Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді дәріптеудің қандай маңызы бар?
Бүгінгі таңда салт-дәстүрдің өзгеше көрініс тауып жатқаны әмбеге аян. Осы мәселеге байланысты талдау жасауды жөн көріп, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің мәнін түсіндіріп жүрген мамандарға шықтық.
Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали жаһандану кезеңінде қала тұрғындарының әдет-ғұрып пен салт-дәтүрді сақтамайтынын алға тартады.
Оның айтуынша, қаланың қым-қуыт тіршілігі этнографияға қайшы келеді.
«Себебі қалалық азаматтар үшін күнделікті өмір салтында салт-дәстүрдің керегі жоқ саналады. Сол себепті ол дұрыс орындала бермейді. Өткен соңғы 30 жылдың ішінде көп нәрседен қалыс қалдық. Неге десеңіз, әр қазақ бір ғұрып пен дәстүрді әр түрлі ұстанады, тіпті әр түрлі атауда атайды. Атап айтар болсақ, қазақтың жаңа жылы 14 наурызда келеді. Сол жаңа жылды кейінгілер «Амал мерекесі», «Көрісу» дейді»,– деп түсіндірді С.Ерғали.
Мәдениеттанушы қалалы жерде салт-дәстүр сақталғанымен, ғұрыптарды сақтаудың қиын екенін жеткізді. Осы ретте үлкен буынның көзі кетсе, беташардың да жайына қалатынын алға тартты. «Барлығы шоуға айналып шыға келеді» деген ол, баланы сүндетке отырғызу мен тұсау кесудің өзге формада көрініс бере бастағанына қынжылады.
«Бесіктен белі шықпаған баланы патша қылып таққа отырғызып көтеріп, ортаға әкеледі. Ал, шынтуайтында біздің халықтың дәстүрінде ондай үрдіс болған емес. Қазіргі таңда құдды бір дәстүр сияқты жасалады», – дейді.
Мәдениеттанушы қалалық жерде этнографиялық құндылықтар ермекке айналып кететінін баса айтты. «Мысалы, қалада 20-30 жыл тұрған адамға қазақтың этнографиясын сақтау маңызды емес көрінеді. Өйткені қала деген бөлек тіршілік кеңістік болса, ал ауылдағы ағайындар дәстүрсіз болмайды» деп қайырды.
Ал психология саласында қазақтың «Құт» ұғымын ұтымды пайдаланып жүрген Төреғали Батырханұлы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің адам өмірінде кеңінен орын алатынын, сондықтан оны қала-ауыл демей, тең сақтауға тырысу қажеттігін алға тартты.
«Психологияның атасы – салт-дәтүр болса, анасы –ырым-тыйымдар. Адам сол жинаған тәжірибесі арқылы тұлға болып қалыптасады. Мәселен, ежелгі уақытта ырым-тыйымдар пайда болды, ол ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындыратын. Себебі, ол кезде заң деген ұғым болмады. Одан кейін ол дәстүрмен жалғасын тапты», – дейді Т.Батырханұлы.
Сөз арасында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеуде септігі бар-жоғын сұрай кеттік.
«Паториоттық сезім адамның жеке амбициясының көрінісі. Дегенмен, баланың тұлға болып қалыптасуында «Батырлар жыры» мен «Жыраулар поэзиясының» алар орыны ерекше. Бұл бала бойында намыс, ерлік, батылдық мінез қалыптастырады. Себебі, ол мақаммен айтылатын болғандықтан, адам санасына тез сіңеді», – дейді психолог маман.
«Әдет-ғұрыптың адам өмірінде ерекше орын алғанын меңгерген ата-бабамыз құттың қасиеті мол екенін ұғынған. Мысалы, адамның құты тасыса бай болады, ал құты қашса, кедейлікте күн кешеді. Құтың қашпау үшін ағайын туыс және қоршаған ортамен жақсы байланыста болу қажет. Қазіргі адамдар қоғамдық көлікте жол сұраған адамға да жауап бермей, мұрынын шүйіріп отырады. Құтты қашырмаудың жолы – ағайынмен алыс-беріс орнату керек. Бұрынғылар «Кең болсаң, кем болмайсың» деп текке айтты дейсіз бе?! Мысалы, түскен келінді дәстүрге сай отқа шақыру, жаныңа көшіп келген тума-туысыңды ерулікке шақыру, үй салған жақыныңа асар жасасу деген сияқты көптеген дәстүрді жаңғыртуымыз керек. Бұл адамға құт дарытады. Түсіне білген адамға «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздығы кетеді» деген аталы сөздің мағынасы көп нәрсені аңғартады», – деп түйіндеді Т.Батырханұлы.