Тексерген ғимараттарымыздың 90 пайызына сейсмикалық тұрғыдан берік деген қорытынды бердік.

– Бұл 9-10 баллға төтеп береді деген сөз бе?

– Бәрі ғимараттың сейсмикалық құрылыс алаңына байланысты. Алматы қаласында 9-10 балл. Сондықтан монолитті ғимараттарға 12 қабат етіп салуға рұқсат берілген. 10 балдық аймақта 4 қабатқа дейін рұқсат. Жоба бойынша, орналасқан сейсмикалық аймағына қарай, құрылыс нормаларын ескере отырып, ғимарат салынуы керек. Ол міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтеді. Құрылыс нормасынан ауытқымай салынған ғимараттар он баллға төтеп беруі тиіс.